СұқбатСырласу қонағы

Айнұр Ілиясова: Ана болу – бөлек әлем

Айнұр кезінде «Шығыс сұлуы» атанып елге белгілі болса, бүгінде бір ошақтың түтінін түтетіп отырған келін. Ол өміріндегі соңғы жаңалықтарымен бізбен де бөліскен еді...

134Қаралымдар

Айнұр, сізді көпшілік түрлі сынаққа қарсы тұрып, бәріне тынымсыз еңбекпен жеткен актриса деп біледі. Сол қиындықтар бүгінде көп жетістікке жеткізді деуге болатын шығар?
Бұл – өмір. Өмір қиындықсыз болмайды. Ауыртпалықтың бәрі басында бітпейтіндей көрінеді ғой. Бірақ еңсерген соң «Мұны маған төтеп беріп, дұрыс шешімін таба білу үшін берген екен ғой» деп ойлайсың. Қиындықты жеңіп, оның нәтижесін көру, сеніп, тілеген нәрсеңе қол жеткізу – ғажап сезім. Алайда адамның барлығы қиындықтан өтіп қана жақсы ғұмыр кешуде деу­ге болмайтын шығар. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Сондықтан мен өзіме жіберілген сынақтарға ризамын, барлығын жақсы тапсыра алдым деп ойлаймын.
Алматыға алғаш келгенде мені ешкім құшақ жая қарсы алған жоқ. Талпынып, көп жұмыс істеуіме тура келді. Шын мәнінде жеңіске жету жолы айтарлықтай қиын емес. Ниетің таза болып, тынбай еңбек етсең, көздеген мақсатыңа ұмтылсаң, бәріне жетуге болады. Мен өткенге қам жемеймін. Аллаға шүкір, қазір бәрі жақсы. Өмірде не болса да игілікке бағыттап, жақсылыққа сену керек. Сонда бәрі жақсы болады.

Бүгінде келін, ана атандыңыз. Соған қарамастан, көптеген іс-шараға қатысып, ізденісте жүрсіз. Бәріне қалай үлгеріп жатырсыз?
Меніңше, ылғи ізденісте жүретін адам бір немесе одан да көп баланың анасы болса да әдетін тоқтатпайды. Қайта ана атанғаннан кейін өмірімде жаңа әлем ашылғандай. Аналық сезімді өз басымнан өткеріп, оның Құдайдың берген ғажап сыйы, әрі үлкен бақыт екеніне көзім жетті. Қызығушылықтарым артып, ана болудың бөлек әлем, жеке ғылым екенін ұқтым. Сондай толқыныс, ерекше күштің арқасында көптеген идеялар дүниеге келді.
Ал, бәріне үлгеру үшін уақытты алдын ала жоспарлай білген жөн. Барлығын ай, апта, күн бұрын жоспарлап жүрсеңіз, көп нәрсеге үлгеруге болады. Әрине, бүкілін бірден қамту мүмкін емес. Арасында кей істерді кейінге қалдыруға тура келеді.

Сол идеялардың бірегейі «БөпеFair» фестивалі болса керек? Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз?
Иә, дұрыс айтасыз. Бұл жобаны ең алғаш әріптесім екеуміз аналарға арналған қарапайым жәрмеңке ретінде ұйымдастырғанбыз. Қазір үлкен отбасылық фестивальға айналып, екі жылдан бері Қазақстанның көптеген қаласында өткізілуде. Мінеки, үшінші жылға аяқ басып, жобамыз жылдан жылға ілгерілеуде десем артық емес. Фестивальдің басты мақсаты – отбасы мүшелерінің уақытты бірге өткізуін ұйымдастыру. Мысалы, көп жерде біз балалардың анасымен ғана жүргенін көреміз. Ал мұнда балаларға, әкелер мен аналарға арналған жеке-жеке сайыстар, шеберлік-сабақтары, жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Көп ақпарат алып, жаңалықтармен танысады. Келген әрбір отбасы уақытты керемет өткізсе, біздің мақсатымыздың орындалғаны.
Фестиваль биыл да көптеген қалаларға бет бұрмақ. Әсіресе, Орал, Ақтөбе, Атырау қалаларында өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Астана, Семей, Өскемен, Тараз, Шымкентте де «БөпеFair» фестивалі ұйымдастырылады. Оған қоса, биыл отбасына қатысты форум өткізу жос­парда бар.

Жоба арқылы бүгінгі жас аналардың бойынан нендей қабілеттерді байқадыңыз?
Шындығында қазір әйелдердің барлығы шетінен бизнес-ханымдар. «Бала таптым» деп, қол қусырып отырғандар өте аз. Әрқайсысы бір істің басын бастап жүр. Бірінің бала бақшасы, бірінің дамыту орталығы бар. Қазір сол кісілермен жақын танысып, іс-шараларды бірге өткізіп, өзара көмек алмасып тұрамыз.
Ал, кейбірі «БөпеFair» фестиваліне келіп, шеберлік-сабақтарына қатысып, өздеріне жаңалық ашып, шабыттанып, ойға алған істерін іске асырып жатыр. Осы тұста бізге хабарласып, алғыс білдіріп жататындар өте көп. Әрине, мұның бәрі бізді ерекше қуантады.

Кроссфит спортымен айналысады екенсіз? Неліктен дәл осы спорт түрін таңдадыңыз?
Бұл менің ең жақсы көретін тақырыбым. Неге кроссфит? Бұл айналмалы жаттығу деп аталатын динамикалық үлкен спорт түрі. Мұнда 20, 30 не 40 минуттың ішінде арнайы салмақпен бірнеше жаттығуларды істеп үлгеру керек. Кроссфит спорт залда бәсекелесе жүріп жасалады. Сен әрдайым қозғалыста болып, басқа адамдардан қалыспауың керек. Спорт түрін таңдау мінезге де байланыс­ты деп білемін. Себебі бір сарында жасалатын жаттығулар менің табиғатыма сай емес. Спорт залда мен бар күшімді жұмсаймын. Соңында міндетті түрде созылу әрекеттерін жасау керек. Өйткені ертесіне бұлшықеттерің ауырып қалуы мүмкін. Мен спортсыз өмір сүре алмаймын. Өйткені денем шынықпаса, қиналып тұратындай болады. Дәл қазір жүктілігіме байланысты жаттығып жүрген жоқпын. Тек жүзуге барып тұрамын.

Бір бағдарламада енеңіз Дариға Тұранқұлова сіздің шаруаға «мықты» екеніңізді айтып, мерейіңізді асырған еді. Беделді кісінің келіні болу қаншылықты қиын немесе оңай?
Ел алдында жүрген ананың келіні болу мен үшін үлкен құрмет. Мен мұны мақтан тұтамын. Өмірде оңай ештеңе жоқ. Келін болу – ол да бір Құдайдың берген үлкен сыйы деп білемін. Бүгін келінсің, ертең үлкен бір әулеттің анасысың дегендей. Сондықтан мен үйдегі жинақылық, тәртіпті қатты жақсы көремін. Енемнің қосып айтқан ештеңесі жоқ, бәрі шындық.

30 жаста тұрмыс құрдыңыз. Бұл жасты қазақ кеш уақыт деп біледі. Сіздіңше қалай?
30 жаста тұрмыс құрғаным рас. Оны ерте, кеш деп ештеңе айта алмаймын. Құдайдың бұйрығы, қалауы сол болған шығар. Әр нәрсенің өз уақыты бар дейді ғой. Мүмкін мен осы кезде саналы түрде тұрмысқа шығуға дайын болған шығармын.

Бірде «Айнур Ілиясова продюсер атанды» дегенді оқып едім. Бірақ одан басқа ақпарат таппадым…
Бір кездері бауырымның жан досына продюсер ретінде емес, апайы ретінде көмектескім келді. «Кейін өздері алып кетер» деген оймен басын бастап едік. Алайда бәріне бірдей үлгере алмадым. Отбасым, фестиваль, түсірілімдер бар дегендей. Өкінішке қарай, бәрі сонымен тоқтады.

Кино саласындағы соңғы жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз?
Жаңа жылдың алдында «Жена не стена» атты киноға түстім. Барлық кинотеатрда көрсетіліп, жақында ютуб каналында жарыққа шықты. Кинодағы рөлім туралы жағымды пікірлер естіп жатырмын. Бәріне риза болдым. Жуық арада одан басқа киноларға түскен жоқпын. Телехикаяға түсуге шақыртулар келген. Бірақ қызым әлі кішкентай, оның үстіне екіншіме аяғым ауыр болғандықтан, ол ұсыныстардан бас тартуға тура келді. Алайда мұнымен өнерімді тоқтатамын деген сөз емес. Алдағы уақытта міндетті түрде жақсы-жақсы рөлдерге түсіп, көрерменді жағымды жаңалықтармен қуантамын деп сенемін.