Екеудің құпиясыЖан әлеміӨкініш

Сүйгенімнің көзіне шөп салдым

1.13K (1000)Қаралымдар

Осыдан бірнеше жыл бұрын Айбын есімді жігітті кезіктірдім. Ол жүрегі таза, көңілі кең жігіт еді. Сол бір жайсаң мінезіне тамсанып, оны жатырқамай, өзіме бірден тарттым. Бойында бір ұяңдығы болатын. Өзге жігіттер секілді көкірегін кермей, бәріне сабырлықпен қарайтын. Жауапкершілігі мол, барлығына түсіністікпен қарайтын жігіт мені бірден өзіне баурап алды. Оған қоса сымбаты да келіскен жігіт, кім-кімді болса да, бейжай қалдырмасы анық қой. Оған ғашық болып қалуыма небәрі екі күн жеткілікті болды. Өзім одан бұрын ешқандай жігітпен қарым-қатынас құрмағанмын. Десе де, әпкелерімнің өмірлік тәжірибелерінің арқасында «жігіттерді сындыруды» білетінмін. Сол бір жүрегімнің ханзадасын күткен шығармын. Ешқай жігітке жүрегімнің кілтін ұсынбадым.

Екеуіміздің қарым-қатынасымыздың бір ғана кем тұсы бар еді. Ол – ара-қашықтық. Айбын Ақтөбенің жігіті, ал мен Алматыда тұратынмын. Жазғы демалыстардың бірінде Алматыға қонақтап келген екен. Саябақта достарымен серуендеп жүрген күндердің бірінде мені кезіктірген болатын. Бір айға жуық уақыт кездесіп тұрдық. Осылайша бір-бірімізді сүйіп қалғанымызды байқамай қалдық. Уақыт өтіп, Айбын Ақтөбеге қайтып кетті. Сол кеткеннен екеуіміз тек ұялы телефонның көмегімен қарым-қатынасымызды сақтап отырдық. Арада екі жыл өтті. Айбын сол кеткеннен келген жоқ. Мереке сайын сыйлықтар жіберіп, әлеуметтік желілер арқылы хабарласып тұрды. Бірақ сол кеткеннен қайтып оралмады. Осы уақыт аралығында маған бір келіп кеткен жоқ. Уақыт өте оның менде көңілі бар ма жоқ па деп ойлана бастадым. Жұмыстан қолы босамай хабарласуын да сирек етті. Мен бұл уақыт аралығында жоғарғы оқу орнына түсіп, екінші курсты тәмамдаған болатынмын. Осылай ойға шомып жүрген күндердің бірінде университетте Азамат есімді жігітпен таныстым. Оны бір көргеннен ұнаттым деп айтуым қиын. Ол кезде бар ойым Айбын болатын. Оның қоңырауларын күтіп, ұялы телефонымды күзететінмін.

Құрбыларым: «Ол кезде сендер бала едіңдер. Бала махаббат еді. Ал қазір ересексіңдер. Оны Айбын түсінген секілді. Сен де түсін. Шын сүйсе осы уақытқа дейін келмей не істеп жүр? Жас бала емес қой» деп отқа майды құйып жіберді. Бұл сөздерден кейін Айбынға қоңырау шалуымды тоқтаттым. Дегенмен, Айбынмен қарым-қатынасымды үзбей, Азаматтың көңілді әңгімелерін тыңдап, онымен уақытты керемет өткізіп жүрдім. Десе де, жүрекке әмір жүрмейді. Түбінде Айбынға деген сезімімді өшіре алмадым. Өзгені сүйіп кете алмайтынымды түсіндім. Екі оттың арасында жүріп, қиналғанымнан Азаматпен хош айтыстым. Өзімді де өзгені де алдағым келген жоқ. Айбынға да хабарласып болған жағдайды жасырмай айтып, қарым-қатынасымызды тоқтатуды сұрадым. Ол ештеңе айтпастан тұтқаны қоя салды. Мен болған жайтты қоштасу деп қабылдап, сол күйі оған қайта хабарласқан жоқ едім. Кешке сабақтан кейін шаршап үйге келе жатсам артымнан бір таныс дауыс естілді.

Жо-жоқ, мүмкін емес. Бұл дауыс…

  • Сәлем, Айғаным! Сағындың ба?
  • Айбын! – артыма бұрылдым. Иә! Дәл өзі. Бұл оның даусы!

Бар даусыммен айқайлап, Айбынға қарай жүгірдім. Аяғымды сезер-сезбестей болдым. Ол болса маған қарай жүгіріп келеді. Бұл құдды бір түс секілді.

  • Рас па? Сен осындасың ғой, иә?
  • Иә, жаным! Енді мәңгі қасыңда боламын! Тек сен жыламашы. Алматыға көшіп келетін болдым! Енді жаныңда боламын! – деді

Бұл сөздерді естіп бақыттан бал-бұл жайнадым. Қуанышым ішіме сыймай барады. Енді сүйгенім жанымда болса, ештеңеден қорықпаймын деп сендім. Шынымды айтсам, Айбынға істеген опасыздығым үшін қатты ұялдым. Соның өзінде қателігімді кешіріп, мен үшін осындай тәуекелге бел буғанына қатты таңдандым. Сүйген адамдарыңызға ешқашан опасыздық жасамаңыздар.