Жан әлеміӨзіңді дамыт

Мансап жолындағы 7 қадам

Ерінің көңілін тауып, бала тәрбиелеп қана қоймай, қызмет сатысымен жоғары көтерілуді мақсат тұтатын арулар арамызда жоқ емес. Егер сіз де солардың қатарынан болсаңыз, төмендегі 7 ережені есіңізде ұстаңыз.

851Қаралымдар
  1. Мақсаттарыңыз айқын болсын

    Қандай да бір жұмыс іздемес бұрын сізге не қажет екенін нақты білгеніңіз жөн. Жалпы, қандай жұмыс іздеп жүрсіз, кәсіби қызметте қай сатыдан көрінгіңіз келеді, қандай мақсаттарыңыз бар, нендей жетістікке жеткіңіз келеді? Ең алдымен осы сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, алдыңызға нақты мақсат қоя біліңіз.

  2. Жаңалыққа жақын болыңыз

    Қатып қалған қағидаға қарап, ауыз ашып отырудың қажеті жоқ. НR мамандар жаңалыққа жаны құмар жандар тәуекелшіл келетінін және олардан әрдайым тың идеялар естуге болатынын айтады. Ал мұндай жандардың елеусіз жерде қалмасы анық.

  3. Бастысы — нәтиже

    Жұмысқа жаңа орналасқан алғашқы кезде, әрине, басшылықтың айтқанынан шықпаған жөн. Десе де, уақыт өте жан-жағыңыздағыны танып-біліп, қызметіңізге үйреніп, өзіңізге сенімді болған уақыттан бастап нәтиже үшін жұмыс істегеніңіз жөн. Қалай жұмыс істегеніңіз емес, бастысы — істеген жұмысыңыздың нәтижесі көзге көрініп тұруы шарт.

  4. Мүмкіндігіңізді төмен бағаламаңыз

    Тіпті дағдарыс кезінде де барлық жерге білікті мамандар керек. Кез келген істі оңай меңгеретін, жүктелген тапсырманы уақытылы әрі тиянақты орындайтын, жаңа технологияларды еш қиындықсыз алып кете алатын мықты маман болсаңыз, өзіңізді төмен бағаламаңыз. Қалауыңыздағы қызметті біліктілігіңізге сай жалақымен істеңіз. Дағдарысқа сіз емес, жұмыс беруші икемделуі керек.

  5. Қарым-қатынаста болыңыз

    Бүгінде жұмысқа барлығымыз дерлік арнайы бағдарламалармен емес, көбіне-көп таныс-тамыр арқылы орналасып жататынымыз жасырын емес. Сондықтан бұрынғы қызметтестеріңізбен, басшылықпен қарым-қатынасыңызды үзбегеніңіз жөн. Жалпы, айналаңыздағы жандармен жақсы араласып, үнемі байланыста болыңыз. Мерекелерде құттықтап, хал-жағдайын да сұрап қойғаныңыздың еш артықтығы жоқ. Әріптестеріңіздің бірде болмаса, бірде көмегі тиері анық.

  6. Өзіңізге сеніңіз

    Қандай мүмкіндіктеріңіздің бар екенін және қолыңыздан не келетінін өзіңізден артық ешкім біле қоймас. Сондықтан өз күшіңізге сеніңіз. Үнемі қабілетіңізді шыңдап, мүмкіндіктеріңізді арттырып отырыңыз.

  7. Зейінмен тыңдаңыз

    Жиналыстар мен кездесулерде жұмыс берушілердің әр сөзіне ден қойып, зейінмен тыңдаңыз. «Мәселенің мән-жайын түсіну — бітер істің жартысы» дегенді естіген боларсыз. Ендеше, болашақ қызметіңіз туралы кез келген ақпаратты қалт жібермей, қадағалағаныңыз абзал.

Сондай-ақ жұмыс берушілермен кездесуге барар алдында ол компания туралы жан-жақты ақпарат алып, хабардар болғаныңыз дұрыс. Керек болса, ол компанияның шағын тарихына көз жүгіртіңіз: қайда, қалай, қашаннан бері жұмыс істейді, қоғамда бұл жұмыс орны туралы қандай пікірлер бар, кім не дейді, артықшылықтары мен кемшіліктері қандай? Ол жерде жұмыс істесеңіз, компанияның тек алға жылжуына сіз қандай үлес қоса аласыз? Өзге қызметкерлерден қандай мүмкіндігіңізбен ерекшелене аласыз? Жұмыс беруші сіздің мұндай қызығушылығыңызға қуанып қана қоймай, жүргізген сараптамалық жұмысыңызды жоғары бағалап, ризашылығын білдірері сөзсіз.