СұқбатСыр-сұқбат

Гүлзат КӨБЕК: Ойлы фильмдер –теңдессіз терапия

Қазақ киносы күннен күнге белгілі бір белестерді бағындыруда. Оған майталман мамандарымыздың әсері де жоқ емес. Бүгінде Қазақстанда кино саласы туралы әңгіме өрби қалса, Гүлзат Көбектің аты аталмай қоймайды. Себебі ол көпке белгілі кинотанушы, Өнертану PhD докторы, «Тұран» университетінің профессоры. 

823Қаралымдар

 

Кинотану» мамандығын алу бар да, фильмнің ішкі сырын ақтара алатын киносыншы атану бар. Сұхбат барысында бас кейіпкеріміздің қазақ киносының дамуына өз үлесін қосудан еш аянбайтын, нағыз өз ісінің шебері екені байқалады.


 Озық ойлы, өткір сөзді мамансыз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді. Киносыншы мамандығына баулыған өнердегі ұстаздарыңыздан үйренген басты қағидалар қандай?

ГК: Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында өнердің мықты майталмандарының үлкен мектебінен өткенімді мақтан тұтамын. Әрқайсысының орны мен үшін ерекше. Кинотану мамандығындағы ұстазым – Бауыржан Нөгербек. Қазақстанда кинотану мамандығының негізін қалап, алғаш рет оқу жүйесін жолға қоя білді. Бауыржан ағайымның топтың ішінде маған деген сенімі қашан да ерекше болды. Камал Смаилов дипломдық зерттеу жұмысымда ғылыми кеңесші және ресми пікір білдіруші болды. Ал, Әшірбек Сығайдың алдынан дәріс тыңдау – сыншы үшін үлкен мәртебе. Әшірбек ағай «Бауыржан Нөгербектің осы қара қызы менің театртану шеберханамда оқығанда ғой» деп, үнемі ерекше ықыласын білдіретін. Әкім Тарази ағайым ғылым саласында мансабымды жүйелі түрде жолға қоюыма кеңесін беріп, таңдау жасауыма ықпал етті.
Өнер жолында осы ұстаздарымның әрқайсысынан мамандыққа деген адалдықты сақтау, сыншылықта басты міндет – жанталасып мін іздеу емес, мүмкіндігінше жақсылықты көре білу, дұрыс бағыт беру, әділ бағалау, жауапкершілік көтере білуді үйрендім. Ұстанымы мықты, шебер ұстаздардың мектебінен өткен өзімді бүгінгі таңда осал маман болуға хақым жоқ деп есептеймін.

 Киносыншы ретінде фильмге пікір айту үшін өмірлік тәжірибе де жеткілікті болуы керек шығар. Киноның өзі тұнып тұрған өмір философиясы ғой.

ГК: Әрине, дүниетанымыңның аясы ауқымды болуы маңызды. Сауаттылық көп нәрсе шешеді. Ізденіс – жолыңды ашатын жалғыз күш. Білімсіз – жетістікке жету мүмкін емес. Талғамның жоғары болуы шарт. Абыройлы болуың – адами ұстанымдарыңа байланысты.
Әртүрлі тақырыптағы кино туындыларға салмақты пікір білдіру үшін өмірлік тәжірибе мен білімнің жеткілікті болуы маңызды. Талдау барысында жан-жақтылығыңның қарымы, өреңнің деңгейі көрініп тұрады. Тәжірибе жинау үшін жас мөлшері маңызды емес деп есептеймін. Мәселе қанша жыл өмір сүргеніңде емес, өмірде көргеніңнен сапалы ой түйгеніңде. Өмір – түсінген адамға ең ұлы мектеп. Сынақтар – ең шебер ұстаз.


 Киносыншы болудың жауапкершілігі қандай?

ГК: Сынды айту да, қабылдау да оңай емес. Орынды сын айту үшін – көрегендік, дұрыс қабылдау үшін – кемелдік керек. Кез келген адам көреген сыншы бола алмайды. Сыншы мамандығының табиғатына болмысың жақын болмаса, бәрі бекер. Өресі өз бойындағы адами ұстанымдарын ретке келтіре алмаған маман бұл жауапкершілікті көтере алмайды. Аузы адуынды сыншылардың аз болуының бір себебі де осында.
Сын – көшті жылжытуға оң ықпал жасаудың қаруы. Оның қауқарын рухани тұрғыдан арға тиетін ақыл айтып, орынсыз қорлаудың қаруы ретінде қолданбау маңызды. Бұл қағиданы сыншылықпен айналысатын әр кәсіби маман жадында ұстауы керек.

 Фильмдердің көрермен дүниетанымының қалыптасуына ықпалы бар. Кино өнерінің басты миссиясы неде деп ойлайсыз?

ГК: Талғамның қалыптасуына таңдап көрген фильмдердің ықпалы зор. Алтын уақытты құны жоғары туындыларды сұрыптап көруге жұмсаған тиімді. Ғажайып фильмдер – рухани азық. Ой салатын фильмдер – теңдессіз терапия.
Тақырыптың алуандылығына қарай мазмұнды фильмдер ой-өрісіңнің кеңеюіне әсер етеді. Үлгі болар кейіпкерлердің өмірі бағыт береді. Фильмдегі кей оқиғалар өз өміріңде батылың жетпей жүрген маңызды шешімді қабылдауыңа да ықпал етеді. Ең бастысы, көркемдік деңгейі жоғары фильмдер рухыңды жігерлендіреді. Өнер туындысы көрерменнің өмір сүру құштарлығының артуына, өз болмысы жайында ойлануына оң ықпалы болса, онда оның басты миссиясының орындалғаны.

 Қаламыңыздың қауқарын қандай тақырыпты зерттеуге жұмсағыңыз келеді?

ГК: Жазу өнерінде өзіндік қолтаңбаңның қалыптасуы маңызды. Бұл тұлғалық келбетіңді айқындайды. Кемелдіктің белгілі бір деңгейін алғанда шығармашылықта өзіңе нақты не қажет екенін жақсы білесің. Зерттейтін тақырыптарыңды да табиғатыңа қарай оңай нақтылайсың. Қазақ киносында Шәкен Айманов пен Серік Апрымовтың шығармашылығын зерттеп, салмақты еңбек ұсынатыныма сенімдімін. Оскар алған үздік фильмдерді жүйелі түрде талдап жазып, кинотанушы ретінде әлемдік кинематографтың дамуына өз үлесімді қосу да мақсатты жоспарымда бар.

 «Тұран жұлдыздары» студенттік кинофестивалінде «Киносыншы таңдауы» номинациясы бойынша өз атыңыздан арнайы сыйақы тағайындадыңыз. Киносыншы мамандардың ішінен батыл қадам жасау – қаржылық қолдауға қауқарлығыңыз ба, әлде рухани қамқорлық көрсетуге деген көшбасшылық мінезіңіз бе?  

ГК: Маман ретінде өз саламдағы мәселелерді батыл шеше білу – іскерлік шеберлігімнің көрсеткіші бола алады. Ұстаз ретінде өнердегі ізбасарларым мен шәкірттерімді қамқорлығымда ұстау, қолдау білдіру оларға үлгі.
Қазақстанда кинотану саласының нарық талаптарына сай дамығанын қалаймын. Кинотану мамандығын 4 жыл оқыған түлектердің қаламы өз саласының сұранысына сай қызмет етуі керек. Олар мамандықтың жауапкершілігін көтерумен қатар, қаламымен табыс таба білсе деймін. Қазақ киносының тарихын, режиссерлардың шығармашылық портреттерін зерттеп жазу жүйесі сауатты түрде жолға қойылуы тиіс. Біздің мамандықта жұмыспен қамту мәселесі түбегейлі шешімін таппаған.
Алғаш рет сыйақыны «Тұран жұлдыздары» студенттік кинофестивалінде «Тұран» университеті, «Кино және телевизия академиясы» факультетіндегі «Режиссура» мен «Операторлық өнер» мамандығында оқитын шәкірттерімізді қолдау мен жігерлендіру мақсатында тағайындадық. Келешекте осы арнайы сыйақыны талантты, қаламы қауқарлы жастарды қолдау мақсатында ең үздік киносыншы мамандарына тұрақты түрде тағайындауды жолға қойсам деймін.

 Қазақстанның кино саласының бүгінгі даму бағытына қандай баға бересіз?

ГК: Талантты режиссерлар бар. Отансүйгіш, белсенді мамандардың көп болғанын қалаймын. Ой салатын, терең мағыналы, көркемдік сапасы халықаралық деңгейдегі кинофестивальдерде мойындалған фильмдеріміз бар. Қазақстандық киноөндірісінің әлемдік прокатта белсенді болып, үлкен белестерді бағындыруын тілеймін. Әр саланың дамуы өз мамандарына ғана байланысты. Кәсіби біліктілік көп түйінді шешеді. Жас мамандардың шеберліктерін шыңдағаны маңызды. Киноөндірісі дамыған озық мемлекеттердің тәжірибесін мүмкіндігінше игерудің тиімді жақтары көп.
Кино саласының басты қаруы – идеология. Мемлекеттің мүддесі мен оның алдындағы жауапкершілік басты назарда болғаны абзал. Рухани әлемнің жауапкершілігі өнердегі шығармашылық тұлғалардың қолында.
Қазақстанда кино нарығы қарқынды дамуда. Кино өнеріне деген құштарлығы зор әуесқой режиссерлардың да қатары көбеюде. Деректі және ғылыми-танымдық, анимациялық кино бағытын әлі де қарқынды дамытуды дұрыс жолға қойсақ, ұтарымыз көп болады. Соңғы жылдардағы коммерциялық кино, авторлық кино бағытындағы жетістіктер қуантады.