Ақ босағаСұқбатСырласу қонағы

 Гүлшат Байжан: «Интерьерге даралық қажет»

Гүлшат Байжан –  бірнеше жылдан бері интерьер дизайнымен айналысып келе жатқан, өзіндік ерекше көзқарасы бар кретивті маман. Оның жұмыстары көпшіліктің таңдайын қақтырары анық. Ол қазіргі таңда еліміздің бас қаласы Астанада жеке кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер.

824Қаралымдар

 

Елімізде интерьер дизайнеріне сұраныс артуда

Интерьер дизайнер мамандығы бүгінгі таңда ерекше сұранысқа ие. Олардың саны күннен күнге өсіп келеді. Дегенмен, қазір интерьер дизайнерін жалдап, ешкімді таңқалдыра алмайсыз. Мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын менің қызметіме жоғарығы санаттағы адамдар ғана жүгінсе, бүгінде бұған көптің қолы жетімді. Өйткені, нарықта дизайнерлер сан алуан, бағалары да әртүрлі. Яғни, тұтынушы өзінің қалтасына қарай интерьер маманын жалдай алады. Енді ғана бір бөлмелі пәтерге қол жеткізген адамның арзан бағадағы дизайнерді жалдауға қауқары жетеді. Бірақ бұдан шығатын нәтиже де әртүрлі болмақ. Біреулер үшін дизайнер – тың идеяның, жаңа бастаманың көзі, ал екіншілер, оған бөлменің түсін таңдау үшін ғана жүгінуі мүмкін.

Стильге ерекше мән беру керек

Интерьерде металл, шыны, айна және ағашпен жұмыс істегенді ұнатамын. Десе де, елімізде металлмен жұмыс жасайтындар дизайнерлер өте аз. Менің ойымша, табиғи және инновациялық материалдардың үйлесімділігі ерекше сәнді көрінеді. Сонымен қатар, заманауи контемпорари стилі жаныма жақын. Жеке өз басым интерьерде минимализмді ұнатамын.

Адамдарды бірден түсінемін

Маған өзіне нақты не керек екенін білетін адамдармен жұмыс істеген ұнайды. Мәселен, тұтынушы келіп: «Бізге өзгеше бір дизайнды ойлап табыңызшы, басқалардан ерекшеленгіміз келеді, пәленше деген бағытты ұнаттық»,- деп тапсырыс беруі мүмкін. Мұндайда мен тапсырыс берушінің қалауын қанағаттандыра отырып, өзімнің қиялыма қарай жұмыс істеймін. Бұл салаға келгеніме біраз жыл болды. Сондықтан, тұтынушының тілегін ескере келе, оған лайықты дүниені ойлап таба алатын деңгейге жеттім деп есептеймін. Интерьер дизайнерінің міндеті тек бөлмеге әсемдік беру ғана емес, адамдардың өмір сүруі үшін қолайлы жағдай туғызу. Мысалы, жуынатын бөлмеге кіргенде еден автоматты түрде жылынса, ваннаға бүріккіштен эфир майлары құйылып жатса, осы тұста интерьер дизайнердің еңбегі көрінеді. Өзім барлығына тиянақтылықпен қараймын. Мен жұмыс істеп жүрген адамдар өзіне не керек екенін нақты білетін жандар.

Тегін жұмыс істеуге бармын

Қазіргі таңда оқуды жаңа тәмамдаған дизайнерлер жақсы жұмысқа тұрып, бірден көп ақша тапқысы келеді. Нәтижесінде тапсырыс берушінің шамына тиіп, оны біраз шығынға батыруы мүмкін. Өз басым осы салада 4 жыл жұмыс істеп, тек қағаз жүзінде қателескен болармын. Басында көрсеткен қызметтерім үшін ақша алмай, тіпті, тегін жұмыс істедім. Бірнеше жұмысты қатар алып жүріп, уақыт өте мамандығымды меңгергенімді түсіндім. Артынша Елордадан дизайн-бюромды ашып, саламды дөңгелете бастадым. Қазіргі күннің өзінде тапсырыс беруші, не оның идеясы мені қызықтыра қойса, тегін жұмыс істеуге бармын.

Отандық өнім өндіреміз

Серіктесіммен бірігіп, жеке салон ашқанымызға биыл бір жыл толады. Бұл жерде біз түрлі корпустық жиһаздарды өндіреміз. Сонымен қатар, латунь материалын қолдана отырып, көз тартарлық аксессуарлар мен жиһаздар дайындаймыз. Салон толығымен итальяндық техникамен жабдықталған. Оған қоса осы жерден жоғарғы сапалы паркет, ламинат және жұмсақ қабырға тақташаларын сатып алуларыңызға болады.

Интерьер дизайнерлігі – кәсібім емес

Мен үшін ең бастысы­­ – тапсырыс берушінің үмітін ақтау. Кей адамдар маған қуыстай, қараңғы бөлмені қалдырып, осыны жандандырсаңыз деп, көмек сұрап келеді. Өз басым кез келген жерді құлпыртып жіберуге болады деп ойлаймын және жұмыс барысында оны дәлелдеймін. Тапсырыс беруші кереметтей әсем бөлмеге кіріп, нәтижесін көргенде айналасына ерекше тамсана қарайды. Дәл осы сәт – менің еңбегімнің жемісі деп білемін. Маған мұқтаж болып келген адамдардың көбімен бүгінде жақсы доспыз. Ара-тұра кездесіп, әңгімелесіп тұрамыз. Интерьер дизайнерлікке табыс көзі ретінде қарай алмаймын. Салон – менің жеке кәсібім шығар, бірақ, дизайнерлік – біріншіден, сүйікті ісім. Мен үшін тың идея мен шығармашылық маңызды. Жаңа нысанмен жұмыс істегенде басыма түрлі идеялар келіп, сол сәттен ерекше шабыт аламын.

Болашаққа жоспарым көп

Осыған дейін қарапайым пәтерлерден бастап, кереметтей кеңселердің, мейрамханалардың интерьерімен айналыстым. Бүгінгі таңда жеке туындымды жарыққа шығаруға дайындалып жүрмін. Келер жылы өзімнің авторлық жиһазымның тұсауын кесу жоспарда бар. Бұл мақсатым іске асқан кезде міндетті түрде құлағдар боласыздар.

Тәуекел етуден қорықпаңыз

«Сырласу» журналының оқырмандарына жаңашылдықтан, үнемі тәжірибе жасаудан қорықпаңыздар дегім келеді. Үй немесе кеңсеңізді жандандырғыңыз келсе, даралыққа мән беріңіз. Өкінішке қарай, Қазақстандағы интерьер дизайнерлерінің біразында өзгешелік жоқ. Біз әлі күнге дейін авторлық арт-нысандарды, өте қымбат, бағалы картиналарды сатып алуға дайын емеспіз. Көпке топырақ шашпаймын, дегенмен, көптеген дизайнерлердің жұмысын қарасаңыздар, бір-бірінен аумайды. Әр интерьер дизайнерінің өз қолтаңбасы болуы тиіс деп есептеймін. Сондықтан, тәуекел етіңіздер.