СұқбатСырласу қонағы

Ғазиза-Таңшолпан Тілеубай: Еркіндікті сүйемін

Ол көптің арасынан сұлу сырт келбетімен ғана емес, сонымен қатар, үздік ойларымен, ақылымен ерекшеленеді. Ғазиза Тілеубек Рүстем Әбдірашевтің Оскарға ұсынылған «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінде Бұрындық ханның жұбайы Қызданайдың рөлін сомдады. «Алтын тақ», «Сүйе білсеің», «Ән аға», «47 баланың анасы» сияқты отандық туындыларда ойнаған. Шымкентте туып, жергілікті техникалық коллежде білім алыпты.

111Қаралымдар

Әлеумет сіздей актрисаны сағынған секілді. Яғни, желіде жарнама мен әдемі суретін салатын әртістерге үйреніп қалған біз үшін жаңалық болдыңыз. Соңғы уақытта сіздің адресіңізге осындай ойлар жиі айтыла ма?

Иә, соңғы кездері маған мұндай ойларды жиі жазады. Ол үшін оқырмандарыма айтар алғысым шексіз. Желіде әлеуметтік проблемаларды қозғайтын танымал жұлдыздарымыз аз болғандықтан менің осы бір қырым ерекшелеп тұрған сияқты.

Биыл Шымкент қаласында жалғыз өзіңіз наразылыққа шығып, саябаққа бет алғаныңызда полиция жолдан ұстапты. Наразылыққа шығуға сізді кім, не итермеледі?

Сол күні халықтың митингке шыққалы жатқанын әлеуметтік желіден көрдім. Ең бастысы, қандай жағдай болмасын халықпен бірге болу, халықтың үнін өз парақшам арқылы жеткізу – мақсатым. Мен әрдайым елдегі мәселені желіде жазып отырамын. Бұған біреу итермеледі деп айта алмайсың, өйткені барлығы ішіңнен шығу керек деп ойлаймын. Митингке шығып тұрған халықтың үнін билік тыңдаса екен. Халықтың өзімен емес, митингке итермелеген проблемамен күресер деген үмітім бар.

Ұсталған кезіңізде бірге киноға түсіп жүрген әріптестеріңіз қолдау көрсетті ме?

Ереуілге шығам деп ұсталдым, бірақ кинодағы әріптестерім, шынымды айтсам, көбі бұл мәселеде мені түсінбейді. Біреулер жазып, қолдау көрсетті деп айта алмаймын. Өйткені ондай әріптестерім болған жоқ. Өзім де көбімен араласа бермеймін, шыны керек. Бірақ өзім мен жайында уайымдап, толқыған шығар деп ойлаймын. 21 мамыр күні Алматыда Абай көшесінің бойында Жер мәселесіне қатысты бірінші митингіме шыққан кезде бір әріптестерім мені мазақ қылған еді (күліп). Кейбіріне сондай ренішім бар.

Қоғамның жарасын қалай дәл табасыз? Қанша дегенмен, дәл қазіргі таңда өнер адамдары мен қарапайым халық арасы да алшақтап кеткендей. Олар кейде бөлек әлемде өмір сүретіндей әсер қалдырады.

Жоқ, өнер адамдары қарапайым халықтан бөлек өмір сүріп жатыр деп айтпаймын. Себебі олар да сол халықтың арасынан шыққан адамдар. Өзім қоғамда болып жатқан жағдайларды өмірден аламын. Көшеде кетіп жатқанда, автобуспен келе жатқанда адамдардың не айтып жатқанын естисің. Қандай өкпе-реніштері бар, қандай қуанышты сәттері бар, бәрін естіп отырасың. Соған байланысты олардың жарасын да көретін шығармын. Дегенмен, өнер адамдарының табыстары жақсы болып жатқаннан кейін қарапайым халықты ұмытып қала ма деп те ойлаймын.

Жалпы, қоғамның жарасын білу үшін оны зерттеудің тіпті қажеті де жоқ. Халықты түсіну үшін халық көп шоғырланатын жерге, базарға, адам көп жүретін саябақтарға бару жеткілікті. Ол жердегі адамдардың көзінен көбіне мұң көресің. Айтқандарынан несие, тұрмыстағы проблемалары, ортада болып жатқан әділетсіздік жайлы әңгімелерін өз ауыздарынан өте көп естисің. Менің зерттеуім осы ғана.

Бала Ғазиза тым өжет болғанға ұқсайды, дәл таптым ба? Әлде қателестім бе?

Бала Ғазиза бәлкім өжет те болған шығар. Бірақ, қатарластарыма қарағанда мен ешкімнің алдында ешқашан бұғып көрген емеспін. Ойымды үнемі тік жеткізетінмін. Ол үшін әке-шешемнің берген тәрбиесіне рахмет айтамын. «Ұят болады-ау, былай айтсам түсінбей қалады-ау» деген оймен ешқашан жүріп көрмеппін. Ең бастысы, жаман қылықтарым болмаса болды. Қатарластарымның қасында мен өз ойымды еркін жеткізе алатынмын. Еркін ойлап, еркін жүріп-тұратын тәрбие алдым деп ойлаймын.

Әкеңізді жиі жазасыз. Сіздің тұлға болып қалыптасуыңызға әкеңіз қаншалықты ықпал етті?

Мен ол кісіге қарап таңқаламын. Ол кісінің көп оқығандығы, көрегендігі мен үшін ашық энциклопедия сияқты болды. Бұл кісінің өз отбасына ғана емес, ең бастысы халық үшін жұмыс істейтініне таңқаламын. Мысалы, әкем 2005 жылы Андронов мәдениеті жайында көрме ұйымдастырып еді. Ол көрмеде өзінің қолынан шыққан қоладан құйылған құрал-саймандары, тұрмыстық, әшекей бұйымдары болды. Бұл заттардың барлығы қыш құмыралары сияқты Қазақстан жерінде табылған қол дәуіріндегі заттар. Әкем осы жұмыспен айналысып жатқанда мен оған: «Әке, осы жұмыс үшін саған ешкім төлемейді, ондай қатты танымалдылық та беріп жатқан жоқ. Не үшін жасап жатырсың», – десем: «Мұның барлығын халқымыз білсін, өзінің тарихымен мақтансын деп жасап отырмын», – дейтін. Осындай адамдарды біздің Қазақстанда ешқашан естіп-көрген емеспін. Әкем менің тұлға болып қалыптасуыма ең бірінші іргетеасты құйған кісі. Әлі де бұл кісіден тәлім-тәрбие алып келе жатқан адаммын. Елімізде осындай азаматтарға қолдау көбірек болса екен деп ойлаймын. Ал, негізі оның қарапайымдылығы да адамды таң қалдырады (күліп). Мысалы, біздің адамдар көбіне кішкентай бір дүние жасап шығарса, үйренсе соны, ел-жұртқа жар салады. Ал, менің әкем болса қазақ халқының талай бұйымдарын жасап, тарихына байланысты көрмелер жасап отырып ешқашан «маған назар аудар» деген емес.

Баласының болашағына алаңдамайтын ата-ана жоқ қой. Ұлыңыздың қандай мемлекетте өмір сүргенін қалайсыз?

Ұлымның, әрине, Қазақстанда өмір сүргенін қалаймын. Бірақ, оның жаңа Қазақстанда өмір сүргенін қалаймын. Құл болып өспеген, еркін азаматтардың мемлекетінде өскенін қалаймын. Біздің мемлекетімізде, оның қатарластарына жақсы жағдай жасалса екен, оларға қолдау көрсетілсе екен, олар дамыған Қазақстанда өссе екен деген ниетім бар. Әрине, одан бөлек көптеген тіл біліп, ел-жер көріп өскенін қолдаймын. Бірақ, өзінің еліне деген махаббатты бойына құйып, өз еліне қызмет етуге тәрбиелейтін боламын.