Екеудің құпиясыЖан әлемі

Күйеуіме опасыздық жасағаныма өкінбеймін

Үш ұйықтасам да өмірімде күйеуіме опасыздық жасаймын деп ойлаған емеспін...

4.26K (1000)Қаралымдар

Күйеуіммен отасқанымызға екі жыл болды. Осы аз ғана уақытта көпті көрдік. Алғашында Алматының шет жағынан пәтер жалдап, отбасылық өмірдің ыстығы мен суығына төтеп беріп жүрдік. Қуыстай бөлмеде тұрсақ та, айрандай ұйыған отбасы бола білдік. Десе де, балалы болу бұйырмай-ақ қойды. Іште жатқан үш айлық балам түсіп қалып, қатты қиналдым. Содан кейін біраз емделуге уақыт алып, қайта көтеруге асықпадым. Күйеуім барынша қолдауға тырысты. Екеуміз жас күнімізден бірге жүріп, бірге бой түзеген болатынбыз. Тұрмыс құрмай тұрып «сүйем-күйем» деген жігітім, үйленгеннен кейін әпсәтте өзгеріп шыға келді. Қыз-келіншектерден осы сөзді жиі естуші едім. Өз басыма келерін қайдан білейін… Мінезі жайсаң, бәрінің қамын жеп жүретін сүйгенім маған ғана тиесілі болмай шықты. Үйленгеннен кейін Мадина есімді қызбен көңіл жарастырып жүргенін біліп қойдым. Оны қайдан білдім дейсіз ғой? Күйеуімді жұмыстан іс-сапарларға жиі жіберіп тұратын. Сондай бір сапардан келгенде, киімдерін ақтарып отырып, арасынан мүшеқап тауып алдым. Ар жағын айтпасам да белгілі. Тамағыма тас тірелгендей болды. Дәл сол сәтте өзімді оның алдында қалай ұстарымды білмедім. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнап, мен сол тыныштықта тек өзімнің демімді сезе алдым. Екеуміз мәңгі бір-бірімізді сүйіп өтеміз, бір-бірімізге ғана тиесілі боламыз, бала күннен келе жатқан пәк махаббатымызды өле-өлгенше сақтаймыз дегеніміз қайда қалды сонда?

Мүшеқапты тауып алған жеріме қайта салып, киімдеріне қолымның ұшын тигізбестен жатып қалдым. Күйеуіме ештеңе білдірмеймін деп шештім. Үнсіз шаршап, ұйықтап қалғандай жата бердім. Көзім жұмылу болса да, ішім алай-дүлей. Сол күні таң атқанша көз ілмедім. Түні бойы өз-өзіммен арпалысумен болдым. Күйеуіме деген өкпем қара қазандай. Бір жағынан отбасымды сақтап қалуым керек, екінші жағынан неге мен ғана бар жайды ойлап, қиналуым керек деген ой келді. Ол қыздың кім екенін білгім келіп, телефонын ақтаруды шығардым. (Бұрын соңды ондай әдетім болмаған) Күйеуімнің оған махаббат балладасын жазып жүргеніне біраз болыпты. Екеуінің жазбаларын оқып жүрегім қарс айырылды. Осыдан кейін еркек атаулыға қалай сенемін?! Күйеуімді жек көріп кеттім… Солай сан түрлі ойға беріліп жүрген күндердің бірінде әріптесіммен сөйлесіп, жұмыста кешке дейін бөгеліп қалдым. Ол екеуміз көптен бері таныс болсақ та, бұрын соңды ақтарылып әңгіме айтпаппыз. Менің жабырқаулы күйімді көріп көмектескісі келген екен. Ержанның менде көңілі барын кейін білдім. Жанымдағы құрбыларым «Ержан саған ғашық-ау сірә. Ер адам әйелді жәйдан жәй айналшықтап жүрмейді» дегенде, расымен де олардың сөзінің жаны бар екенін ұқтым. Менің көңілімді көтеру үшін бәрін істейді. Суық күндері жұмыс үстеліме шай әкеліп, үйге дейін шығарып салады. Менің әрбір әңгімемді соңына дейін тыңдап, көзіме үзілместен қарайды. Шынымды айтсам, күйеуімнің опасыздығына көз жұма қарайтын болдым. Етім үйреніп кетті ме?!. Ол менің үнсіз жүргенімді аңқаулық деп білді-ау шамасы. Мен ештеңе сезбейтін, аңғалақ, ақымақ әйел болып көрінген болармын. Бірақ ол менің басқа жанға ғашық болып қалғанымды түсінбеді. Иә, жатсам да, тұрсам да Ержаннан өзгені ойлай алмадым. Оған деген сезімім күн санап арта бастады. Отбасымның барына қарамастан оған берілдім. Жан-тәніммен берілдім. Онымен болған сәттерде мені ештеңе де мазаламайтын. Ең бастысы мен және ол! Біз біргеміз.

Осылайша күндер өте берді. Мен күйеуіммен бір төсекте жатқаным болмаса, екеуіміз бір-бірімізден алшақпыз деп жүргенімде, ол маған тиісе бастады. Ержанмен көңіл жарастырғалы бері өз-өзіме бұрыннан да қатты қарайлап, мүсініме назар аудардым. Қыз күнімдегіден де жиі күтінуді шығардым. Шамасы күйеуім секем алды-ау, «қайда болдың, не істедің, кіммен таныстың, не көрдің?» деген сұрақтардың астына алып, тергей бастады. Күнде үйге ашу үстінде келіп, менің ұялы телефонымды ақтаратын болды. Бір күні ызаға булығып, мені төсек қатынасына итермеледі. Күш көрсетіп едім, ақыр аяғында өзім таяқ жеп қалдым. Осыған дейін жиналып келген ренішімді сол жерде төгіп салдым. «Мен сені сүймеймін!» деп айқайладым. Сөзім оған оқ болып тигендей болды, дәл сол сәтте тоқтай қалып, жүзіме қарады.

  • Иә! Не естісең, сол! Өзгені сүйіп қалдым! Не істейін? – деп зар қақсап жыладым. Сенің опасыздығыңды кешіре алмаймын деп жүргенімде, жарамның емін өзгеден таптым! Иә, сенің ашынаң жайында бәрін білдім. Осы күнге дейін сенің сатқындығыңмен өмір сүрдім!
  • …Үнсіздік. Көзі шаранасынан шығып кеткелі тұр. Тізерлеп тұрып тіземнен ұстады. Басы төмен салбырап, біраз үнсіз отырды. – Мені кешірші. Осы күнге дейін барлығын біліп жүрегініңді сезбеппін! Мен болашағымды сенен өзгемен елестете алмаймын. Сен болмасаң, мен не істеймін, айтшы? – салбыраған басын сол күйі көтермеді.

Мен енді не істейтінімді мүлде түсінбей қалдым. Күйеуімді аяймын. Көңілдесі қалталы азаматты уысына іліп, күйеуімді есіктен қуып шығыпты. Осыны ойласам, ол жалғыз қалғысы келмейтіні үшін ғана мені ұстап тұрған секілді. Бір жағынан мен де оған опасыздық жасадым. Ұпайымыз тең болған секілді. Ал, екінші жағынан күйеуімнің қылығы болмаса, мен осы күнге дейін одан басқа ешкімді көрмей, әйелдік қызметімді атқарып жүре беретін едім. Айрандай ұйыған отбасының шырқын екеуіміз де бұздық. Қиын күні жанымнан табылып, тезірек бас қосуымызды қалап жүрген Ержанның ұсынысын қабылдайын ба? Күйеуімді жалғыз қалдырсам, обалына қаламын деп қорқамын. Бірақ сүйгенімнен бас тарта алмаймын. Басым қатты…