Ақ босағаОтбасы

Ерлер неден қорқады және оның әйелдерге тиер пайдасы қандай?

Қорқақтық пен ер адам деген сөздердің бір-біріне қарама-қайшы екені барлығымызға аян. Ал, қасымыздағы серігіміздің қорқақтығын өзіміздің пайдамызға асыруға болатынын біреу білсе, біреу біле бермейді

1.24K (1000)Қаралымдар

Қорқақтық түрі қорқыныштардың жиынтығы арқылы анықталады. Мәселен, біреу биіктіктен қорықса, екіншісі қанды көрсе шошиды, ал, үшіншісі ештеңеден қорықпаймын деп кеуде соғады. Бірақ, көп жағдайда ер адамдардың барлығы да «санасы қорқақтар» мен «жүрегі қорқақтар» санатына дәл түсіп жатады. Аталған категориялардың әрқайсысы белгілі бір деңгейлерге бөлінеді. Сіздерге оңайырақ болсын деген ниетпен, төмендегі мысалдарды дайындауды ұйғардық.

Әйелжанды. «Санасы қорқақтар» санатына жататын әйелжанды еркек (подкаблучник) маңызды шешімдер қабылдап, өз мойнына жауапкершілік артудан қорқады. Ол аз десеңіз, мұндай еркек кіндіктілерге өмірде өз орнын табу да қиынға соғады. Өйткені, өмірдің өзі шешімі қиын мәселелерге толы. Оларды күн сайын шешіп отыру бұл санаттағылардың қолынан келмейді. Сондықтан, әйелжанды еркектер жауапкершіліктің барлығын біреудің мойнына іле салғанды жөн көреді. Міне осылай, ер адам әйелжандылық жолына өз еркімен түседі. Кейін сүйіктісі қай жаққа барса – сол жақта, не істе десе – бұлжытпай орындайды. Былайша айтқанда, әйелінің айтқанынан шықпайды. Мұндай ерлер әйелінің тым еркінсіп кеткенін де тоқтата алмайды. Өйткені, қасындағы жары жай ойлап қана қоймай, ер адамдарша шешім қабылдай алады, балаға тәрбие беріп отырған да сол. Қысқасы, еркегінің қолынан келмеген істерді өзі атқарып жүр.

Ұтымды жағы: ерін басқарғысы келетін әйелдер үшін таптырмас еркек. Өз дегенін істетеді.

Батыр. Батыр – «жүрегі қорқақтардың» дәрежесіне жатады. Олардың сүйікті ертегілері – жаужүрек батыр келіп, айдаһарды жеңіп, ханшайымның жүрегін жаулап алуы туралы. Яғни, соңы жеңіске жететін ертегілер. Көптеген қорқақ еркектер үшін «жеңімпаз» сөзі өмірінің мәніне айналған. Егер жеңіп шықпаса – ол ешкім емес. Былай қарағанда парадокс секілді. Жеңімпаздың қорқақ болуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Мұндайлар барлығына да өздерінің ешкім тең келмес, бақталасы мен бәсекелесі жоқ нөмірі бірінші еркек екенін дәлелдеу үшін барын салады. Бірақ, сырт қарағанда өр, барлық қиындыққа төтеп беретіндей болып көрінген адамның бұл әрекеті қарапайым қорқақтықтан жасағанын түсіне қою оңай емес. Бұл қорқыныш оның жүрегінде бала кезінде ұялаған болуы мүмкін. Мәселен, ата-аналары баласы қорқып кеткенде, құлап қалып жылағанда «ер жігіт мықты болуы» керек дегенді санасына құйып қойған болар. Психологтардың айтуынша, санасы қалыптасып үлгермеген жеткіншекке «мынадай болу керек, анадай болу керек» деген міндеттеу жағдайлары әдетте депрессивті қорқақтардың өсуіне себеп болады.

Ұтымды жағы: Мұндай ерлер жомарт болып келеді. Егер ол өзінің жеңімпаз екеніне сенімді болса, сіз үшін аспандағы айды алып беруге дайын болады. Сондықтан, ол іштей қорқып жүрсе де, жеңімпаз екенін әрдайым айтып отырудан жалықпаңыз. Ер адамның алдында бір рет бас ие салсаңыз түгіңіз кетпейді, есесіне бұдан сізге тиер пайдасы мол. 

Қауіпсіздік шаралары. Таныстығымызды жалғастырайық – пигмалион. Бұл – «санасы қорқақтардың» екінші дәрежесіне жататындар. Олар өмір бойы идеал іздеушілер. Бірінші әйелінің түр-келбеті ұнамай ажырасады, екіншісінің білімі төмен, үшіншісінің мінезі нашар. Осындай сияқты түрлі себептермен жалғыз қалады. Ажарына ақылы сай жанды кездестірген күннің өзінде оны өз ойынша өзгертіп, одан әрі жақсырақ ете түсуге құмар. Кейін ешкімді жақтырмағандықтан отбасылық өмірі келіспей, ақыр аяғында жалғыз қалып жатады. Бұл санатқа жататын еркектердің басты қорқынышы – мінсіз жарды кездестіре алмай, көріксіз келіншектің күйеуі атану.

Ұтымды жағы: Ондай еркектер де кәдеңізге жарап қалады. Пигмалионыңыздың арқасында жаңа мамандықты игеріп, тағы бір шетел тілін меңгеріп, гардеробыңызды ауыстырып, шаш үлгіңізді өзгерте аласыз.

Әсіре сүйкімділік. «Жүрегі қорқақтардың» екінші дәрежесіне жататын еркектермен танысып қойыңыз – «қолға түспес Қаныбек» деп атайық. Мұндай жандар кездесу уақытын белгілеп қойып, келмей қалып, кейін «ұмытып кетіппін» дейтіндер. Телефон арқылы сезімін білдіріп, кейін кездесу сәті келген кезде қорқыныштан зәре-құты қалмай, қашып кететіндер. Шынтуайтуында, еркек адам әйелмен арадағы қарым-қатынас құрудан жеке тұлғалық ресурстары болмаған кезде қашып жатады.

Ұтымды жағы: Өміріңізде осындай еркексымақ пайда болып, жоғалып кетсе – қуаныңыз. Өйткені, сенуге болмайтын осындай еркекпен отбасын құрып, балалы болған кезде қашып кетіп жатса, жағдайыңыз тіптен қиындаушы еді.

Тәтті жалған. Бұл прототиптергі ерлер ащы шындықтан қорқады. Қала берді күнделікті күйбең тіршіліктен қорқады, сондықтан қиялдарынан шығарып алған өз әлемдерінде ғұмыр кешеді. Ол түрлі өтірік әңгімелерді құрастырып, шынайы өмірді ертегілей көрсеткісі келеді. Олар өмірдің әр күні мейрам болғанын, тұрмыстық қиындықтар туындамағанын қалайды. Мұндай еркектер өміріндегі кез келген мәселелерден қашады.

Ұтымды жағы: Мұндай жандармен өмір сүру іш пыстырмайды. Ол сияқты қиялшыл болсаңыз сіз үшін одан артық серік жоқ. Өйткені, бір нәрседен қорқып кеткен күннің өзінде онымен бірге ойдан шығарған әлеміңізде жасырынуға әбден болады.

Негізі, еркектерді мазалайтын қорқыныштар біз қарастырған мысалдардан әлдеқайда көп екен. Ерлер қартаюдан, бедеулік және шарасыздықтан оттай қорқады. Жұмысынан айырылып, әлеуметтік мәртебесін жоғалтудан, жалпы кез келген нәрседен айырылудан да қорқады. Әйелді тым жақын етуден немесе тым алыс ұстаудан да шошиды. Әйел адамның сәл ақылдырақ болғаны абзал. Өйткені, еркектің кез келген қорқынышын өз пайдамызға асыру әбден мүмкін екенін ұмытпағайсыз.