Бала тәрбиесіОтбасы

Бақытты бала тәрбиелеңіз!

422Қаралымдар

Егер ата-ана бақытты бала тәрбиелегісі келсе, оған өзінің дүниені тануына және өзі біліп бір іс етуіне кедергі келтірмеуі керек. Баланы қалайша өздігінен сабақ оқып, шашқан ойыншығын жинап, тамақты қасықпен жеп, қолын салмайтын қып, болмашыға жыламай, тілазар болмай, боқтамай сөйлеуге үйретуге болады?

Ата-ананың көкейінде көбіне осындай сауалдар болады. Мұндай сұраққа жаттанды жауап айту артық. Ересек пен баланың араласуы – өте күрделі ойлау жүйеге негізделеді. Сан алуан ұстанымдар, көңіл-күй, әдеттер жинақталады. Бәрінің негізі әке-шеше баласын кім қылып өсіргісі келетіндікке тіреледі.

Баланы бақытты болуға үйретіңіз

Атақты психолог Маслоудың зерттеуінде негізінен бақытты адамдардың өмірбаяны қарастырылған. Маслоу бақытты адамдарға тән бірқатар мінез-құлықты атап өтеді. Бақытты жан – оптимист, қайырымды, мейірімді, бірен-саран адал достары бар, терең сезімге берік, қарым-қатынаста ылғи бақытты болған. Ондай адамдардың өзін бағалауы төмен де емес, шектен тыс биік те емес. Еңбекті ойын деп қарастырғандықтан, кез келген жұмысқа оңай иліккен. Сіз солай өмір сүргіңіз келе ме? Мен солай өмір сүргім келер еді.

Әр бала өмірді осылай қабылдай алатын әлеуетпен дүние есігін ашады. Баланың болмысына тек ми қатпарымен таразыланатын психофизиологиялық даму ғана берілмеген. Әр баланың өмірлік күші, шығармашыл қуаты бар. Егер адамның даму кестесін сызсақ, бастапқыда ол бірден жоғарыға бағытталады. Сосын бәсеңсиді. Тоқтауы да мүмкін. Кейде тіпті құлдилайды. Есейген адамның да өмір сызығы жоғары қарай өсуі үшін оның өмірлік күш-қуатына бала күнінен қамқор болу керек.

Еркін өсуге мүмкіндік беріңіз

Еркіндік беру – балаға дүниені тануға кедергі келтірмеу. Бала әр жерге кіріп, бірдеңені сындырып, шағып, түсіріп, құртып, үстін бүлдіріп, лайға құлап, қарға аунап алуы керек. Осының бәрі баланың өзін дамытуы. Балаға өте керек әрекеттер. Ең жаманы өмірді тану сәулесі өшіп қалуы да ықтимал екен.
Ал, егер ата-анасы баласының әлемді тануына еркіндік бермей, барлық ойыны мен ісіне араласа берсе, ол да кері әсер беріп, дамуға деген талпынысын басып тастайды. Біз балаға дәл қазір керектіні бермейміз. Яки, баладан артық нәрсені талап етеміз. Бала қарсылық білдірсе, ата-ана тағы да оның болмысындағы дамуға деген талпысына кедергі келтіргені.

Балаға қиянат жасамаңыз

Адамның қарсылығын басып тастау – зор қиянат. Жазалау – балаға қысым жасау. Ерте дамытудың сан алуан әдістемеліктері пайда болды. Кітапты ерте оқыту, мектепке ерте даярлау. Есіңізде болсын: бала мектепке дейінгі мерзімде ойнауы керек.

Мантессори қағидасы

Баланың еркіндігіне кедергі келтірмеу үшін Монтессоридің кеңестеріне құлақ асқан артық емес. Мария Монтессори: «егер бала бірдеңемен шұғылданып отырса, оған ешқашан кедергі келтірмеңіз, араласпаңыз, жасарын жасап болсын, қолындағысын жұлып алмаңыз – бауын байласа да, орындыққа мініп отырса да, өзінің жасап болғанын күтіңіз. Ақыл айтпаңыз, сынамаңыз, зекімеңіз. Баланы түзесеңіз оның бірдеңе істеуге деген ниетін өшіріп аласыз. Баланың өзінің істеуіне мүмкіндік беріңіз. Баланың ырқы мен ықтиярына, талпынысына деген зор құрмет болуы тиіс. Ата-ана сабырлы болмаса, баласының дүниетануын, өзін дамыту қабілетін жойып алады. Бала орындыққа өзі отырғысы келетін жастан бастап, «кел мен отырғызайын» дегенді естіп өседі. Ары қарай мектепте ата-анасы қадағалауға көшеді. Бала тіл алмаса, жазаланады. Ата-ананың қамқорлығында белгілі бір шек болуы тиіс. Баланың өмірін сақтауға тірелген қиын мәселе кезінде ғана тікелей араласуға тура келеді. Бала есейген сайын еркін таңдау жасауына мүмкіндік тудыру шарт».

Аударған Шынар Әбілдә