Екеудің құпиясыЖан әлеміӨкініш

Жалғызбасты ана атанғым келмейді

1.25K (1000)Қаралымдар

Жасым 26-да. Ірі мұнай компаниясында қызмет істеймін. Осы жасыма дейін өмірімде әр түрлі махаббат хикаяларын басымнан кешірдім. Оның бәрі «шулы бос өмір» болып көрінеді қазір маған. Ана атану, отбасын құру мәселесі мен үшін әрқашан да 1-ші кезекте болды. Ойымдағы жігітті, «балаларымның әкесін» көпке дейін кездестіре алмай жүрдім. Бірақ, 2 ай бұрын құдашам өзінің досымен таныстырды. Бірден тіл табысып, бір-бірімізге ұнай кеттік. Мен одан болашақ жарымның кескін келбетін көре білдім. Жасым болса келді, әрі ауылдағы ата-анамның «тезірек немере сүйгізсеңші, отбасын қашан құрасың» деген үкілі үмітін орындағым келді. Осылайша, ата-ана тілегін орындауға тұрарлықтай адам таптым дедім. Жаңа жігітім екеуміз бірге серуендеп, көңілді кештерді бірге өткіздік. Махаббат, жалынды сезім құшағына ене білдік. Бірақ, соңғы кездері денсаулығым сыр бере бастағаннан кейін жүктілікке арнайы тест жасаттым. Тесттің қорытындысы оң болып шықты. Яғни, мен болашақ ана атанатын болдым. Бірақ, көңілім тоқ емес. Себебі, жетерлік. Бұрындары өзге ерлерден жүкті болып қалғанымда олар мені «тастап» кететін. 2 рет жасанды түсік жасаттым. Қазір ойым аласапыран. Баланы жалғыз өз бетімше қалай бағамын, қалай өсірмекпін? Әрине, қазір ана атану мүмкіндігі мен үшін Жаратқанның сыйы деп білемін. Әйтсе де… «Сен әке атанатын болдың. Баланы қалдырамын» деп жігітіме айтқанымда ол бірден қуанды. Жоспар құра бастады. Бірақ, ертеңіне ұшты-күйлі жоғалды, телефон шалмайды, хабарласпайды. Өзім хабарлассам «қызметімде қиындықтар туып жатыр, кейін хабарласамын» деп бетімді жылы қайтарады. Құдашам оны күнделікті көріп тұрады екен. Айтуынша, мен жайлы сыртымнан сұрайды. Десе де, өз тарапынан ешқандай әрекет істемейді. Тіпті, отбасын құрамыз деген нақты әңгімесі де жоқ. Сонысына налимын. Күндіз күлкіден, түнде ұйқымнан айрылдым. Көңілім жарымжан, болашақ ананың басындағы токсикозды басымнан кешіріп жүрмін. Тамаққа тәбетім жоқ, жүрегім айнып, әрі психологиялық тұрғыда тез жылап, тез мұңаятынымды байқадым. Қазір ішімде 6 апталық сәбиім бар. Қайткен күнде мен осы жігітіме тұрмысқа шыға аламын? Қалайша оның көңілін өзіме аудартамын? Бойыма біткен шақалағымды алдыртқым келмейді. Отбасын құрып, ел қатарлы өмір сүргім келеді. Маған көмек қажет, құрбылар! Мүмкіндік болса кәсіби психологтың жауабын білгім келеді. Көмектесіңіздерші?

Жайна, Талдықорған қаласынан.

Психолог кеңесі:
Шыдамдылықты ұнатады өмір…
Жайна сіңілім, өмірде жай ғана өмір сүру үшін бір нәрсеге сену қажет. Сенім – негіз. Күйіну мен қапаланудан өмір алға баспайды. Шаршау мен өкініштен адам армандары орындалмайды. Уайымшылдық пен сабырсыздық адамдық мәртебеңді биіктетпейді. Екі қолды жайып бос жылағаннан өзіңе, ішіңдегі балаңа зиян келтіресің. Тірліксіз, әрекетсіз өмір – өмір ме? Бұл өз жолыңды қиындату деген сөз. Бос қарап отыра беру дұрыс емес, ол – адамның соры.
Жақсы мен жаманды білмей тұрып, өмір сүріп те жарытпайсың. Ал, өмір сүру үшін өмірге деген құштарлық керек. Сенің бойыңда өрге ұмтылушылық, өзіңе жігер берер жалын, шыдамдылық пен сабыр болмаса – адаммын дегенің далбаса. Өзіңе өзің дем бер. Алға талпынып, ұмтылыс жаса, қайғыға берілме, жақсылықтан күдер үзбе. Шыдамсыздық танытпа! Өмір болған соң кедергі кездеспей қоймайды. Кедергіні көрмей, бастан өткермей кемелденуің де екіталай. Қиындықсыз қуанышқа да жете алмайсың. Жаманды білмей, жақсыны қалай сезінбексің?! Адам өмір өткелдерінен өткен сайын ғана санасы сәулеленіп, бағыт-бағдары айқындала түседі. Ертеңге деген сенім мен үміт қана алға жетелейді. Ұмытпа, өмірде өздігінен ештеңе келмейді. Күресе біл. Батыл бол, қамықпа! Ол үшін әрекет ет. Еңсеңді көтер. Иә, ұсақ-түйек өкпелер мен тағдыр тартқан сынға беріліп, сүрініп жатсақ – қауқарсыз, дәрменсіз, жасық болғанымыз ғой… «Әй, қайдам…» – деген күдікті күрсіністен гөрі, бұлт пердені ашып тастап, жарқырай көрінген жүзің қымбат емес пе?
Жігіт сүйген болса ерте ме, кеш пе алдыңа келіп кешірім сұрайды. Менің кеңесімді тыңдасаң, балаңды алдырма, керісінше ана болуға дайындал. Ол баланың өмірге аман-есен, дені сау болып келуін Алладан сұрап, өз денсаулығыңды күт. Өмірге келген нәрестені нағыз азамат етіп өсір, жан-жақты рухани тәрбие бер. Көресің, сол баланы өмірге алып келгенің үшін Аллаға күніге ризашылық білдіретін боласың. Себебі, бала сенің өміріңді 180 градусқа емес, 360 градусқа жағымды жағынан өзгертеді. Ол жігіт бармағын тістейтіндей етіп тәрбиеле, ол ертең өмір бойы өкінумен өтсін. Тіпті, жігіт үшін де емес, өзің үшін баланы өмірге алып келуің керек. Алла тағаламның бұл сыйын қуанышпен, ізгі ниетпен қабылда! Сен бақыттысың, себебі, ішіңде ерекше тіршілік иесі өсіп келеді! Ол сенің болашақ сәбиің!
«Әйел қырық шырақты» дейді. Ақылды, тәрбиелі, сәбилі әйелді өзге біреу жақсы көрмеуі мүмкін емес. Жақсы азамат әлі де жолығады. Оған сенімді бол. Үмітіңді үзбе!
Бұл жағдайда тек бір-ақ жол бар. Ол өміріңді жаңа парақтан бастау ғана. Ал оған шыдамдылық, төзімділік керек. Көпшілік қыздар көбінесе өмірін жаңа парақтан бастауға әрекет етпей, я өзін-өзі өлтіруге ұрынады, я болмаса ішімдікке салынып, тән құмарлығына жеңіліп тынады. Мұндай жағдайлар өзіңнің өміріңе балта шабумен бірдей. Өмірдегі жағымды, қуанышты сәттеріңді, жетістіктеріңді есіңе ал. Өміріңде ерекше, мағыналы, маңызды, жақсылыққа толы күндердің тосып тұрғанын ұмытпа. Тек осыған өзің сенуің керек.
Сеніміңді өзіңе серік етіп, шыдамыңды шыңдап, ақылыңды алға ұстай білсең ғана адамсың!
Сөз соңында айтарым – кез келген уақытта хабарлас, мұңайма, қайғыға берілме! Біз әрқашан сенің жаныңдамыз!

Құрметпен, Жұпаргүл Бейсенова.