СұқбатСырласу қонағы

Жігіттің төрелігі ісімен өлшенеді

Біз өткен сандарда кинотанушы, өнертану PhD докторы Гүлзат ханыммен нағыз өз ісінің маманы, отандық кино өнерінің шын жанашыры ретінде әңгіме өрбіттік. Бұл жолы әйелдік болмыс тұрғысынан және қарапайым халық атынан ойлауы өзгеше киносыншымен шынайы сырластық.

492Қаралымдар

С: Әлеуметтік желіде, мақала­ларыңызда рухани тазару, кемел­дену, болмысты тану жайында терең ой қозғайсыз. Қарапайым қазақ әйелі кемел­дікке жету жолында қандай әрекеттер жасағаны дұрыс?

Өмірдің ең жоғарғы мағынасы – өз бол­мысыңды тану. Өмір – ізденіс жо­лы. Кемелденген тұлғаның ғұмы­ры – бақытты. Кемелдену дегеніміз – өсу, өренің жетілуі, пісуі. Сынаққа толы сәттерде – рухани тазаруға мүм­кіндік аламыз. Күйзеліс оның – кілті. Адам көп жағдайда басына қиын іс түспей, өз өмірі мен болмысы туралы терең ойланбайды. Қазақ әйелдерінің білімді, рухани бай болғанын қалай­мын. Баланың жатқан жатыры көп нәрсе шешеді. Бала туылғаннан бас­тап бар қасиетті анасының жаратылысынан бойына сіңіреді. Демек, әйел заты ұрпақ тәр­­бие­сінде үлкен жауапкершілік көтереді. Осы жолда әйелге білім – кез келген түйінді шешіп шығатын қару, ал, рухани байлық – қиын сәттерден алып шығатын жан дүниесіне азық.

С:  Жар таңдауда қандай принципке сүйендіңіз?

Өмірлік жарымды ең алғаш көрген сәттегі ішкі түйсігім алдаған жоқ. Оның байып­пен шешім қабылдайтыны ұнады. Ол барлық іске үлкен жауап­кершілікпен қарайды. Әйел затына деген құрметі ерекше. Бұл бәрінен де маңызды. Анасын, қарын­дасын, жарын сыйлай білмейтін жалған намысшыл жігіттерден көп нәрсе күтіп қажет емес. Сенім – отбасымдағы темірқазығым. Біз қандай жағдайда да бір-бірімізге сеніп, кез келген қиын­дықтан бірге жол тауып шыға аламыз. Үнемі көңіліме қарайды. Мен шығар­ма­шы­лықпен айналысатын адам болған соң көңіл-күйім ол үшін маңызды. Жан дүниемдегі өзгерістерді жіті бақылайды. Көңі­лім түссе, менің қайта қуанып, жадырап, күлуім үшін әлемді төңкеріп жіберсе де қолынан келгеннің барлығын жасайды.

С:Балаларыңызды қандай қағидамен тәрбиелейсіз?

Балаларымның рухани бағдаршамы өзіммін. Олардың қалауы мен таңда­уына қатысты тәрбие жұмыс­тарын көбінесе өзім жүргіземін. Аз жұмыс істеп, балаларыма көп көңіл бөлемін. Әкесі біздің ортақ шешімімізді тек қолдап, қолы­нан келген көмегін аямайды. Отағасы үшін біздің тұлға ретін­де жан-жақты дамығанымыз маңызды. Балалармен сырласып, ақылдасып, ыңғайы келсе қал­жыңдасамыз. Отбасымызбен жиі демалыстар ұйымдастырамыз. Бұл ауызбіршілікке үйретеді. Әртүрлі тақырыптарда талқылаулар жасап, өзіндік пікірін айтуға қалып­тастырамыз. Ізденуіне еркін­дік береміз. Айына бір рет өз қызығу­шылық­тарына қарай оқуға жаңа кітап таңдатамыз. Өзде­рінің таң­дауына қарай тұрақты қатысатын үйірмелері бар. Жеке қалауларына көп мән береміз. Ой-өрісінің дамуы­на ата-ана ретінде бар жағдайды жасаймыз. Тәрбие беру ісінде ар-ұят­тың шеңберінен шығармаймыз. Бұл басты қағидамыз.

С: Қазір «қазақ жігіттері ұсақталып кетті» деген пікір бар. Осы туралы сіздің ойыңыз қандай?

Біздің ойлау деңгейімізге, іскерлік шеберлігімізге бір-ақ көрсеткіш әділ баға береді. Дәлелдер – бұл біздің шамамызды екшелейді. Елдігіміздің артында қашан да ер-азаматтарымыздың бет-бейнесі тұрады. Мен қазақ жігіттерінің ой-еркіндігін – рухының бірлігі­нен көргім келеді. Олардың жүрегі­нің кеңдігін – жетім, тастан­дылардың жоқтығынан, ал жауапкершілігін – отбасындағы ажырасу көрсет­кішінің аздығынан сезінгім келеді. Ер-азамат ретіндегі ерлігін – ел үшін жасаған нақты іскерлік қадамдарынан көргім келеді. Намы­сының еңсесі – Қазақстанның бай­тақ территория­сындағы көпте­ген азып-тозған ауылдардың орны алып шаһарларға айналған сәулет өнерінің биігінен көрінсе деймін.

С: Биыл қазақ қыздарының өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуы жөнінде қоғамда біршама дау туып, тіпті «қыздарымыз байлыққа құнығып, шетелдікке тұрмысқа шыға берсе, ұлтымыз жоғалып кетуі мүмкін» деген желеумен іс насырға шаба жаздады. Бұл жөнінде не айтасыз?

Ұлтаралық араздық тудыру – бұл жер шарындағы адамзаттың біртұтастылығына қауіп әкеледі. Бейбітшілікке нұқсан келеді, араз­дықтың арты соғысқа әкеледі. Қыздарымыздың таңдауы – шын мәнінде көп нәрсе шешеді. Ең әуелі ұлттың қауіпсіздігіне – ер-аза­мат­тар жауапты. Ұлттық мүддеңді қорғай отырып, өзге халықтармен үйлесімде бейбіт өмір сүру маңыз­ды. Мақсатымыз – жауласу емес, ұлттық ерекшеліктерін тану. Қызда­рымыз сыртқа кетпесін десек, жігіттеріміздің өзі осал болмағаны абзал. Бірінші, намыс болу керек. Екіншіден, жауапкер­шілікті көтеру қажет. Егер осы екі маңызды қасиеттен жігіттеріміз ада болса, қыздарымыздың шекара асып, жар таңдау мүмкіндігін шектеп, жолына қарсы тұрмаған дұрыс. Әйел затына қашан да намысы мықты, жауапкершілігі зор қорған керек.

С: Артыңыздан ерген сіңлі­леріңізге жар таңдауда қандай кеңес ұсынар едіңіз?

Өмірлік жар таңдағанда ер-азаматты ең әуелі балаңның әкесі ретінде көре білу маңызды. Ұрпағының болашағына жауапкершілік алатын, отбасына қорған болатын, түсіністік пен сыйластықты бірінші орынға қоятын, әйелдің тілін табатын, еркекпін деп көкірегін ұрмай, керісінше, қажет сәтте жарымен тең дәрежеде жүрекпен сырласа алатын…  Егер бұл қағидалардың бірі де болмаса, қандай ғажайып ертегідегідей ұлы махаббат болса да отбасының ғұмыры ұзақ болмайды.

Жігітті сынау үшін ең бірінші, одан қажет кезде көмек сұрау керек. Сол сәтте-ақ оның кім екені көрініп, бет-пердесі шешіледі. Жігіттің төрелігі – бос сөзбен емес, іспен өлшенеді. Артым­дағы сіңлілеріме берер негізгі кеңесім: әйелдің ең үлкен жетістігі – теңін тауып, жақсы жар болу. Әйелдің ең үлкен бақыты – ана атану, ал ең үлкен жауапкершілігі – ұрпақ тәр­биесі. Бұл менің әйел ретіндегі ең бас­ты қағидаларым.

С: Кейбір киноларда әйел образын танытып қана қоймай, нағыз әйел қандай болу керектігіне үндейді. Осыған байланысты қыз-келіншектерге қандай фильмдерді ұсына аласыз?

Кез келген әйел өзіне үлгі іздейді. Әлемдік кинематографта таңдап көрер фильмдер өте көп. Әр әйелдің талғамы әртүрлі. Оқиғалар да әрқи­лы. Сол үшін нақты бір фильм емес, дұрыс бағыт ретінде айтарым, батыстық фильмдерге қарағанда, Шығыс әйелдерінің психологиясы да, философиясы да біздің таным-түсінігімізге жақын. Әйел затын нәзіктікке, әдеп пен иба, әсіресе, ұяңдық мінез арқылы ер-азаматтың жүрегін жаулап алудың тәсілдерін гейшалардың ғұмырнамасына арналған фильмдер шебер ашып, көрсетеді.

Ал, нағыз шынайы өмірге жақын, айла мен амалды әйел жаратылысының басты қаруы ретінде қолданған, балаларының қауіпсіздігін өз өмірінен де жоғары қойған, өмірлік жарының абырой-беделі үшін барлық құрбандыққа бара алған «Сүлейман сұлтан» сериалындағы Хюрремнен артық қандай рухы мен саясаты мықты әйел болуы мүмкін?! Оның бейнесінде «әйел заты қандай болуы керек?» деген сұраққа жауаптың барлығы бар.