Сырласу
Жан әлеміОтбасыӨзіңді дамыт

Ерлерге ләззат сыйлар 5 тәсіл

4.1.1

Ләззатты массаж – сүйіктіңіздің көңілін табуға арналған ең тиімді әдіс. Ерлі-зайыптылардың махаббатын нәрлендіретін, сезімдерін арттырып, бір-біріне деген ықыластарын жандандыруға бағытталған бұл тәсіл тән рақатымен қатар жан рақатын да сыйлайды. Сүйіктіңізге ерекше ләззатты массаж жасап беріңіз.

199Қаралымдар

Сүйікті жандардың бір-біріне жасайтын ләззатты массажында қандай да бір белгілі ережелер жоқ, тек бірнеше сілтемелер бар. Егер уқалау сүйіктіңізге тән ләззатын сыйласа, массаж тәсілдерінің кез келгенін қолдансаңыз болады. Бұл жердегі ең маңызды фактор – сіздің сезіміңіз, арадағы махаббатты жандандыруға деген құлшынысыңыз. Сол себепті бұл массажды жасау кезінде үйіңізді барынша романтикаға толтырыңыз. Джакузи толтырып аққайнар құйыңыз демейміз, тек ырғақты әуен мен балауыз шамдар да жеткілікті. Сонымен неден бастаймыз?

1. Үйіңізді романтикаға толтырыңыз
Алдымен массаж жасайтын жерді жақсылап дайындап алыңыз. Перделерді жауып, телефонды өшіріп, сіздерге ешкімнің кедергі келтірмейтіндігіне көз жеткізіңіз. Ырғақты әуен қойып, балауыздарды жағып қоюды ұмытпаңыз.

2. Уқалау орынын әзірлеңіз
Массаж төсегіндей қатты жер қажет. Бұл жерде жұбайлар төсегі жарамсыз. Сол себепті уқалауды жерге төсеніш салып бастаған ыңғайлы.

3. Май дайындап алыңыз
Массажды міндетті түрде май жаға отырып жасаңыз. Сонда денені ауыртпай, барынша нәзік уқалауға мүмкіндік болады. Денеге жағатын майды алдын ала ыстық суға салып, жылытып алыңыз. Қолыңыз жылы әрі жұмсақ болуы керек. Майды алақанға құйып, оның денесін сипалай отырып жаққан дұрыс.

4. Массаж техникасын қолданыңыз
Уқалаумен қатар ақырын ғана ұрғылау, бастырмалау, шымшылау сияқты массаж тәсілдерін қолданыңыз. Әр қимылды алдымен қарқынды бастап, сосын ақырындап сипалауға көшкен жөн. Бұл өз кезегінде серігіңіздің жаны мен тәніне ерекше қуат береді.
Арқа тұсын уқалау. Егер сүйіктіңіз ішімен жатса, уқалауды мойыны мен иығынан бастап, екі қолын кезекпен саусақтарының ұшына дейін уқалаңыз. Кейіннен арқасынан бөксесіне қарай түсіп, аяқтарын уқалаңыз. Бірақ табандарын кейінге қалдыра тұрыңыз – табанды уқалау шалқасынан жатқанда ыңғайлы.
Кеуде тұсын уқалау. Сүйіктіңізді ақырын ғана аударып, шалқасынан жатқызып, тағы да мойынын және иықтарын уқалаңыз. Содан кейін қолдарын уқалап, артынша кеудесі мен ішін сипалаңыз. Ал серігіңіздің сезімін селт еткізгіңіз келсе, байқаусызда білегіңіздің сыртқы тұсымен жыныс мүшесін сипап өтіңіз.
Аяқ уқалау. Сүйіктіңіздің аяқтарын ысқылауға көшкенде сандарының ішкі жағына аса назар аударыңыз, өйткені ол – аса сезімтал аймақ. Табандарына жеткенде тізесін сәл бүгіп, бір қолыңызбен табанды, екінші қолыңызбен санының ішкі жағын уқалауды тоқтатпаңыз.

5. Бел, мойын, қолдарының ішкі жағына көбірек көңіл бөлген жөн
Сипалау арқылы сіз серігіңіздің сезімтал жерлерін анықтай бастайсыз. Осы арқылы оған қайталанбас ләззат сыйлайсыз. Сонымен қатар, адамның терісінің өзінде ләззатқа аса сезімтал көптеген жерлері бар. Мәселен: құлақ арты, мойын (әсіресе, желке тұсы), үрпі айналасындағы тері, бұғана тұсы, бөксе, алақан, саусақ арасы. Айтулы аймақтың барлығы тіліңізге, тіпті шаштарыңызға да селт етері сөзсіз.

Ләззатты уқалау арнайы біліммен біліктілікті қажет етпейді. Сүйікті жанның жасаған массажы өне бойыңыздағы қуатыңызды арттырып, сезімдеріңізді шыңдай түседі. Сондай-ақ, уқалау жарыңыздың денесіне жеңілдік сыйлап, шаршағанын басады.