МакияжСұлулық

Косметиканы дұрыс сақтап жүрсіз бе?

61Қаралымдар

Сүйікті кремдеріңіз бен бет әрлейтін косметикаңыз ұзақ қызмет етуі үшін оларға дұрыс күтім жасау қажет. Бетке жағатын өнімдерді тоңазытқышта сақтағанды, кірпікке жағатын сүрмеге көзге арналған тамшыларды құйып, өмірін ұзартқанды ұнатасыз ба? Онда сырт келбетіңізде пайда болған өзгерістерге мүлде таңғалмаңыз!

Бетіңізге дақ түсіп, теріңіз құрғап, бөртпелер пайда болса, демек бұл қолданып жүрген косметикаңызды дұрыс сақтамағаныңыздың нәтижесі. Сыралғы құрбыңыз бұл материалда сұлулық өнімдерін қалай күту керек екенін айтып береді.

Бетке жағатын кремдерді жуынатын бөлмеде сақтамаңыз

Жуынатын бөлме косметиканы сақтауға арналған ең қолайлы орын болып көрігенімен, шын мәнінде бұл олай емес. Жылы әрі ылғалды ауа  патогендердің көбеюіне жағдай жасайды. Сондықтан крем ваннада тұрып, тез бұзылады.  Күтімге арналған косметиканы бөлме температурасында, күн сәулесі түспейтін жерде сақтаған жөн.

Мұқият болыңыз

Аузы дұрыс жабылмаған өнімнің ішіне шаң-тозаң мен түрлі бактериялар оңай еніп, микроағзалар тарай бастайды. Сол себепті крем теріңізге пайдасынан гөрі зиянын тигізеді. Осы орайда мөлшерлегіші бар қаптамалар косметикаңызды ұзақ сақтауға мүмкіндік береді.

Кез келген косметиканы тоңазытқышта сақтауға болмайды

Тым төменгі температура да өнімдерге зиянын тигізе алады. Тек құрамында консерванты жоқ органикалық косметиканы, термалды су мен бет ісінуіне қарсы маскаларды ғана тоңазытқышта сақтауға болады.

Қолмен ұстамаңыз

Құтыдағы кремді бетке жағарда қалақшаны қолданыңыз. Сол кезде өнім таза күйінде жақсы сақталады. Егер кремді саусағыңызбен алсаңыз, қолыңыз қанша жерден таза болса да өнімде түрлі микробтар қалдыруыңыз ықтимал.

Үнемдеудің қажеті жоқ

Кірпікке арналған сүрмені ұзағырақ қолдану үшін оған су қосудың қажеті жоқ. Себебі осылайша сіз құтыда микробтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасайсыз. Кірпікке арналған сүрменің жарамдылық мерзімі небәрі үш ай. Ол кеуіп кеткен жағдайда міндетті түрде қоқысқа аттануы керек.

Қылқалам мен спонжды жуған маңызды

Көзге арналған бояу, өңілік, опа секілді құрғақ косметика ұзақ уақыт қызмет етеді. Оны жағуға арналған қылқалам мен спонжды сабынды сумен аптасына кемінде екі рет жуып тұру қажет. «Сұлулық құрал-саймандарын» тазарту үшін косметикалық дүкендерде сатылатын арнайы өнімдерді қолдансаңыз, тіпті керемет.

Косметикалық өнімді алғаш ашқан күнді есте сақтау қажет

Аузы әлі ашылмаған косметиканы сақтау оңай. Ал оны алғаш қолданған күннен бастап күту – қиынға соғады. Косметиканы жарамдылық мерзімінен асырып пайдаланып қоймау үшін сыртына құтыны ашқан күніңізді жазып қойыңыз.

Күннен қорғайтын кремдер келесі маусымға қалдырылмайды

Күн сәулесінен қорғайтын өнімдерді барынша дұрыс сақтасаңыз да, ол бір жыл ішінде өзінің бар қасиетін жоғалтады. Сондықтан оны келесі жазға дейін сақтаудың мәні жоқ.

Косметика сақталу мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін

Косметиканың сырт келбеті мен иісіне назар аударыңыз. Егер қаптамадағы жарамдылық мерзімі өтіп кетпеген болса, ол оны ары қарай қолдана беруге болады деген сөз емес. Мәселен, ерін далабы екі жыл сақталады. Десе де, ол мерзімге жетпей жатып қолдануға жарамсыз болып қалады. Себебі далап үнемі еріндегі бактериялармен жанасуға мәжбүр. Егер косметиканың сырт келбеті өзгеріп, иістенсе, демек, онымен қош айтысу керек.

  1. Әтірді қараңғы жерде сақтаған абзал

Әтір бет күтіміне арналған және декоративті косметикаға қарағанда әлдеқайда ұзақ өмір сүреді. Алайда бұл жерде де ескеретін жайттар бар. Өнімнің құрамында спирт көп болған сайын оның қасиеттері соғұрлым ұзақ сақталады. Мәселен, иіс су көптеген жылдар бойы иісін өзгертпей сөреңізде тұра алады, ал концентрацияланған әтір кенеттен бұзылуы мүмкін. Себебі оның құрамындағы эфир майлары күн сәулесінің әсерінен ыдырап кетеді.