Жан әлеміӨзіңді дамыт

Жігітпен кездесуге қынжыламын

449Қаралымдар

Менің жасым жиырма үште. Осы жасыма дейін ешбір жігітпен қарым-қатынас құрып көрген емеспін. Мектеп күнімде біреуге ғашық болған күннің өзінде жанына жолай алмайтынмын. “Жігіт сезімін өзі бірінші болып білдіруі тиіс. Егер сенің сезімің жауапсыз болса, онда іштей тұнып жүре бер.” Міне, менің өмірлік қағидам осындай. Қазіргі таңда да осылай ойлаймын. Өзге қыздар секілді жігіттерді өзіме қаратып алу үшін қылтың-сылтың әрекеттерге бара алмаймын. Құрбыларым: “Өз өмірің өзіңнің қолыңда. Болашағыңды өзің құр. Қазір заман басқа” – дейді де жүреді. Дегенмен мен олай істей алмаймын. Осыдан бірнеше ай бұрын еліміздегі белді банктердің біріне жұмысқа тұрдым. Қызметімді барынша жауапкершілікпен орындап жүріп, жұмысқа басыммен кіріп кетіппін. Айналамдағы адамдармен әңгіме-дүкен құрып, сөйлеспеппін де. Бірер күндерден соң қызметтесім Олжас хал-жағдайымды сұрап, әр әңменің басын бір бастайтын болды. Мен оған жылы қабақ танытып, дос болып араласуды жөн көрдім. Ол сымбатты,  жігітке тән серілігі бар, өмірде өз орнын тапқан жан. Жасы да менен әлдеқайда үлкен. Араласып жүргенімізге көп болмаса да, мені дәмханалар мен кинотеатрға шақыратын. Мен болсам, уақытым жоқ, асығып тұрмын, жұмысым бар деп қашқақтаймын. Себебі, ешқашан жігітпен бір жерге барып көрмегенмін. Ол менімен уақыт өткізіп, маған шығындалса, оған қарыздар болатын секілдімін. Жұмыс уақытынан тыс жерде оның қандай екенін білмеймін. Ал егер ол менің көңілімнен шықпаса ше?Олжаспен кездесуге шығуға қысыламын. Осыған дейін жігіттермен етене жақын араласпағанымның кесірінен осындай болдым ба? Әлде қалай? Оқушы-студент күнімде жігіт атаулыны жолықтырсам, сабағым жайында қалады деп қорқатынмын. Жанымдағы қыздар “күйеуге шыға алмай қаламын” деп шет-шетінен күйзеліске түсіп жатыр. Менде ол да жоқ. Екі жылдан кейін “отырып қалған қыз” атанатынымда да шаруам жоқ. Бұл мені одан бетер сескендіреді. Осы күнге дейін оқу оқып, ата-анамның жағдайын жасау керек деп қана өмір сүрдім. Енді өзімнің болашағымды құрастыратын уақыт жеткен шығар? Тәуекелге бел буғым келеді.