Жан әлеміӨзіңді дамыт

Жұрттың баласын артта қалдырған жұрттың баласымын…

Қазақта баршамыздың "құлақ құрышымызды қандырған" «жұрттың балалары» деген сөз бар. Сол сөз талайдың шамына тиіп, әйтеуір де, біреуді алға жылжуға шабыттандырса, біреудің сағын сындырған болар. Өзіңді басқа біреумен салыстырып, төмендете берген кімге ұнайды дейсіз?!

1.49K (1000)Қаралымдар

Бала күнімнен ата-анам: «Осы жұрттың балалары бәле, сен неге бір жүрген езсің? Марат ағаның қызы өте пысық екен, дастарқанды әпсәтте жайып қояды. Пәленшенің ұлы шетелге барамын, сосын көлік аламын депті» деп талайды мысал етіп, титығыма тиген. Жұрттың балалары әрдайым бізден жақсы емес пе? Шынымды айтсам, кезінде маған үлгі етіп теңеген адамдар бүгінде үлкен белестерден көрінді деп айта алмаймын. Марат ағаның қызы 18 жасында сұмырай жігітпен көңіл жарастырып, некесіз бала тапты. Жігіттің намаз оқып, Аллаға жақын болғаны қызға бірден ұнады. Оның бойынан тек жақсы қасиеттерді көріп, өзінің жігітке қалай арбалып қалғаны есінде жоқ. Жігіт қыздың аяғы ауыр екенін естіп, бірден тайып тұрды. Осыған ұқсас мысалдарды жаза берсем, қаламымның сиясы таусылар.

Артыма көз салсам, осы жасыма дейін біраз жетістікке жеткен екенмін. 11 сыныпты аяқтап, елордадағы ең үздік жоғарғы оқу орнына грантқа түстім. Арада еуропада да жарты жылдық білім алып үлгердім. Студент күнімде жазғы демалыстардың бірінде шетелге барып, жұмыс істедім. Жинаған қаражатымды ата-анама беріп, қалғанын өзіме жұмсап, курстарға жазылдым. Мен үшін ең дұрысы – білім. Адамның өзіне салған қаражаты міндетті түрде ақталады дегенге сенемін. Солай жан-жақты боламын деп жүргенімде 4 жылдың қалай өте шықққанын аңғармай қалдым. Осы уақытқа дейін оқуымда озат болып, жоғарғы шәкіртақыны иелендім. Көптен күткен қызыл дипломды қолыма алып, мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Курстарда алған білімімді бүгінде қосымша нан қылып отырмын. Біраздан бері көңіл жарастырып жүрген жігітім де бар. Тілі мен жағына сүйенгеннің бәріне сенудің қажеті жоқ екенін ата-анам ұққандай-ақ. Олар да мені өзгелермен салыстыруын қойды. Керісінше дос-жарандар жиналған жерде: «Қызым өз күшімен жұмысқа тұрды. Пәленше дегендермен кездесіпті. Жұмыста жоғарылапты» деп мақтап отырады екен. Қазіргі таңда біреуден кем, біреуден ілгері өмір сүріп жүрген шығармыз. Десе де, әлі де алар асуым алда екенін білемін. Алдыма үлкен мақсаттар қойдым. Мұның бәрін не үшін жазып отыр дейсіз ғой? Ата-аналарға айтарым, ешқашан өздеріңіздің балаларынызды басқалармен салыстырмаңыздар. Әр бала өзінің ерекше, ақылды, дарынды екеніне сеніп өсуі керек. Ата-анам мені жұрттың балаларымен қайраған соң, бүгін осы деңгейге жеттім деп айта алмаймын. Бұл керісінше, кертартпа қылық. Маған үлгі еткен жұрттың балалары бүгінде не бір жұмыс орнында тұрақтамаған, не берекелі отбасының тізгінін ұстамаған. Кім білсін, мүмкін мен де олар үшін жұрттың баласы шығармын?!