Сырласу

Журнал тарихы

“Syrlasu Media” ЖШС, оның ішінде қазақ қыз-келіншектеріне арналған алғашқы глянец форматтағы “Сырласу” журналының тарихы 2012 жылдан бастау алған. 2012 жылдың 1 наурызында Media Link баспа үйінде Cosmopolitan, Домашний очаг, За рулем, Time Out, Men’s Health сынды франшизалық журналдарымен қатар, алғашқы, отандық қазақ тілді басылым жарық көрді. Бастапқы 2 айда 20 000 данамен шыққан “Сырласу” журналының оқырмандар саны күрт өскендіктен мамыр айынан бастап басылым таралымы 30 000 данаға жетіп, Республикамыздың барлық аймақтарына таратыла бастады.

2016 жылдың қыркүйек айынан бастап “Сырласу” журналы жеке отау тігіп, Media Link баспа үйінен бөлініп шығып, Syrlasu Media ЖШС өмірге келді. Журналда алғашқы күннен бастап бас редактор, екі жылдан кейін баспагері атанған танымал журналист, баспа ісінің шебері Кәмшат Әкімқожақызы Syrlasu Media ЖШС директоры атанып, журналда еңбек еткен барлық мамандарды өзімен бірге ала кетті. Бүгінде замануи қыз-келіншектердің кішігірім энциклопедиясына арналған “Сырласу” журналы өз концепциясы мен мақсат-міндеттерін еш өзгертпестен өз оқырмандарының жүрегіне жол тауап келе жатыр.

6 жылдан бері түрлі жетістіктерге қол жеткіздік. Журнал тек қазақстанның түкпір-түкпіріне таралып қана қоймай, әлемдік нарыққа шығып, Zinio электрондық журналы арқылы дүниежүзі қазақтарының да қолына жетуде. “Эйр астана” әуе компаниясы ұшақтарының бизнес санаттағы бөлімінде электронды журналдар ішіндегі алғашқы таралған қазақ тілді басылым да дәл осы “Сырласу” журналы болғандығын да айта кетпеске болмас. Жақын арада Turkish Air әуе компаниясы да басылымға ерекше назар аударып, халықаралық чартерлік бағыттағы ұшақ жолаушыларына “Сырласу” журналын таратуды ниет етті. Міне, мұның барлығы соңғы 6 жылда біз жеткен жетістіктер деуге болады!

Біз алар асу әлі де алда! Бізбен бірге болыңыздар!