Жан әлеміӨкініш

Жаныма батады… Менің бар айтарым осы. 

Әлі де сәби бола тұра, мен басқа не айта аламын? Менің есімім ата-анамнан басқа ешкімге қызықты емес. Менің балалық қылықтарым қуантқанның орнына аяныш сезімін оятады. Өзім әрең дегенде үйреніп айтқан сөздерімді, менің анам мен әкемнен басқа ешбір жан түсінбейді. Неге екенін білмеймін, менде достар жоқ... 

354Қаралымдар

Менің ойыншықтарым жоқ… Есесіне төсегімнің айналасында толып жатқан бөтелкелердің біреуін ала алатын болдым, дәлірек айтсам алуды үйрендім, оларды қолымда айналдыра аламын, сезе аламын. Неге екені белгісіз олардың бәрі бірдей әрі сұр түсті. Қолыма нағыз ойыншықты ұстағым келеді – мысалы әдемі көйлегі бар, ұзын шашты, тарақтары және сөмкесі бар қуыршақты. Ондай қуыршақтарды көшедегі қыздардан көргенмін, бірақ та менің ата-анам маған ондай қуыршақтарды бермейді. Әлбетте, сылдырмақтарым бар, бірақ олардың қатты сылдырлайтыны сондай, кейде басым ауырып кетеді.

Мен ылғи жата беремін… жата беремін… 
Әйткенмен де әрдайым емес – кейде әкем мен анам мені үлкен үйге алып барады, онда ақ халатты ағалар мен апайлар жүреді және де ол жерден менің дәрілерімнің иісі сияқты қышқыл иіс шығады. Бұл ағалар мен апайлар ылғи да менің денеме қолдарын батырып тексереді, қарайды, қолдарымды көтеруге мәжбүрлейді, аяқтарымды созады. Мен оларға: «Ауырттыңдар!» деймін, бірақ мені түсініп жатқан олар жоқ. Мен олардан қатты қорқамын, тығылып қалғым келеді, сол кезде анам мені құшақтап елжірете сүйіп алады, сонда ғана мен тынышталамын да қорқынышым тарайды. Мен ылғи былай армандаймын: «Осыдан жүріп үйренсем, бәлем, сендерден қашып кетермін, сонда сендер мені ешқашан таба алмассыңдар!».

Мені далаға алып шыққанда өзім сияқты кішкентай, тіпті менен де кішкентай балаларды көремін. Мен оларға қатты қызығамын, өйткені олар ересектердей өз аяқтарымен тұрады, тіпті жүгіреді де! Олар ересектердей сөйлейді және ересектер олардың сөздерін түсінеді. Мені тек менің ата-анам ғана түсінеді, есесіне мен өз анамның есімін айтуды үйрендім: «Ма-ма!». Неге екенін білмеймін әкем оны ұзын әрі қиын басқа есіммен атайды, бірақ мен оның есімі «Ма-ма» екенін анық білемін, өйткені менің бір жерім ауырғанда оны «Ма-ма!» деп шақырсам ол қасымнан табыла кетеді де мен көп-көрім жеңілдеп, тынышталып қаламын. Кейде мен жылаймын. Анам естімесін деп дыбысымды шығармай, ақырын-ақырын жылаймын. Өйткені мен жылағанда анам қосыла жылайды, ал әкемнің қабағы түсіп, бір жаққа кетіп қалады. Кейде анам екеуміз бірге жылаймыз, анамның жастары сондай ыстық, сондай ыстық…күйдірмейді, бірақ сонда-да жаныңа батады. Менің бір жерім қатты ауырғанда, әкем қасыма отырып алып басқа тілде өте әдемі де әуенді тақпақтар оқиды. Онда не айтылып жатқанын мен түсінбеймін, бірақ жеңілдеп қаламын әрі ауырып тұрған жерім басылады. Анам мен әкем бұны Құран дейді. Олар ылғи да Құран оқиды, құлшылық етеді, содан соң алақандарын көтеріп, ұзақ-ұзақ сыбырлайды да жылайды. Әкем де жылайды, неге екені белгісіз ол ылғи тек алақанына ғана жылайды. Анам әр уақытта да «О, Алла!» дейді. Мен бұның не, әлде кім екенін толық түсінбеймін, бірақ бір білетінім Алла – ол өте Жақсы. Өйткені анам мен әкем Одан ылғи да бірнәрсе сұрайды. Олардың айтуынша, мені оларға Алла берді. Яғни Ол Өте Жақсы, өйткені Ол бізді бір-бірімізге берді: әкеме – анамды, анама – әкемді, содан кейін мені – оларға.

Ол бәрін біледі – тіпті мен туралы да, Ол менің тұрып жүруіме және сөйлеуіме де көмектеседі. Егер Ол маған көмектессе, мен анама көмектесер едім, өйткені кеше анамның тағыда жылап, әкеме шаршағанын айтып жатқанын естіп қалдым. Ал әкем Алладан көмек сұрау керек, Ол міндетті түрде көмектеседі деп айтты. Олар мені ұйықтап жатыр деп ойлаған болар, бірақ мен ұйықтамадым, бәрін естідім, естідім де ақырын жыладым, мен өскенше, өздігімнен тұрып, жүруге үйренгенше анама көмектесші деп Алладан сұрадым. Әкем мен анама мені емдеуге Алланың көмектесетінін білемін. Өйткені кейде менде тәтті дәрілер болады, оларды ішу қорқынышты емес, әкем тәтті дәрілерді әкелгенде, анам әрқашан «Аллаға мадақ!» дейді, яғни Алла анам мен әкемнің сұрағандарын – маған деген дәрілерді береді.

Егер мен алақандарымды көтеруді үйренсем әрі құлшылық етсем, жылап Алладан анама жаңа, әдемі көйлек пен бас орамал сыйлауын сұрар едім. Анам ылғи да бір көйлек пен бір бас орамалын тастамайды, сонда да ол ең сұлу жан. Бірақ мен анамда ең әдемі киім болғанын қалаймын. Ал әкем үшін бәлкім көлік сұрармын, бізді әр жерге апаруы үшін, өйткені мені көтеріп ұзақ жаяу жүргеннен әкем де шаршайды ғой. Менің әкем де сұлу – оның иегінде мен жақсы көріп ойнайтын шаштары бар – олар менің саусақтарыма оңай ілінеді, менің еш жерімді ауыртпайды…

Сондай-ақ, мен Одан бізді әдемі баққа кіргізуін сұрар едім, ол бақ туралы маған анам айтқан. Ол айтты, Алланың әдемі бағы бар, онда әдемі құстар, дәмді алмалар мен жүзімдер бар. Онда адамдар ешқашан ауырмайды да жыламайды деп. Менің қалауым анам мен әкем осы бақта жүрсе, ал мен болсам басқа кішкентай балалар сияқты олардың қасында жүгіріп, оларды күлдіртіп жүрсем. Тағы да Алладан мені күшті болуға үйретші деп сұрар едім, өйткені көшеде жүргенде мені әкем қалай көтерсе, мен де оны солай көтеріп жүрер едім. Анам ешқашан жыламаса, ылғи да күліп жүрсе екен.

Мен алақандарымды көтеріп үйренуге тырысамын, бірақ әзірге алақандарсыз-ақ сұрармын, өйткені Ол біледі ғой менің әлі алақанға жылап үйренбегенімді және «Әмин» деп айта алмайтынымды, себебі анам мен әкем Одан бірнәрсе сұрағанда ылғи да осылай айтады. Бұл бәрі біле бермейтін бір сиқырлы сөз шығар, өйткені ақ халатты адамдар бұлай айтпайды, бәлкім білмейтін де шығар. Менің білетінім, егер де Одан қалаған нәрсеңді сұрар болсаң және «әмин» деп айтсаң, Ол саған көмектеседі.

Анам мен әкем құлшылық қылып қолдарын көтеріп, алақандарына сыбырлап жылағанда, мен де сыбырлап жылаймын: 
– «Менің анама көмектес. Әмин!» – «Менің әкеме көмектес. Әмин!» – «Маған көмектес. Әмин, әмин, әмин!»

asyldin.kz