СұқбатСыр-сұқбат

Гүлжан Қалжанова: «Қызығушылығымды кәсібіме айналдырдым»

114Қаралымдар

Гүлжан – қазақтың қыз-келіншектеріне артық салмақ тастауды үйретіп, дұрыс тамақтану мәселесін белсенді қозғап жүрген білікті маман, диетолог. Авторлық марафондарының арқасында біраз жанның өмірін өзгерткен ол бүгінде өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.

 «Ата-анамыз бала күнімізден бізге қате қағидаларды бойымызға сіңірген. Мәселен, «жаманнан жарты ас қалады», «обал болады» деп шектен тыс тамақтандыруға бейім еді. Қазіргі таңда да осы құбылысты жиі байқаймыз»,  – дейді кейіпкеріміз.

С: Гүлжан ханым, диетология саласына ден қоюыңызға не себеп болды?

Г.Қ: Диетологиямен айналысуыма екі інім себепкер болды. Кішкентай кезінде олардан майлы тағам жеп, дұрыс тамақтанбаудың салдарынан асқазан жарасы анықталды. Тіпті, дәрігерлер көмектесуге қауқарсыз екенін сөз етті. Сол сәттен бастап «ақ халаттылардың көмегіне болашақта жүгінбеу үшін не істеуге болады?» деген сауал мені мазалай берді. Сөйтіп, алтыншы-жетінші сыныпта тамақтану мәселесіне ерекше қызыға бастадым. Диетологияға мені өмірімдегі осы жайт әкелді деп ойлаймын.

Сондай-ақ, колледжде оқыған жылдары жақын құрбым болды. Ол үнемі артық салмақпен күресіп, сырт келбетіне бола уайымдап жүретін. Ол уақытта тамақтану мәселесіне қатысты біраз нәрсені біліп қалғандықтан, оған тәжірибе жасап көрейін дедім. Арнайы ас мәзірін жасап, оның салмағын қадағалайтын болдым. Осылайша, диетологияға бір табан жақындадым. Сөйтіп, бір жыл бұрын білікті мамандардан сабақ алып, қызығушылығымды кәсібіме айналдырдым.

С: Білуімше, жиі түрлі марафондар өткізіп тұрасыз. Марафонда нені үйретесіз? Сіздің әдістеріңіздің қандай ерекшелігі бар?

Г.Қ: Менің басты мақсатым – қыз-келіншектерге көмектесу, үй жағдайында дұрыс тамақтануды үйрету. Шынтуайтында, Қазақстанда тамақтану мәдениеті жоқ. Бала күнімізден ата-анамыз бізге қате қағидаларды бойымызға сіңірген. Мәселен, «жаманнан жарты ас қалады», «обал болады» деп шектен тыс тамақтандыруға бейім еді. Қазіргі таңда да осы құбылысты жиі байқаймыз.

Менің марафондарыма қатысқан қыз-келіншектер үй жағдайында жаттығу жасап, психологиялық кеңес алады. Сондай-ақ, осындай марафондар адамның бойында тәртіп пен тиянақтылықты жетілдіреді. Марафонда тек салмақ тастауды ғана емес, бұлшық ет массасын жинауды да үйретеміз.

Мен марафонға қатысушыларға ағзаға пайдалы дүниенің бәрін табиғи өнімдерден алуға кеңес беремін. Өз басым белсенді қоспалар мен арықтататын дәрілерге қарсымын. Дұрыс тамақтанусыз олар сізге көмектесе алмайды.

С: Қатысушыларыңыздың нәтижелері көңіліңізден шыға ма?

Г.Қ: Иә, көңілімнен шығады. Мәселен мен өткізетін марафонға 60-65 жастағы үлкен кісілер қатысып, бірнеше айда елу келі тастайды. Ал бұл жастағы адамдар үшін арықтау әрдайым қиынға соғады. Дәл осындай нәтижеге Түркістандық қатысушым бес айда қол жеткізді. Маған көмек сұрап келгенде салмағы 100 келіден артық болған. Қазіргі мақсаты елу келі болу.

С: Неліктен кейбір нәзікжандылар дұрыс тамақтанса да арықтай алмайды, ал кейбір арулар майлы тағамдарды жеп, зиянды әдеттерге әуес болса да толмайды?

Г.Қ: Әр адамның ағзасы әртүрлі. Мәселен, екі адамның мүсіні мен салмағы бірдей болып көрінгенімен біреуіне арықтауға көмектескен диета екіншісіне көмектеспеуі мүмкін. Ол матаболизм, зат алмасу секілді процестерге, гормондарға байланысты болады. Арықтау мақсатында ғаламтордағы қолжетімді ақпараттың біреуін оқи салып, сол әдісті қолдануға асықпаған жөн. Әуелі сараптамадан толықтай өтіп, диетолог маманның көмегімен салмақ тастаған жөн.

С: Дұрыс тамақтануды ойға алған адам ең бірінші неден бастауы керек? Дұрыс арықтау үшін нені ескеру керек?

Г.Қ: Әуелі, денсаулығында ақау бар ма, соны анықтау керек. Мәселен, 30 жастан асқан, салмағы 100 келі адам ең алдымен сараптамадан өтіп, денсаулығын тексеруі қажет. Содан кейін маманға жүгінген абзал. Әр адамның өмір сүру салты, қызметі, тамақтану үрдісі әртүрлі. Мысалы, біз соның барлығын ескеріп, арықтауды қолға алған адамға салмағына байланысты арнайы мәзір құрастырамыз. Әр адаммен жеке жұмыс істейміз.

С: Салмақ тастағысы келетін адаммен жұмыс істеген оңай ма, әлде бұлшық ет жинағысы келетіндермен бе?

Г.Қ: Салмақ тастағысы келетін адаммен жұмыс істеу оңай. Себебі салмақ тастау процесінің өзі аса қиын емес. Қазіргі таңда марафондардың санында шек жоқ. Нарықта оларды саусақпен санап шыға алмайсыз. Алайда бәрі бірдей пайдалы бола бермеуі мүмкін. Мәселен, маған келетін нәзікжандылардың басым бөлігі бұған дейін түрлі марафондарға қатысып, опық жеген. Тістері, шаштары түсіп, етекір кезеңі тоқтап қалған. Яғни, біліктілігі аз адамдардан кеңес алып, денсаулығына нұқсан келтіріп алған.

С: Жуырда телевизиялық жобаға қатысыпсыз…Сол туралы толығырақ айтып беріңізші?

Г.Қ: Иә, жуырда отандық телеарналардың бірінен бағдарлама жүргізу туралы ұсыныс келіп түсті. Жоба диетология саласына арналған. Кәсібімнің арқасында өзімді жүргізуші ретінде сынап көрдім. Алғашқы бастамам жаман емес секілді. Продюссерлердің көңілінен шықтым. Өзім де теңдессіз тәжірибе алдым деп ойлаймын.

С: Болашаққа деген жоспарыңыз қандай?

Г.Қ: Қазір бірнеше жоба бойынша жұмыс істеп жатырмын. Алда жоспарлар көп. Дұрыс тамақтану бойынша ұялы телефон қосымшасын құрастыру үстіндеміз. Оны болашақта біле жатарсыздар.