СұқбатСырласу қонағы

Интерьер дизайны – жүрегімнің қалауы

177Қаралымдар

С: Гүлбақ ханым, өзіңіз жайлы айтып беріңізші. Интерьер дизайнымен қашаннан бері айналыса бастадыңыз? Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Мен 1984 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтына оқуға түстім. 1989 жылы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң, KazGor жобалау академиясында қызмет ете бастадым. Содан кейін әртүрлі жобалық компаниялар мен бюроларда жұмыс істедім. Ал 2004 жылдан бастап интерьер дизайнымен айналыса бастадым. Бұл менің жүрек қалауым болғандықтан, осы бағытта дамуды қолға алдым.

С: Сіздің ойыңызша, дизайн саласында жетістікке жетуіңізге не себеп болды?

– Маған өз ісімде жетістікке жетуге негізгі архитектуралық білім көмектесті. Біріншіден, мен функционалды жобалау шешімін негізге ала отырып, интерьер жайлы ойлана бастаймын. Егер жоба барлық жағынан ойластырылған болса, онда интерьердің кез келген стилін қолдануға болады деген сөз.

С: Сәтсіз жобаларыңыз болған ба еді? Ондай жағдайда мәселені қалай шешетінсіз?

– Менде сәтсіз жобалар болған емес, бірақ клиенттермен сәтсіз қарым-қатынас болған. Бұл менің кемелділігім мен кәсібилігімнің арқасы. Кейде қабылдаған шешімімнен бас тартпай, табандылық танытуым қажет. Ал мұндайды кей жандар ұната қоймайды. Алайда олар жаңа баспанаға көшкеннен кейін мамандардың кеңестеріне құлақ түру керек екенін түсініп жатады. Қуанышқа орай, қазір тапсырыс берушілер жайлы интерьердің жоспарлаудан декор таңдауға дейінгі көптеген факторлардан тұратынын және оны дүниеге әкелуде көптеген мамандардың еңбек ететінін түсініп келеді.

 С: Интерьердегі қандай дизайн жаныңызға жақын? 

– Сәулетші болған соң жеке өзіме заманауи стиль жақын. Дейтұрғанмен менің кәсіби қызметім клиенттің қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Сол себепті тапсырыс берушіге ұнайтын стильмен жұмыс істей отырып, оған қайта ғашық боламын. Маған: «Қай стильде жұмыс істейсіз» деген сауал жиі қойылады. Мен күліп: «клиентім қандай стильде бақытты өмір сүргісі келесе, сол стильде жұмыс істеймін» деп жауап беремін! 

С: Жөндеу жұмыстарын жасауды жоспарлап жүрген жандарға қандай кеңес бересіз?

– Кеңістікті жобалауды білмесе де жөндеу жұмыстарын өз бетінше бастап кеткен жандарға кәсіби маманға жүгінуге кеңес берер едім. Себебі бұл интерьер дизайнындағы ең маңызды дүние. Өз тәжірибемнен жарықтың екі жағына бағытталған тұрғын үйлердің классикалық сәулеті қазіргі уақытта жаңадан салынып жатқан үй-жайлардың жобасынан әлдеқайда функционалды екенін аңғардым. Көп жағдайда бұл жобалар қайта жөндеуді қажет етеді. Әдетте адамдар үй салған компанияның жобасы бойынша баспана сатып алып, ғадамтордағы суреттерге қарап жөндеу жұмыстарын жасайды. Алайда дәл ортасына келгенде қиындықтарға тап болып жатады. Десе де, мұндай жағдайда артқа қайтар жол болмайды.

С: Сіз үшін өз ісіңізде ең бастысы не?

– Мен үшін клиенттерімнің сенімін ақтап, олардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету маңызды. Сол үшін қызмет етудемін.

С: Болашаққа деген жоспарыңыз қандай?

– Болашақта қызыммен бірге дизайн студиясын ашу жоспарда бар. Ол қазіргі таңда

Милан политехникалық университетінде интерьер дизайнері мамандығы бойынша магистратурада оқып жатыр.

Сұқбатыңызға рақмет!