СұқбатСырласу қонағы

Бауыржан Ұзақ: Шәкірт болғым келсе де, өмір мені ұстаздық жолына әкеле берді…

1.45K (1000)Қаралымдар

Бауыржан Ұзақ – кәсіби асаба, ақын, сазгер әрі актер. Өнер мен мұғалімдік қызметті қатар алып жүрген жас жігіт көпшіліктің көңілін тауып, дүбірлі той өткізудегі асабаның басты міндеттерін атап өтті. 10 жылға жуық той басқарып келе жатқан Бауыржан бұл жолға қалай келгенін де бүкпесіз баяндап берді.

Бауыржан, әуелі қалың оқырманымызға өзіңіз жайлы айтып беріңізші?

Өзім қарапайым ауылдың баласымын. Алматы облысы Жаркент қаласы Қоңырөлеңнің тумасымын. Балалығымның тәтті шақтары Бөрібай би деп аталатын көрші ауылда, шал мен кемпірдің қолында өтті. Кейде тойда “Түрім жас болғанмен құлағым кәрі” деп әзілдеймін.

Бірінші сыныпқа аяқ басқанда Қоңырөлеңге, әке-шешемнің қолына қайтып бардым. 2012 жылы сол жерде мектепті тәмамдап,  Жаркент қаласындағы Гуманитарлық техникалық колледжіне түстім. Үш жыл оқып, “Қазақ тілі мен әдебиеті ” пәні мұғалімі мамандығын бітірдім. Ал 2015 жылы Алматыға ат басын бұрып, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетіне түсіп,2018 жылы маман иесі атандым. Қазір осы 6 жылдық білімімді оқушылармен бөлісіп жүрмін. Сондай-ақ, әкемнің қанымен,анамның сүтімен келген аздап асабалық, ақындық, сазгерлік қабілетім де бар. Қазіргі уақытта мамандығыммен бірге бойда бар өнерімді де ақсатып жүргенім жоқ.

Асабалықпен қай кезден бері айналысып жүрсіз? Бұл жолға қалай келдіңіз?

Асабалықпен 15 жасымнан айналысып келемін. Бұл жолға келуіме бірінші Жаратқан, екінші нағашыларым түрткі болған. Көрші ауылда Жұмағали деген ұстазым болды. Ол кісі өзі айтыскер ақын болатын, беделді асаба еді. Мені өзімен бірге ауыл арасындағы тойға алып жүрді. Асаба болып қалыптасуыма бірден бір себепкер осы кісі болатын. Бірде ол маған: «Біз үнемі ел арасында жүреміз. Қалай болса, солай киінбе, таза жүр» деген еді. Сол кезде бір тойға спорт киімімен барсам керек. Қазір бір жаққа шықсам да, үйде отырсам да мұнтаздай жүруге тырысамын. Кейде ұйқыға жатарда да үстімдегі киімнің тазалығына мән беремін. Ол кісінің ақыл-өсиеті әрдайым жадымда жүреді. Өзі 2015 жылы дүниеден озды. Қазір ерекше сағынышпен еске аламын.

Елдегі соңғы жағдайлар қызметіңізге нұқсан келтірді ме? Қалай да әсер етті ме?

Еліміздегі ғана емес, күллі әлемдегі соңғы оқиғалар халыққа біраз нұқсан келтіргені бәрімізге мәлім. Аты жаман ауру той бизнеске де біраз кері әсерін тигізді. Өнердегі бауырларымның біразын тұқыртып жіберді. Сол үшін қынжыламын. Өзім мемлекеттік қызметте жүргендіктен, карантин кезінде қаржылай қиындық көрдім деп айта алмаймын. Тек рухани құлдырау болды деуге келеді.

Мұғалімдік пен асабалық қызметті қатар алып жүру қиынға соқпай ма?

Бірде Брежнев Лениннен «бақыт деген не осы?»  деп сұраған екен. Сонда Ленин: “Жұмыстан үйге, үйден жұмысқа асықсаң, сол бақыт”, – деген екен. Сондықтан қалаған ісіңмен айналысу – нағыз бақыт. Асабалық өнерім, ұстаздық қызметім – екеуі бір формула. Олай дейтін себебім, екі салада да алдыңдағы тыңдаушыны сөзіңе ұйыта білу керек, тыңдатуың керек. Бұл үлкен өнер. Сенен алған білімді болашақта қолданса, оны біреуге бере алса, міне сенің жұмысыңның нәтижесі осы. Демек,сен қиын сыннан өттің. Сондықтан екі саланы қатар алып жүру мен үшін аса қиын емес.

Көпшіліктің көңілінен шығып, күлдіре білу үлкен өнер. Той басқарған асабаға нені білген маңызды, нені ескерген жөн?

Биыл той басқарып келе жатқаныма тура 10 жыл болыпты. Әрине, көптің көңілінен шығу, жылағанды күлдірту, күлгенді жылату өте қиын. Алайда, соған қарамай мен осы жолды таңдадым. Демек, менің қолымнан келеді. Асабаға ең бірінші қазақтың салт дәстүрін жетік білген өте маңызды. Қазақ зиялыларының естеліктерін құнды сөздерін, Абайдан бастап ақындарымыздың өлеңдерін білген  жөн деп ойлаймын. Шығармалар мен романдарды, повесттерді тауып, тауысқан артық болмайды. Сондай-ақ, әрбір асаба адалдықты ұмытпаса екен деймін.

Байқасам, ақындық өнерден кенде емес екенсіз. Бұл қасиет бойыңызға кімнен дарыды?

Иә,бойымда нағашыларымнан дарыған ақындық өнерім бары рас. Нағашы ағам ауыл-аймаққа белгілі айтыскер ақын болған. Ал атам Қытайдан елге оралған адам. Ол кісі де ақындықтан құры алақан емес еді. Қытайда жүргенде бір ауылдың болысы болған. Көзін көрген адамдардың айтуы бойынша, аузымен құс тістеген, от ауыз орақ тілді, сөйлеген сөзі жетесіне жеткізіп айтатын азулы кісі болған екен. Сонымен қатар, ақындығыма жоғарыда атап кеткен Жұмағали Қабижанұлы деген ұстазым түрткі болған еді. Ол кісінің өмірден озғанын естігенде, көңіліме алдым ба екен, содан бері өлеңді жиі жазатын болдым.

Бала күніңіздегі басты арманыңыз қандай еді? Бүгін оған қол жеткіздім деп ойлайсыз ба?

Менің бала күнгі арманым актер, әнші болу еді. Қазір де ол арманымнан бас тартқан емеспін. Алла қаласа, сол арманымды орындауға тырысып келемін. Бүгінде армандарым мақсатқа айналуда. Қазіргі уақытта сазгерлікке ден бұрдым. Жеке эстрада әншісі ретінде де жұмыс істеп жатырмын. Қазіргі уақытта жеке репертуарымда “Албан қызы” және “Өзің ғана” атты екі ән бар.

Болашаққа деген жоспарыңызбен бөліссеңіз…

Болашаққа деген жоспарым өте көп. Дегенмен алдымызда не болатыны бір Аллаға аян. Қазіргі уақытта балаларға білгенімді үйрету – басты мақсатым. Олармен жұмыс істеген өзіме ұнайды. Болашақта осы қызметім арқылы басқа армандарыма жетуді жоспарлап отырмын. Мен қанша шәкірт болғым келсе де, Алла мені ұстаздыққа әкеле береді.