Екеудің құпиясыЖан әлемі

Ауылда тұрғым келмейді

Өмірде барлығы біздің қиялымыздағыдай бола бермейді. Күтпеген жерден қиындыққа тап болып, басымыздан бір қара бұлт арылмай қойғандай көрінеді. Мұндай жағдайда ең бастысы – барлығына төтеп беру, өз өміріңді қолға алу. Ал, ол үшін – жаныңда қолдап, демеп жүретін жанның болғаны маңызды. Оқырман хатында қозғалған мәселе көптеген қыз-келіншектердің көкейінде болуы мүмкін. Осыған орай психолог кеңесін оқыңыздар!

2.25K (1000)Қаралымдар

Мен шетелден білім алдым. Ағылшын тілінің маманымын. Сыртта оқуда жүргенде бет күтіміне қатысты арнайы курстарды да бітіріп алғаным бар. Алғашында жұмыс іздеп әуреге түскенім жоқ. Арнайы курс ашып алдым да, ағылшын тілінен балаларға сабақ бере бастадым. Балалар ғана емес, үлкендер де сабағыма қызығушылық танытып, ұсыныс жасады. Осылайша күйеуіммен таныстым. Ол магистратураға дайындалу мақсатында менен сабақ алып жүрді. Бес уақыт намазын қаза қылмай, жұмысын да жасап жүретін жігіттің тіршілігі маған ұнады. Отбасын, балалы болдық. Әрине, мен баламен үйде отырдым. Бірақ жалғыз күйеуімнің табысы бізге жетіңкіремеді. Сол себепті ауылға кетуге мәжбүр болдық. Ата-енемнің қолында тұрдым. Ал, күйеуім қалада жұмысын жасап жатты. Бірақ бір күнінен екінші күнінің айырмашылығы жоқ ауыл өмірінен жалыға бастадым. Мұнымды байқаған енем: «Балаңды бағып берейін, зерігіп жүрсің, мектепке мұғалім болып кіріп ал»,- деді. Бірақ ауыл мектебінің өмірінен де зеріге бастадым.

Білімге талпынып тұрған бала көрмедім. Тым құрығанда жолдасым да қасымда емес. Ауылдан да, мектептен де жалыққанымды айтып едім, үлкендер жақтырмай қарады. Осылайша ауылда бір жылымды өткердім. Екінші жылы күйеуіме ауылдық әкімшіліктен жұмыс табылды. Бірақ маған сұрқай тіршілік қызықсыз болып кетті. Баламды жетектедім де, қаладан жұмыс таптым.  Күйеуім ауылдан келеді деп сенген едім. Бірақ, ол әке-шешемді тастап қалаға бармаймын деді. Бір жыл бойы баламды балабақшаға беріп, өзім жұмысыма барып жүре бердім. Ұлын іздеп әкесі келе қоймады. Менің ауыл өміріне икемі жоқ, қаланың қызы екенімді біле тұра осылай таңдау жасатып қойғанына наразымын. Оның әрекеті азаматтыққа жатпайды деп есептеймін. Өткен айда ажырасуға арыз бердім.

Еш қарсыласпастан қол қоя салды. Сонда өзінің ұлы мен жұбайының тағдыры оған ойыншық болғаны ма? Көктемде егінін егіп, әкімшіліктегі ақшаға мәз болып, әке-шешесінің қасында жүре бергісі келеді. Адам үлкен мақсаттарға қарай талпыну керек емес пе? Кинотеатры мен ойын-сауық орталығын былай қойғанда, кітапханасында бір заманауи кітабы жоқ ауылда қалай өмір сүруге болады? Тым құрығанда интернет желісі дұрыс тартса да өмір сүруге икемделуге болатын шығар. Мына ғасырда ақпараттан қол үзіп, сиыр сауғанына міз бақпай жүре беретіндердің қатарынан емес екенмін. Зеріккенде өзіңмен деңгейлес адаммен әңгімелескің келеді. Ондай да адам таба алмадым. Әлде тым тәкаппармын ба, соны түсіне алмадым.

Гүлнар Бекболсын

 

ПСИХОЛОГ: Баланы бақытынан айырмаңыз

Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Бірақ сіз оның әрбір күнін, сағатын бағалап өтуіңіз маңызды. 

Ауыл тіршілігі мен қала тіршілігі екеуі екі бөлек. Екеуінің де жақсы жақтары мен келіспейтін жақтары бар. Бірақ, соған қарамастан ауылда тіршілігін жасап, кәсібін домалтып жүрген адамдар қаншама? Сондай тіршілікпен қаладан да өз орнын таппай жүрген жігіттеріміз де жетерлік. Оны айтпаса да өзіңіз білесіз. Ақпаратты қай жерден болмасын табуға болады. Ол сылтау емес. Әр ер азамат әке-шешесін қартайған шағында бағып-қағуды парыз санайды.

Гүлнар ханым, хатыңызды оқи отырып, жеке отбасыңызға келер болсам: Сіз жолдасыңыздың өзіне емес, ең бірінші, бес уақыт намазына ғашық болдыңыз. Оның өзіндік себебі бар, оны тек өзіңіз ғана білесіз. Араларыңызда шынайы махаббат болды ма? Отбасын құрмай тұрып, алдарыңызда қандай қиыншылық боласа да дайын екендеріңізге сенімді болдыңыздар ма? Осы сұрақтарға жауап беріп көріңізші.

Отбасын құру – ол үлкен жауапкершілік. Үйлендіңіздер ме, ары қарай жақсы өмір сүруге талпыну керек. Екі ортада баланың жетім қалғаны сіз үшін де, жолдасыңыз үшін де бәрібір секілді. Екіншіден, сізге шыдамдылық жетіспеді. Әр нәрсе өз уақытында болатынын білгеніңіз абзал. Тек алға мақсат қойыңыз. Материалдық жағдайды бірінші кезекке қою және оны жолдасыңнан күнделікті талап ету –жаңа үйленген отбасылар үшін айырылысуыға себепкер болады.

Баланы бақытынан айырмаңыздар. Жүз мектеп бір әкенің тәрбиесін бере алмайтынын ұмытпаңыз. Өзге адам балаға дәл туған әкесіндей қамқор болып, қарай алмайды.

Бақытты болу – сіздердің қолдарыңыздан келеді!

Ермек НҰРЫМОВ