СұқбатСыр-сұқбат

Дилара Гумерова: Менің шоколадты әлемім

Дилара ханым 100% таза шоколад өндіретін «Exclusive Organic Food» компаниясының негізін қалаушы. Оған қоса дұрыс тамақтану жағын зерделейтін нутрициолог маманы. Ол әртүрлі шоколад өнімдерін дүниеге әкелуден ләззат алатын өз ісінің шебері.

109Қаралымдар

Бұл сұхбаттан «жетістікке жетем десең, сүйікті ісіңді таңда» деген қағиданың рас екеніне тағы да көз жеткізуге болады.

Дилара, әңгімемізді «Exclusive Organic Food» компаниясының дүниеге келуінен бастасақ…
ДГ: Бұл компания 2018 жылы ғана құрылды. Мен бренд, рецептер туралы түрлі идея­ларды ұзақ уақыт бойы ойымда саралап жүрдім. Бірде өнімдерімді жақсы білетін құрбым: «Ештеңе білмеймін, сенің тәтті шоколадтарың ертең сатылымда болатын болсын…» – деп, күтпеген жерден ерік-жігерімді қайрап жіберді. Содан кейін өзім де шабыттанып, бір түннің ішінде іске кірістім де кеттім.

Сіздердегі 100% қара шоколадтың басқа табиғи шоколадтардың ерекшелігі неде?
ДГ: Шоколадты біз өзіміз дайындаймыз, бүкіл процессті өзім жеке қадағалаймын. Оған тек табиғи өнімдер қолданылып, ешбір қоспа, бояғыш, дәмдеуіш, хош иістендіргіш, тұрақтандырғыштар мен консерванттар қосылмайды. Кейбір өнімдерге төзбейтін адамдар үшін құрамында қант, бал мен сүт те жоқ. Ішіндегі салмасы химиялық заттармен өңделмеген, ең үздік құрғақ жемістерден тұрады. Сондай-ақ, біз жаңғақтарды ерекше әдіспен өңдейміз. Жаңғақтар пайдалы болғанымен, құрамында зиянды заттар да бар. Оның ішіндегі фитин қышқылы ағзадағы кальций, магний, темір және мырыш секілді минералдармен оңай байланысқа түсіп, олардың сіңуіне жол бермейді. Сондықтан фитин қышқылынан арылту үшін жаңғақтарды кем дегенде 12 сағат бойы суға салып қою керек. Ал, біз сапасын жақсарту мақсатында суын үнемі ауыстырып, жаңғақтарды 48 сағатқа дейін қойып қоямыз. Сосын барлық дәрумендері мен қоректік заттары сақталуы үшін жаңғақтарды 41°С температурада 48 сағат кептіреміз. Яғни, пайдалы жаңғаққа қол жеткізу үшін бірнеше күн жұмсаймыз. Сапалы өнімге осылай қол жеткізу техникалары бізді басқалардан ерекшелеп тұрады.

Қытырлақ нан да даярлайды екенсіздер…
ДГ: Ия, біз зығыр дәнінен нан пісіреміз. Олардың құрамында глютен ақуызы, қант, сүт және басқа жасанды қоспалар жоқ. Бұл күнделікті өмірде қолдануға болатын нанның ең үздік үлгісі. Мұндай нандар адамның жасын ұзартатынын сеніммен айта аламын.
Зығыр дәні – тек пайдалы құрамға толы, ол ағзадағы токсиндерді шығарып, асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартады және қандағы қант деңгейін төмендетеді. Гормонды жүйеге жағымды әсер етіп, денені көптеген дәрумендер мен минералдарға қанықтырады. Бізде мүкжидектен жасалатын тәтті нандар, құрамында балдыркөк, қара өрік, сәбіз және басқа да қоспалары бар бородино нанына ұқсас түрлері де шығарылады. Олардың ерекшелігі – пайдалы қасиеттерін сақтауға мүмкіндік беретін төмен температурада кептіріледі.

Шоколадты дайындауда қандай техникалар қолданылады? Идеяны қайдан аласыз?
ДГ: Сіз сенбейтін шығарсыз. Бірақ мен шоколад жасау үшін ешқандай рецепт оқымаймын. Барлығын тәжірибемді жетілдіре отырып, өзім жасай беремін. Бәрі шоколадты қайнату әдісіне және ішіндегі салмасына байланысты. Ал, идеялар маған барлық жерде, тіпті кейде түсімде де келеді. Бұл процесстен және оның нәтижесінен үлкен ләззат аламын. Шоколад жасамай тұра алмаймын.

Нью Йорк тамақтану институтын тәмамдапсыз?..
ДГ: Иә, негізгі мамандығым нутрициолог. Нутрициолог – жаңа дамып келе жатқан, дұрыс тамақтануға қатысты мамандық. Мен бүгінде тамақтану саласы бойынша барлық жұмыспен кәсіби түрде айналысамын. Семинар өткізіп, адамдарға пайдалы тамақтану туралы кеңес беріп, аспаздық бағдарлама жүргіземін. Сол үшін мен денсаулыққа пайдалы өнімді дүниеге әкелумен айналыса бастадым. Шоколадтың адамға пайдасы өте көп. Оның құрамында көптеген дәрумендер мен минералдар, көп қанықпаған май қышқылдары бар. Бұл жүрек-қан тамырлар жүйесін реттеп, күйзеліспен күресуге және эндорфин бөлінуін ынталандырудың арқасында көңіл-күйді жақсартуға көмектеседі. Шоколадтың адамға осындай пайдасы тиюі үшін құрамында сүт, қант, жасанды қоспалар болмауы қажет. Сондықтан үнемі жапсырмадағы жазуларды оқуды ұмытпаңыз. Қытырлақ нанға қатысты да айта кететінім, егер құрамында глютен қышқылы бар күнделікті нанды біздің нанға айырбастаңыз, денсаулығыңызға айтарлықтай көмектесе аласыз.

Бұл өнімдерді қайдан сатып алуға болады?
ДГ: Қазіргі таңда өнімдеріміз Алматы қаласында үш жерде: «HOMECAFE» дәмханасында, «CLUB 120» түнгі клубында, Наталья Скурихинаның аюрведа орталығында сатылады. Оған қоса, біз Алматы және еліміздің басқа да қалаларынан тапсырыс қабылдаймыз. Жуырда ғана бір сақтандыру компаниясы өзінің тұтынушыларына дәмді әрі пайдалы сыйлық жасап, біздің өнімдеріміз Қазақстанның 14 қаласына таратылды. Бұл бізді қуантады.

Шоколадыңыз биыл «Мінсіз таза өнім» халықтық атауына ие болды. Осы туралы айтып беріңізші.
ДГ: Иә, бұл мен үшін өте керемет оқиға болды. Бұл марапатты мақтан тұтамын. «Қазақстан­ның ұлттық тұтынушылар лигасы» қоғамдық қоры қаншама жақсы өнімдердің ішінен менің шоколадымды үздік деп таныды. «Мін­сіз таза өнім» сыйлығын табыстау рәсімі өте әсерлі өтті. Сахнада сыйлығымды ұстап тұрып, не нәрсені де шын жүректен істесең, міндетті түрде еленбей қалмайтынына көзім жетті.

Бүгінде шоколадтан түрлі мүсін жасап, мұражай ашып жатқандар бар. Сіз де осындай іс жасауды ойладыңыз ба?
ДГ: Менің негізгі мақсатым – адамдар өз денсаулығына мән беріп, сауатты тамақтанып, соны өмір салтына енгізсе деймін. Елімізде адамдар ұзақ әрі бақытты ғұмыр кешкенін қалаймын. Тамақтану тек денсаулық пен ұзақ өмір сүруге ғана емес, бақыт сезіміне де тікелей байланысы. Ал сол үшін шоколадтан мүсін жасау керек болса, несі бар, оны да жасаймыз!

 

Болашақта өнімдеріңізді шет елдерге тасымалдау жоспарда бар ма?
ДГ: Иә, алда ондай мақсаттар бар. Шоколадты біздің техникамыз бойынша еш жерде дайын­дамайды. Сондықтан бұл өнімдер бүкіл әлемге Қазақстанның келбеті болуға лайық деп санаймын.

Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Компанияны құру туралы идея сізге қайдан келді?
ДГ: Қазір айналысып жүрген істерімді сондай жақсы көремін. Өзім жасайтын шоколадтарға тіпті, ғашықпын десем болады. Негізінде мен көптеген жылдар бойы мүлде басқа салада, ірі халықаралық компанияда коммерциялық директор болып жұмыс істедім. Онда металл, автоматтандыру және басқару, мұнай құбырлары, т.б. айналыстым. Ол жұмыс та өзіме ұнайтын. Бірақ тағдыр қызметімді өзгертуді жөн санағандай. Қазір өз миссиямды бағдарлай аламын. Ол маған «әрбір ісіңнен ләззат ал» деп сыбырлайтындай, «жасаған ісіңнен рахаттан немесе оны мүлде жасама» дегенді ұқтырғандай. Шынында да, жаныңа жақын іспен айналыса бастағанда, басқаларға да пайдаң тие бастайды екен.
Бүгінде менің компаниям даму үстінде. Алда өнімдерімді ұлғайтып, әлемдік деңгейге шығару жоспарда бар. Табиғи өнімдер қолжетімді болып, әрбір адам өзінің тамақтануына саналы түрде көңіл бөлсе екен деймін.

Бұдан басқа қандай сүйікті істеріңіз бар?
ДГ: Мен саяхаттағанды жақсы көремін. Бүгінге дейін 49 елді аралап, кейбірінде тұрып та көрдім. Саяхат ой-өрісіңді кеңейту және әлеммен танысудың ғана емес, мәдениеттердің ең таңдаулысын бойға сіңірудің тамаша жолы. Мен кез келген елде өзімді еркін сезіне аламын. Бірақ қай қайсысынан да Алматыға үлкен сүйіспеншілікпен ораламын. Өз қаламның адамдарын, атмосферасын, табиғатын қатты жақсы көремін. Бұл жер маған жаңа жетістіктерге қадам басуға күш беріп, мені шабыттандырады. Оған қоса музыканы, фортепианода ойнауды, шаңғымен сырғанауды жақсы көремін. Көп оқып, үнемі ізденіп, өз-өзімді дамытып отырамын. Бастысы – қай жұмысты қолға алсам да, рахаттанып істеймін. Алдымен маған осындай мүмкіндік берген Жаратқанға, өз брендімді дүниеге әкелуде қолдау білдіріп, шабыттандырған қымбатты Светлана Романовская мен Гүлшат Нұрпейісоваға алғыс білдіремін. Өмірде әрдайым қолдап жүретін әкем мен анама, бауырларыма, жақындарым және достарыма рақмет айтамын. Олардың менің өмірімде болғаны үшін қуаныштымын.

Біздің оқырмандарға айтар тілегіңіз?
ДГ: Барлық адам өмірден ләззат ала біліп, осы дүниедегі өз орнын тапса екен деймін. Барша оқырманға өз-өзімен үйлесімде болып, дені сау, саналы әрі бақытты ғұмыр кешуді тілеймін!

Сұхбаттасқан Гүлназия ӘБУОВА