Жан әлеміӨкініш

Ененің мұңы

Әйел затының өмірде атқарар жауапкершілігі де, артар жүгі де мол. Алдымен бойжеткен уағында бойыңдағы арыңды адал сақтауға  міндеттісің. Келін боп енген шаңырақтың көсегесін көгертіп, бақытты етсем дейсің. Ененің алдындағы парыз ол өз алдына. Одан соң ана атанасың. Өмірге шыр етіп әкелген шақалақтың бүкіл ғұмырына жауаптысың. ­Өйткені, әйел – болашақтың айнасы.

2.69K (1000)Қаралымдар

… Асылдың сынығындай етіп өсірген үш ұлымның қызығын көрсем деген арман жетегінде жүрген анамын мен. Үлкен ұлым ер жетіп, кішкентай сүйкімді немере сүйгізді. Сол бауырыма басқан тұңғыш немеремнің көзін жәудіретпейінші деп аналық борышымды барынша атқарып келдім. «Келіні жақсының керегесі алтын» деп отырушы еді анам. Расында келін – сол үйдің визиткасы іспеттес. Өйткені, сол арқылы оның тектілігін, енесінің тәрбиесін де аңғарасың. Өзіміз кісі үйіне қонаққа бара қалғанда сол отаудың келініне қарап баға беріп отыратынымыз ақиқат. Кейде «ене ретінде мен қандай адаммын?», «қай жерден ағаттық жіберіп алдым» деген сұрақтарды өзіме жиі қоятын болдым.

Мен де келін болдым. Сол үйдің берекесі кетпесін деп отқа да, суға да түстім.  Енем өте қатал адам болды. Менен баласын қызғанған кездері де болды. Қабақ шытып қалған күндерде сол қылығым үшін енем мені күйеуіме ұрғызып алатын да. Қайынағаларымның қара шаңыраққа талай рет ойран салғанына да шыдадым. Сөйтіп, жүріп жолдасымды да, балаларымды да адал еңбегіммен адам еттім десем артық айтқандық емес. Сол қаталдықтың көкесін көрген соң, енемнің ерсі қылықтарын үлгі етпей, менің жылаған күндерімді келінім қайталамасыншы деп келініме келген күннен-ақ жылы қабақ таныттым.

Ол да – бір үйдің еркесі ғой деп, білгенімді жай ғана айтып үйретіп жүрдім. Алайда келінім бұл жылылықты көтермеді. Үйренгісі келетіндер бар да, үйреткеніңді жүзеге асырмайтындар болады екен. Келінім Ардақ соңғының санатында. Әлі күнге дейін тамақ пісіріп, ыстық шай құйып берген емес. Әрбір ісіне көңілі көншімейтін жолдасым да, үш балам да «мама, тамақты өзіңіз пісіріңізші» деп тұрады. Жай ғана картоп қуыра салуды білмейтін қыз баланы бірінші рет біздің үйден көрдім. Жас қой, үйренеді ғой дедім. Не жақпағанын әлі күнге дейін түсінбей далмын. «Семіздікті қой ғана көтереді» деп Ардақ шаңырағымызға абырой әкелмеді. Қит етсе, немеремді көтеріп кетем дегенді шығарады. Ұлымның да жүйкесін тоздырды.

Күндердің бір күнінде келінім мен ұлым арасында үлкен ұрыс болып, сөз арасында Ардақ ұлыма «Томиристің әкесі сен емессің» деген сөзді тарс етіп айта салды. Құдды төбемізден сып-суық суды құйып жібергендей болды. Бар бәле де содан басталды. Бәріне көз жұмып қарап келген мына маған айтқан алғысы осы ма еді?! Сол жерден жүрегім қысылып, аяғымды баса алмай қалғаным…. Есімнен кетпес. Қатты ашу-ызадан айтылған болар деген ойлар сумаңдап тұрса да, кіші ұлымның «мама, еркіндетіп өсірген келінің бәріміздің басымызға секірді ғой» деген сөзі мені тоқтатпады. Үлкен ұлымның аңғал мінезін пайдаланған сумақай қыз жоспарлы түрде аттаған екен ғой босағамды деп, елдің алдындағы ұятымды ысырып қойып, ДНК сараптамасын жасауға апардым. Жолда кетіп бара жатып, көзімнен жас тыйылар емес. Томиристің тәтті қылығынсыз үйімді де елестете алмадым… Жамандыққа қия алмай, «қойшы, өзі де ұлыма ұқсап тұр ғой» деп немереме қарап қоямын… Өкінішке қарай нәтиже біз күткендей болмады. Сол күні-ақ Ардақ баламның да, менің де сағымды сындырды. Елді жиып той жасап алған келін масқараны көрсетті.

Шылым шекпейтін ұлым қазір темекіні поездың түтініндей бұрқырататын болды. Үйге мас боп келетінді шығарды. Айтатыны – ерке қызының қылықтары. «Қызыма барамын» деп жиі ойран салып тұрады.

Үш баламның арасында келінімді жайқалған қырмызы гүлдей, қызымдай болатынына имандай сенген едім. Сол сенімге селкеу түсірген келін жұртқа қарабет етті. Жолдасым қазір ашылып сөйлеуді қойды. Дастарқан басында Томиристің күлкісіне бөленіп, емен-жарқын шай ішетін шуақты күндер артта қалды. Бәріміздің сағынатынымыз да, аңсайтынымыз да – сол кішкентай қыз. Бауырыма басқан қызымды жұлып әкеткені жүрегімді сыздатады. Суреттерін жыртуға да ана ретінде дәтім бармады. Бөлмемдегі бір сөренің бұрышына тығып қойдым суреттерін де, шілдехана той дисктерін де.

Ұлдарым «Мама, келініңді өзің таңдап әкелші бізге. Сенің мұңайғаныңды көргіміз келмейді» деп жұбатып қояды… Әрине, уақыт – емші. Осылайша өмір доңғалағы айналып өте береді… Ендігі тілерім, балаларыма Алланың назары түзу болса екен…