Сырласу
Жан әлеміӨкініш

Күйеуім басқаға үйленгелі жатыр…

2.58K (1000)Қаралымдар

Күйеуім алимент төлейді. Төлегенде қалай? Өзі жақсы ақша табатын, тіршілігі бар жігіт. Бірақ бізге алимент көлемін аз төлеу үшін сотқа бір жерде аула сыпырамын деген анықтама қағазын алып барып, үш қызға аз ғана ақша төлейтін етіп жасап қойды. Өзінің компаниясын да басқа біреудің атына аударып үлгеріпті. Алимент төлейтін болған соң, сенбі мен жексенбі күндері қыздарды қыдыртуға алып кетеді. Енді сол «сабаз» үйленгелі жатыр екен. Ал мен қыздарымның өгей шешесіне барып тұруын қаламаймын. Онсыз да үш қызым әкелеріне барып келген соң, айтып жеткізе алмайтын тосын күйге енеді.

Естияр болып қалған үлкен қызым әкелерінің барған сайын мені жамандайтынын айтады. Өз кезегінде сол жамандау – қыздарыма әсер ететіні сөзсіз ғой. Біздегі ажырасудың түп-төркіні – менің үш бірдей қыз тауып, ұл тумағаным болатын. Үшінші қыздан кейін дәрігерлер маған бала көтеруге тыйым салды. Туыт кезінде кесір тілігін жасап, мені және кенжемді дәрігерлер әрең аман алып қалған еді. Демек, мен өзгеге тұрмысқа шығып та, бағымды аша алмайтын болып тұрмын ғой. Қыздарым ауылда шешемнің қолында тұрады. Жалғыз бауырым бар. Мен сенбі және жексенбі демалысқа шығып, енді қыздарымды аялап ұйықтаймын деп ойлап бара жатамын. Бірақ алимент төлеп жүргенін сылтау еткен бұрынғы күйеуім оларды өз үйіне, қалаға әкетіп тұрады. Менің қыздарымды бағып-қағуға әрең күшім келіп жүргенін, оның төлейтін ақшасы үш қызға жетпейтінін біледі. Барлығын біле тұра мені қинала түссе екен деп ерегесетін секілді. Өзіне ұл тауып беретін жақсы адам, жолыққан екен, менімен өштесуін неге доғармайды? Ол үйінің жалғыз ұлы болатын. Енемнің қолында тұрдық. Кейде оның осылай ерегесуіне енем кінәлі ме деп те ойлап қоямын. Бір кездегі жанымның жалауы, жүрегімнің қалауы, қыздарымның әкесі болған азаматтың бұндай пасықтықтарға баратынына сенгім де келмейді. Үйленетінін естігенде де жаным құлазыды. Бірақ ештеңені өзгерте алмаймын. Ана ретінде қыздарымның оның әйелімен араласқанын қаламаймын. Маған қандай кеңес бересіздер? Әлде менікі дұрыс емес пе? Жиырма сегізге енді ғана толған жас ғұмырымды ойласам сай сүйегім сырқырап кетеді. Біз ажырасқанда кенжем 3 айлық қана болатын. Кенжемді енем де, күйеуім де онша ұната бермейді. Сол ұл болады деп күтіліп, ұл болмай қалғанына күнәлі секілді. Кедейлігімді де бетіме басқан шақтары көп болды. Ұл түгілі, тұрмысқа шыға салған жылдары бала көтеруге зар болдым. Тұңғышымды құдайдан тілеп жүріп, әрең көтерген едім. Осылай өмірім өтіп жатыр. Мен қыздарым үшін ғана тірі жүрмін.

ПСИХОЛОГ КЕҢЕСІ: Өтпелі кезеңді ұққайсыз

Отбасындағы ажырасудың зардабы әйел адамның жан-дүниесіне кері әсер етіп қана қоймай, өз-өзіне келуі де қиындай түседі. Ең бірінші әйел адамның өзіне келуі өткен шақтағы өкпе ренішті шығару, жаңа өмірге қарай қадам жасау. Баланың жағдайын жасамас бұрын, өзіңізге келуіңіз шарт.

МЕН СҰЛУМЫН
«Бұл өмірдегі ең сұлу әйел менмін, мен – ғажаппын, мен – бақыттымын», – осы сөзді таңертең және кешке он реттен қайталап айтыңыз.
Сіздің көңіл-күйіңіз басқаларға да әсер ететіні анық, сондықтан бір күн болса да жарқын жүзді болып, жақсылық жасаңыз.Жаныңыздағы адамдарға қуаныш сыйлап, көңілдерін көтеріңіз, тіпті құшақтап жақсы сөз де айтыңыз.

МЕН БАҚЫТТЫМЫН
1. Сізді сыйлаған жанды құрмет тұтыңыз, сыйлық жасаңыз.
2. Бір күнде он жақсы сөз айтыңыз.
3. Күйеуіңіздің сізге жасаған жамандығынан гөрі жақсылығын көп ойлаңыз, ішке терең дем жұтып, ақырын ғана сыртқа шығарыңыз.
4. Күйеуіңіз баласын көргісі келсе, қарсы болмаңыз. Мүмкін балаларыңыз да іштей өз әкесін көргісі келетін шығар.
5. Кек сақтамауға тырысыңыз, соңы түрлі жағдайларға апарады.
6. Таңертең күліп ояныңыз, күні бойы сергек жүресіз.
7. Өмір тоқтап қалған жоқ. Сізге сыңар керек. Ажырасқан немесе әйелі қайтыс болған, балаларына ана іздеп жүрген азаматтар да бар екенін ұмытпаңыз.
8. Жаныңыз ауырмасын десеңіз, адамдарға жақсылық жасаңыз.
9. Өзіңізге ұнайтын іспен айналысыңыз.
10. Бақыттың кілті өз жүрегіңізде, сол құлыпты ашатын да жабатын да өзіңіз, ешкімге кінә тағудың қажеті жоқ.
11. Үш қызыңыз сіздің бақытыңыз, жаныңыздың тыныштығы. Сәл ғана сабыр таныта білсеңіз, аз уақыттан кейін олар ақылшыңызға айналады.
12. Бақытыңызды ойлап қадам жасаңыз, сіз де әйел бақытына лайықтысыз.

Балжан Нұрғалиқызы ҚАНАПИЯЕВА,

Психолог-кеңесші