Екеудің құпиясыЖан әлеміӨкініш

Күйеуім отбасын асырағысы келмейді

Тұрмыс құрғаныма небәрі жарты жыл болса да, осындай қадамға барғаныма 100 рет өкініп үлгердім.

1.32K (1000)Қаралымдар

Осыдан жарты жыл бұрын Саят екеуіміз отау құрдық. Осы күнге дейін отағасы ретінде бір ісімізді шешіп, бір шаруамызды бітіргенін көрмедім. Үнемі бәріне мен жүгіріп жүремін. Тіпті маған айтпай жұрттан қарыз алады, кейін оны мен жауып жүруім керек. Шынымды айтсам, Саяттың жоғарғы білімі жоқ. Ал мен еліміздегі үздік университеттердің бірін тәмамадағанмын. Қазіргі таңда магистр дәріжесін алғалы тұрған үлгілі студентпін. Бар уақытым сабақ пен үйдің арасында өтеді. Өзіміз бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрып жатырмыз. Оны да мына менің шәкіртақыммен төлеп отырмыз. Саят университетте білім алмағандықтан жөні дұрыс жерге жұмысқа тұруы қиын. Қазіргі таңда жалдамалы жұмыста істеп, әрең күн көреді. Соңғы кездері үйге жалақысын әкелмейтін болды. Бірнеше айдан бері жұмыстан қаражат бөлмей, елдер тегін істеп жүр дейді. Соған қарамастан несиеге, 400 мың теңгеге соңғы үлгідегі ұялы телефон алды. Өткенде туған күніме орай бір шоқ гүлін сұрап алдым. Өз бетімен сыйлық алуды да білмейді.

Ал өзінің туған күнін дос-жарандарын шақырып, жақсы мейрамханада тойлағысы келеді. Оған тірелгенде ақшамыз бола қалады. Оған қоса: «Ақшадан қысылып жүргенімізді білесің. Әдейі осылай істейсің бе? Енді «сен мені асырай алмайсың» деп айтуың қалып еді» деуден жалықпайды. Барлық мәселелеріміз қаржы мәселесіне тірелсе ғана жақсы ғой. Күйеуімнің кемшіліктеріне көз жұмып қараудан шаршадым. Аузына келгенді ойланбай айта салатын жаман әдеті бар. Үйде отырсақ мені қайрайтын әдет тауып алыпты. «Сенің құрбыларың андай, әке-шешең мындай» деп жүйкеме әбден тиіп бітті. ««Жақындарым, жақсыларым» деп соларды іздеп тұрасың. Жақсы болса, қане? Көмектеспей ме бізге? Достарыңнан да қайыр жоқ. Пайдасыздар өңшең» деп бетіме баса береді. Мұны ешкім естімесін деймін. Өзі менен екі жас үлкен болса да, бала сияқты. Соңғы кездері оны өзіме тең көрмеймін. Ақымақ, топас, надан. Бұдан басқа айтарға сөз таппаймын. Саят үйінің кенжесі. Ата-анасы көп еркелетіп жіберген шамасы деп те ойлаймын. Бойында жауапкершілік деген мүлде жоқ.

Ата-енем ауылда, біз қалада тұрамыз. Десе де, қалтасы тесік күйеуім ата-анасына қаржылай көмек көрсетуден тайынбайды. Сол баяғы қарыз алып болса да киіндіріп, көйлектерін әперіп, той-томалаққа жібереді. Ал менің ата-анама келсек, саусағының ұшын да қимылдатпайды. Барып көмектесу керек болса «Өзің бар! Сенің ата-анаң емес пе?» деп зекіп жібереді. Осының барлығы небәрі жарты жылдың ішінде болып өтті. Күйеуімнен көңілім қалды. Еркек сынды қасиеті жоқ. Достарым, туыстарым бар жерге апаруға ұяламын. Әлденені былш етіп, мені ұятқа қалдыра ма деп уайымдап отырамын. Кінәні өзімнен іздеймін. Саяттың осындай екенін біліп тидім ғой. Ішімде оның мінезін өзгертемін деген бір үміт болды. Сол үміт оты күн санап сөніп барады. «Қанша уақыт өтті үйленгенімізге. Неге әлі көтермедің» деп бетіме басатыны ол бар. Шынымды айтсам баланы асырай алмайтынымыз анық. Өз күнімізді әрең көріп жүргенде, баланың осындай жаңдайда өскенін қаламаймын. Адам өзі қаламаса, оны өзгерту қиын екеніне тағы бір мәрте көзім жетті.