ДенсаулықСаулық үшін

Глютен. Пайдалы ма, зиян ба?

962Қаралымдар

Глютен – артық салмақтың негізгі көзі. Сондықтан болса керек соңғы кездері құрамында глютені жоқ өнімдерді тұтыну сәнге айналды. Диетологтар мен нутрициологтар жаппай глютенді тағамдардан бас тартуға шақыруда. Қазір тіпті «глютенді энтеропатия» деген түрпідей сөз тіркесі де пайда болады. Осы орайда глютен деген не және оның пайдасы мен зияны туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Глютен дегеніміз не?

Глютен – бұл бидай, қара бидай, арпа секілді дәнді дақылдарда кездесетін ерекше ақуыз. Құрамында глютені бар сорпа – тойымды, ал йогурт – дәмді болып келеді. Шоколад суфлесі, тоқаштар мен бәліштердің дәмі осы глютеннің арқасында тіл үйіреді. Сондай-ақ, оның көмегімен қамыр «қолға жабыспақ» болып келеді. Айта кету керек, глютен консервант ретінде де жиі қолданылады.

Глютен зиян ба?

Шынында да, кейбір адамдар үшін глютен улы болып келеді. Глютенге аллергияның болуы – целиакия деп аталады. Ішекке әсер ететін бұл аутоиммунды ауру созылмалы диарея, анемия, қант диабеті, салмақтың жетіспеушілігі, күштің жоғалуы және созылмалы депрессияға әкеп соғуы мүмкін. Целиакияның емі жоқ.

Аталған аурумен ауыратын адамдар тек глютеннен бас тартып қана өмір сүре алады.  Десе де, өте аз адам глютенге төзімсіз болып келеді. Ал, целиакия ауруы қоғам арасында тіпті сирек кездеседі. Егер сіз бірнеше тәрелке кеспе ішіп алып, асқазаныңызда жайсыздықты сезінсеңіз, бірден жаман ойлауға асықпаңыз. Мүмкін сізге дұрыс тамақтанып, артығымен тамақ ішуді тоқтату керек болар?!

Құрамында глютені бар тағамдарды тұтынуды шектеу арқылы сіз ас қорытуды жақсарта аласыз, сонымен бірге, теріңіздің түсі де жақсара бастайды.  Кейбір диетологтар глютенді артық салмақтың негізгі көзі деп атайды. Мамандардың пікірінше, одан толығымен бас тартқан жағдайда артық салмақ та кетеді.

Алайда, артық салмақ пен глютеннің байланысы ғылыми түрде дәлелденген жоқ. Оның үстіне глютен тағамға икемділік беретіндіктен, оның орнын қосымша маймен толтыру керек болады. Сондықтан глютенсіз тағамдар құнарлы болып келеді. Мәселен, қарақұмық печеньесінің құрамында глютен жоқ, дейтұрғанмен оны кәдімгі печеньенің дәміне келтіру үшін құрамына көбірек қант қосылады. Сондықтан глютенсіз диета артық салмақтан арылтады деу – қате пікір.

Глютен мына өнімдердің құрамында бар:

Бидай, жарма, қара бидай, арпа (және олардан жасалған барлық өнімдер);

Шұжық, кетчуп, тұздықтар мен майонез;

Бульон текшелері;

Шаян таяқшалары;

Карамель, шоколад, тәттілер және барлық кондитерлік өнімдер;

Соя тұздығы;

Қытырлақ нан;

Балмұздақ, йогурт, ірімшік сүзбе, құрғақ және қоюланған сүт, кілегей, маргарин;

Құрамында глютені жоқ өнімдер: 

Жемістер мен көкөністер;

Жұмыртқа;

Күріш, жүгері, қарақұмық, тары, киноа, амарант, тапиока, маниава;

Барлық бұршақ тұқымдастар;

Тәтті картоп, картоп;

Жаңғақтар;

Табиғи балық, теңіз өнімдері, ет.

Міне, енді сіз глютеннің ғана емес, құрамында глютені бар тағамдар тізімімен де танысып шықтыңыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, алашапқын болып глютенді өнімдерден бірден бас тарудың да қажеті шамалы. Тек тұтынған тағамдарыңыздың құрамына көз жүгіртіп, глютенді ақуызы бар өнімдерді көп пайдаланбасаңыз болғаны. Есте сақтаңыз, теңгерімді тамақтану барлық кеселден сақтайды.