СұқбатСыр-сұқбат

Динара Сатжан: Балаларым – өмірімнің басты жобасы

Ол белгілі тележүргізуші, журналист, «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасының кеңесшісі, табысты бизнес-ханым, бақытты ана. Әдемілігімен көпшіліктің көзайымына айналған әйел.

3.08K (1000)Қаралымдар

Өзіне бір қарағаннан-ақ сән әлемінен хабар беретін Динара сұлулық пен өзін бағалай білуде біршама қыз-келіншектерге үлгі болардай-ақ. Оның әңгімесінен алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы, еңбекқорлығы, балажандылығы әсте байқалады.

С: Қазір экранның арғы жағында жұмыс істейсіз. Сонда нақты немен айналысасыз?

ДС: Мен бір жерде, бір жүйеде жұмыс істеуден жалығып кететін адаммын. Үнемі ізденісте жүргенді ұнатамын. Бірақ телевизиядан алыстау ойымда жоқ. Эфир сыртында жұмыс істеп жүргеніме бір жылдай уақыт болды. Бұрын өз бағдарламамды, келетін қонақтарды ғана ойлайтын едім. Қазір эфирге шығатын әр адамның киіміне, студияның безендірілуі мен продюсерлігіне жауап беремін. Бұл өте қызықты жұмыс. Мен үшін экранда барлығы мінсіз болуы керек. Менің телевизия саласындағы тәжірибем жетерлік. Сондықтан телебағдарламалар көрінісін жақсы түсінемін.

С: Әуелде дизайнерлерді насихаттап жүрдіңіз. Енді өзіңіз де жеке киімдер топтамасын шығара бастадыңыз. Оған не түрткі болды?

ДС: 2009 жылы «Хабар» жаңалықтарын жүргіздім. Сол кезде бірінші киіп шыққанан-ақ Аида Кауменованың киімін ұнатып қалдым. Содан бір жылдан кейін қазақстандық дизайнерлердің алғашқы дүкенін ашуды ойладым. Бұл істе менің жолым болып, бастамам сәтті шықты. Міне, Fashion-бизнеспен айналысып жатқаныма биыл 8 жыл. Киім шығару мен сән үлгілерін толық меңгергендіктен, өткен жылы «Dinara Satzhan Fashion Group» атты жеке киімдер желісін ұсындым. Шығарған киімдерім күнделікті өз стиліме сай келеді. Алғашқы топтамамды Роза Бағланованың туғанына 95 жыл толуына арнаған едім. Көрсетілімі Мәскеудегі Mercedes-Benz Fashion Week Russia орталығында сәтті өтті. «Байқоңыр» ғарыш айлағымен байланыстырылған екінші топтамамды жақында Париж бен Мәскеуде көрсетіп қайттық.

С: Франция сапарына қатысты белгілі дизайнерлер тарапынан «Рухани жаңғырудың» қолдауымен болған жобаға өзінің ет жақындарын ғана алып кетті» деген қауесеттер мен өкпе-реніштер туындады. Бұл жайында не айтасыз?

ДС: Иә, көбісі бұл сапарға «Рухани Жаңғыру» ақша бөлді деп ойлайды. Бірақ негізінде олай емес. Басқа елге барғанда Президенттің ұлттық мәдениетті насихаттау жөніндегі идеясын қолдансаңыз, көптеген мүмкіндіктерге жол ашылады. Сол үшін мен Президенттік бағдарламаның атын алуды жөн көрдім. Соның арқасында Франциядағы елшіміз қолдау көрсетіп, «Рухани Жаңғырудың» логотипін пайдалануға рұқсат берді. Оның бізге көп көмегі тиді. Негізінде Шымкенттегі киім дизайнын оқытатын «Мирас» университеті демеушілік көрсетті. Әрине, қай жерде болмасын ең бірінші серіктестерімді ойлайтыным сөзсіз. Сол себепті Аида Кауменова, Наил мен Бейбісара сияқты дизайнерлерді алып барғаным да рас. Біз бір командамыз, әрқашанда бір-бірімізге қолдау көрсетіп, бірге дамимыз.

С: Реніш білдірген дизайнердің жұмыстарын кезінде өзіңіз насихаттаған едіңіз?..

ДС: Бизнес болған соң, келіспеушіліктер кездеспей тұрмайды. Бұл менің жеке бизнесім болғандықтан, дизайнер мен оның жұмысы қанағаттандырмаса, серіктестіктен бас тартуға, өз ережелерімді іске асыруға құқығым бар. Менен кеткеннен кейін кейбір дизайнерлердің істері алға баспаса, оған мен кінәлі емеспін.

С: «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» телехикаясының түсіру жұмыстарын Баян Есентаеваға беруге сіздің ықпалыңыз болды деген рас па?

ДС: Баян менің жақын құрбым. Оны ешқашан ешкімнен жасырған емеспін. Баян «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» хикаясын замауи үлгіде түсіріп, көрермендерге ұсынуды бұрыннан армандайтын еді. Біз оны қолдап, жобаны ұсындық. Менің ойымша, телехикая жақсы шыққан. Адамдар теледидар көрмейміз дейді. Сөйте тұра, оны тамашалағандар көп. Оған жұмсалған әрбір шығын кинода көрініп тұр. Бұған дейін арнада бірнеше жыл қатарынан үндінің «Келін» телехикаясы көрсетілді. Тағы басқа тарихи телехикаялар да болды. Бұларға да өте көп қаражат жұмсалды. Бірақ ол туралы ешкім айтқан жоқ, айтпайды да. Біздің бір кемшін тұсымыз – ештеңені жасырмай, бәрін ашық түрде көрсетіп жатқандығымыз. Қазір әрбір жобамыз, әр қадамымыз әлеуметтік желілерде талқылануда. Десе де біз айтылған сындардың барлығын қабылдауға дайынбыз.

С: Бойыңыздағы жеке қасиеттер кімнен берілген?

ДС: Үлкен атам Сәтжан өте еңбекқор адам болған. Соғыстан кейін үйіне оралып, жеті бала тәрбиелеген. Малмен айналысқан. Ол өзінің барлық баласына жоғарғы білім беріп, жұмысқа орналастырып, өте қызықты адамдармен араласқан. Атам түскі ас пен кешкі аста оңаша отырғысы келмей, үнемі қонақтарды жиып алатын. Менің мінезім сол Сәтжан атама ұқсаған болу керек.

С: Жеке қызметпен біршама бизнесті қатар алып жүрудің айтарлықтай сыры бар ма?

ДС: Мен бір күннің ішінде бірнеше маңызды кездесулер өткізіп, жұмыстарды басшылықпен талқылап, дизайнерлерге тапсырыс беріп, қонақүйлерде жоба ұйымдастырып, өз дүкенімді бақылап қайтамын. Оған қоса, мерекелік іс-шара өткізіп, спортпен шұғылданып, балаларыммен кешкі ас ішуге уақыт табамын. Маған өз өмір салтым ұнайды. Мұның барлығынан күш-қайрат пен шабыт алатыным да рас. Әрбір күнді пайдалы өткізу – менің өмірлік қағидам. Қазіргі уақытта «Табыс күнделігін» жазып жатырмын. Онда өзімнің уақытты тиімді пайдаланып, бәріне бірдей үлгерудің құпиясымен бөлісемін.

С: Бұл тырнақалды туындыңыз кітап па? Жалпы, қазір кітап жазу сәнді үрдіске айналды ғой. Қатарластарыңыз Баян Есентаева мен Ләйлә Сұлтанқызы да кітап жазды. Сонда сіздің мақсатыңыз еліктеу ме, әлде сол кітаптан табыс табу ма?

ДС: Сіз атап өткен екі себеп те емес. Біріншіден, «Табыс күнделігі» кітап емес. Күнделік ретінде жазылған менің нағыз өмірімнің көшірмесі. Не себепті бұл істі қолға алдыңыз десеңіз, маған әлеуметтік желі арқылы «Динара, сіз барлығына қалай үлгересіз? Табысқа қалай тез жетуге болады?» және т.б сұрақтар өте көп түседі. Сондықтан «менің тәжірибем біреудің кәдесіне жарап қалар» деген ізгі ниетпен күнделік жазуды қолға алған жайым бар.

С: Өзіңіздің қонақ үйіңізде бойдақтарды таныстыру кешін өткізіп жүр екенсіз. Мұндағы көздеген мақсатыңыз қандай?

ДС: Қонақүйдегі кеш маған бала кездегі махаббатын іздеп келіп алып, бір-бірінен ұялып тұратын мектептегі би кешін еске түсіреді. Жақында ғана екі жүректі табыстыру үлкен сауап екенін естідім. Ал, бойдақтық – бүгінгі таңдағы басты мәселелердің бірі. Өз жартысын таппай жүрген сыпайы, әдемі, мейірімді қыздар өте көп. Сол сияқты жалғызбасты еркектер де жетерлік. Олардың өз сыңарын табуына шын жүректен көмектескім келеді. Өйткені жалғыздықтың оңай емес екенін өз басымнан білемін.

С: Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырғаныңызды білеміз. Алайда олардың әкесі жайлы ештеңені ашып айтпайсыз. Неге?

ДС: Мен балаларыммен мақтанамын. Олар – өмірімнің басты жобасы. Өкінішке орай, қазір күйеуім жоқ. Меніңше, «мықты» әйелдерге өз жартысын табу қиын. Бар жауапкершілікті өз мойныма алып үйренгенмін. Маған қашан есік ашады, көлік алып береді немесе мен үшін тағы бірнәрсе істейді деп күтіп отыра алмаймын. Бәрін өзім-ақ жасаймын. Бұл менің ең мықты қасиетім болғанымен, әйел ретінде өмір сүруде кедергі келтіретін әлсіздігім десем де болады.

С: Табысты әйел болудың ең басты бес айласын атап беріңізші?

  1. Өз өзіңді тәрбиелеу.
  2. Өмірге нақты мақсаттар қою.
  3. Позитив пен өмірге деген құштарлық.
  4. Әрдайым дамуда болу.
  5. Кітап оқу.

С: Динара, жас буынға үлгі боларлық­­ қасиеттеріңіз шынымен көп-ақ. Кәсібіңіз мен шығармашылығыңызға толағай табыс тілейміз. Салиқалы сұқбатыңызға рақмет.