Денсаулық

Климакстың «кілтипаны»

Климакс деп әйел ағзасының физиолоиялық тұрғыда қартаюын айтамыз. Ағзадағы бала қалыптастыру қызметінің төмендеп, гормондар өзгеріске ұшырайды. Грек тілінен «климаксты» біздің тілге тәржімаласақ «баспалдақ» деген мағына береді. Расымен де бұл кезеңді әйел өмірінің жаңа баспалдағы деп қарастырсақ болғандай.

1.11K (1000)Қаралымдар

Негізінде климакс 50 жастан басталады. Бірақ, соңғы жылдары климакстың «жасарып» келе жатқандығын, енді ғана 40-қа толған әйелдерде климакстың басталуын көп байқап жүрміз. Әрине, бұл ерте басталған климакс деп аталады. Климаксты ауру деп есептейтіндер көп. Анығында бұл ешқандай дерт емес, бұл табиғи заңдылық қана. Бүгінгі қоғамдағы түрлі жағдаяттар (экология, күйзеліс, жоғарғы физиологиялық және психологиялық ауыртпалықтар) әйелдерге әсерін тигізбей қоймайды.

Климакстың белгілері:

Белгілері өте көп. Бас ауырып, ұйқы қашады, тершеңдік пайда болады. Жұмысқа деген құлшыныс әлсіреп, шаршау мен депрессия басталады. Әжімдер түсіп, буын-буын мен бұлшық еттер ауырады. Сонымен қатар, қан тамырларының қысымы жоғарылап, дем жетпей, біресе ыстықтап, біресе жаурап әбігерге түсетін кездер көп болады. Айтылғандардың арасында бір ысып, бір суу ең көп кездесетін жағдай. Әйелдер бұл жағдайды ыстық пен суыққа біреу лақтырып жіберіп жатқандай деп суреттейді. Бұл уақытта дене қызуы көп көтеріледі. Десе де климакс мүлдем әсер етпейтін «бақытты» әйелдер де кездеседі. Ал, әйелдердің 15% бұл кезеңде тіпті төсек тартып жатып қалады екен. Себебі, мұндай әйелдердің ысып-сууы бір тәулікте 40-қа жетіп жығылады. Сонымен қатар, бұған күйзеліс пен жатырдың қансырауын қоса беріңіз. Бұл әрине қалыптан тыс (патологиялық) климакс.

Климакс кезеңдері:

Климакстың менопаузаға дейін, менопаузалық және менопаузадан кейінгі кезеңдері болады. Енді осы үш кезеңге жеке-жеке тоқталып өтейік. Алғашқы менопауза кезеңі жұмыртқа қызметінің тоқтауымен байланысты. Сондықтан, етеккір бұл кезеңде қалыпты келмейді. Ал, келген жағдайда түр-түсі өзгеріске ұшырағаны байқалады.


Медицина анықтаған заңдылық бойынша бұл кезең 5 жылға жалғасады. Екінші менопауза кезеңі әйел ағзасындағы жыныс гормондарының қызметінің төмендеуі нөлге жақындаған шақта басталады. Бұл шақта етеккір толығымен тоқтайды.Менопаузадан кейінгі кезең етеккірдің тоқтап, етекірдің енді мүлдем келмейтініне көз жеткізіген шақта басталады. Бұл 3 жыл мен 15 жылды қамтитын кезең.

Әйел климаксын емдеу әдістері:

Әйелді климакстан емдеуге тек қана гинеколог емес, эндокринолог пен маммолог та қатысады. Дәрігерлердің кешенді тексеруінен соң, әйелдерге дәрі қабылдауға тура келеді. Әйелдердің климакс кезеңдеріндегі жағдайына қарай ем-шаралардың да әрқилы түрі болады. Ем-шараның нәтиже беретін әдістерінің қатарына гормон тапшылығын толтыратын түрін айтуға болады. Бұл арқылы климаксты бәсеңдетуге болады. Сонымен қатар, аталмыш ем -шара жүрек қан тамырларының қызметіне жақсы әсерін тигізеде.

Мамандар ем-шараны климакстың алғашқы белгілері байқалғанда жүргізген нәтижелі деп есептейді. Дәрі-дәрмектің құрамында әйелдің жыныстық гормондары: эстроген мен прогестерон бар. Әрине, оның гормон алмастырушы екенін ескру қажет. Ем-шара дәрігердің қадағалауымен дұрыс жүргізілсе, жатыр қатерлі ісігінің де алдын алуға болады. Сонымен қатар, климаксты емдейтін дәрі-дәрмектердің ішінде табиғи эстогендер бар.

Климакс кезеңіндегі дәрілердің көмегі:

Медицинаның дамуы алға басқан кезеңде дәрі-дәрмектің де түрлері көп. Өсімдік майы мен түрлі шөптерден даярланатын гормон тапшылығына қарсы күресетін дәрілер жетерлік. Тек әйел климаксы қай кезеңде және оны әйелдің өткеру қалай деген сауалдарға дәрігер ғана жауап тауып, дәрілерді де маман ұсына алады.

Барлық әйел климакстан айналып өту мүмкін еместігін ерте бастан түсінуі тиіс. Сондықтан, бұл кезең басталғанда әрбір әйел психологиялық тұрғыда дайын болғаны дұрыс. Бұл кезеңмен өмір бітіп қалмайтынын да ескерген жөн.