Екеудің құпиясыЖан әлемі

Болашақ қайын ініме ғашықпын…

2.44K (1000)Қаралымдар

Дастанмен танысқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Ол екеуміз бір-бірімізді Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде кездестірдік. Оны бір көргеннен қатты ұнаттым. Өзге қыздар секілді ойланып-толғануға 2-3 ай уақыт сұрамай, үшінші кездесуде-ақ бірге болуға келісімімді бердім. Сол күні жасаған таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Өмірімнің маңызды сәттерінде жанымда болып, әрдайым мені демеп жүретін жанның болғаны үшін Жаратушыға дән ризамын.Похожее изображение

Дастан отбасы туралы жиі айтатын. Сіздерге өтірік, маған шын, жүргенімізге бірнеше жыл болса да, оның отбасымен ешқашан кездеспегенмін. Олар менің барымды, мен олардың барын білдім. Шынымды айтсам, өзім ол кісілерден ұялып, кездесіп-танысуға бата алмай жүрдім. Дастанның ата-анасымен отбасын құруға бел буғанда ғана, тойдың алдында жүздесемін деп ойлайтынмын. Сөйтіп жүрген күндері аяқ-асты сүйгенім сөз салды. Әрине, мен Дастанның ұсынысын бірден қабыл алдым. Тойдың қамына кіріспестен бұрын, ол мені отбасымен таныстырмақ болып, үйіне шақырды. Ата-анасы мені бір көргеннен жылы қабылдады. Маңдайымнан сүйіп, үйлеріне кіргізді. Бір кезде төргі бөлмеден біреу шыға келіп, «Қалың қалай, жеңге? Мен Мақсатпын» деп бетімнен сүйіп, амандасты. Дастанның жалғыз інісі Мақсатпен осылай таныстық. Сол күні өзге әлемге тап болғандай ерекше сезімде болдым.

Мақсат мен білетін жаны жайсаң, ашық, ақкөңіл жандардың бірі. Екеуіміз басымыз қосылған сайын әртүрлі тақырыпта әңгіме қозғап, бір-бірімізге ақыл айтып жүретінбіз. Танысқан күннен бастап-ақ оның маған ерекше пейілмен қарайтынын сездім. «Өзімнен жасы кіші қызға «жеңге» дейтін болдым ба?» деп арасында қалжыңдап қоятын. Жанымда Дастаннан көрі Мақсаттың жиі жүретінін байқадым. Дастаннан менің жағдайымды сұрап, үнемі кездесулерге шақырып тұрады. Үшеуміз кездескен сайын арнайы мен жақсы көретін тәттілер сатып алып келетін. Әңгіме айтып отырып, көзіме бір қараса, уақыт тоқтағандай көрінеді. Көз қарасы еліктіріп әкететіні сонша, не жайында сөйлесіп отырғанымызды ұмытып қалатын болдым. Ол мені тек ағасының сүйіктісі деп қабылдамаған секілді… Ыңғайы келген кезде қолымнан ұстап қалуға тырысады. Ағасының жанында иығыма қолын қоюға да қысылмайды. Ол бұл іс-әрекеттерімен не айтпақшы болғанын білмеймін, бірақ, бар ойым соны ойлаумен болды. Дастан інісі мен сүйіктісінің бірін-бірі жатсынбай, бірден тіл табысқанына мәз болып жүре берді. Дастан екеуіміздің арамыз бұрынғыдай жақын емес. Оны сезген ол: «Кешірші сүйіктім, тойға қаражат жинаймын деп, жұмысқа беріліп кетіппін. Саған уақыт таппай кеттім», –  деп ақтала бастады. Мен бұл сөздерді естіп, өзімді оның алдында тіпті кінәлі сезіндім.Картинки по запросу свадьба

Уақыт өте Мақсаттың жанына жоламауға тырыстым. Ол мені Дастаннан жиі сұрап, іздеп тұрады екен. Ал мен кездесуден қашамын…Себебі, Мақсаттың жанында жүрсем, жүрек соғысым жиілеп, демім қысылып қала береді. Жатсам да, тұрсам да Дастанды емес, інісін ойлаймын. Оған қалай ғашық болып қалғанымды түсінбеймін. Қалай ғана мен үшін жанын беруге әзір Дастанды інісіне айырбастадым? Бұл ойымның өзі дұрыс емес екенін білемін. Жағдайды осыған дейін жеткізген өзім. Мақсатқа сезімім туралы ешқашан жақ ашпайтынымды білемін. Бірақ, бұдан кейін Дастанға қалай тұрмысқа шықпақпын? Інісімен бір шаңырақта қалай тұрамын? Бұл сұрақтардың жауабын айтар жан бар ма?

Сая, Алматы қаласы