СұқбатСырласу қонағы

Мейіржан Төребаев, Дана Есеева: Бір-бірін қолдау – некені нығайтады

2018 жылы өнер әлемінде жаңа жұп пайда болды десек артық етпес. Себебі олар былтыр Қазнет кеңістігінде ең танымал жұпқа айналды. Ұлттық телевизиялық «Жыл таңдауы 2018» сыйлығына және «Халықтың сүйіктісі» премиясында «Үздік вайнер» атанды.

82Қаралымдар

Оларды бүгінде халық жай ғана блогер және интернет-жұлдызы деп танымай, бір-біріне адал жар, үш баланың үлгілі ата-анасы ретінде біледі. Әзілге құрылған вайндарынан әрбір ерлі-зайыптылар күнделікті өмірлерінде орын алатын түрлі жайттарды көре алады. Бұған дейін де олар өзара белгілі жандар еді. Мейіржан бұрынғы КТА ойыншысы, актер әрі сценарист. Ал, Дананы көпшілік белсенді кәсіпкер ретінде біледі. Сондай-ақ, жолдасының жұмысына көмектесіп отырған адал жар.

2018 жыл сіздер үшін сәтті болды деуге болатын шығар. Қандай сезімдесіздер? Осынша марапаттауларды күттіңіздер ме?
МТ: Әрине, керемет сезімдеміз. Мұның бәрі күтпеген жерден орын алды. Шынымды айтсам, әуелде өзімнің «Үздік вайнер» атауына ие болғанымды достарымнан естіп, «ондай наминациялардың ішінде қайдан жүрмін?» деп таң қалдым. Соған қарағанда халыққа позитивті көңіл-күй сыйлап, күлкіге қарқ қыла білу де өзінше пайдалы іс шығар. Не дегенмен бірнеше жыл КТА сахнасында жүріп, әзілге құрылған телебағдарламаларға сценарий жазумен ұйқысыз түндер өткіздік, вайндар түсіруге қаншама уақыт жұмсадық. Нәтижесінде халықтың менің шығармашылығыма бей-жай қарамайтынын білдім. Маған дауыс берген барша қолдаушыларға және әрдайым қасымнан табылатын жұбайыма үлкен алғыс білдіремін. Осыдан кейін бұдан да жақсы түсірілімдер түсіруге шабытымыз оянды десек болады.

Танымалдық, сұраныс артқан сайын өмірлеріңізде өзгерістер болып жатыр ма?
МТ: Айтарлықтай өзгерістер орын алды деп айта алмаймыз. Десе де, ақырындап, өз уақытымен болуда. Бір білетінім, бос уақытымыз мүлде азайып кетті.

Дана, видеолардан сізді де нағыз актриса екен деп қалуға болады. Бірге вайн түсіруді қашан және қалай бастадыңыздар? Идеяны қайдан аласыздар?
ДЕ: Мейіржан маған видеороликтерге бірге түсуге әлдеқашан ұсыныс жасаған. Бірақ мен «Әркім өз жұмысымен айналысуы тиіс» деп көнбедім. «Мен кәсіпкермін, демек өз саламда ғана дамуым керек» деп ойладым. Бірақ Мейіржан қасында үнемі әйелінің рөлін ойнап жүретін бір қыз керек екенін айтқанда, оның жанынан басқа біреуді елестете алмадым. Мүмкін қызғанған шығармын. Сөйтіп өзім байқап көрейін деп шештім. Ал, сюжеттегі идеяларды қарапайым өмірден аламыз. Сценарийлерін, әрине, Мейіржанның өзі жазады.

«Жыл отбасы» атандыңыздар. Осындай «мықты» және сенімді қарым-қатынастың құпиясы бар ма?
ДЕ: Біз Мейіржан екеуміз барынша ашық сөйлесуге тырысамыз. Бір-бірімізге өкпе-реніш сақтамаймыз. Уақыт өтіп кетсе іштегі ренішті сыртқа шығару қиын болады. Сондықтан бәрін басында қолға алу керек. Егер маған ұнамаған жері болса мен, Мейіржанға ұнамсыз тұсы болса ол бірден айтып, сол жерде мәселенің басын ашып алуға тырысамыз. Қанша қиын болса да салғыласпай, ұрыспай бір-бірімізді түсінісеміз. Құпиясы осы шығар.

Бір-біріңіздің қандай қасиеттеріңізді бағалайсыздар?
МТ: Негізі «адамды белгілі бір сипаты үшін ғана жақсы көремін» деп айту қиын. Біз бірінші курс­тан бері студенттік концерттер, степендиядан келесі степендияға дейін күн көру дегендей бәрін бірге көрдік. Осы күнге дейін қаншама ауыртпалықты өткердік. Соның бәрі бір-бірімізге деген сүйіспеншіліктің, түсіністіктің арқасында деп білемін. Арамыздағы бұл қасиеттер жылдар бойы тек нығаюда десек артық емес. Бәрін басынан бастап, үлкен жетістіктерге бірге жетіп отыру жұптарды жақындастырады екен. Ең бастысы, ерлі-зайыптылардың бір-бірін қолдап отыруы – некені нығайтатынын білеміз.

Балаларды тәрбиелеуде нені ескересіздер?
ДЕ: Барлық аналар сияқты балаларға мен қаталдаумын. Ал, Мейіржан олармен балаша ойнап, үлкен ұлымен досындай сырласады. Біз балалармен барынша дос болуға, мейлінше ұрыспауға, еркіндігін шектемеу­ге тырысамыз. Олармен өте көп сөйлесеміз. Балалық шақтарының ұмытылмастай, ерекше болып өткенін қалаймыз.

Мейіржан, қазір бір фильмге түсіп жатыр екенсіз. Сол туралы айтып берсеңіз.
МТ: Иә, қазіргі кезде Әсел Сәдуақасова мен Асқар Бисенбиннің «Ұғымға сай кино» деп аталатын фильміне түсіп жатырмын. Бұл кинода Әселдің өзі де ойнайды. Ал, картинаның режиссері Әнуар Матжанов. Киноның сюжетіне келсем, экшн элементтері бар криминалды комедия екенін ғана айта аламын. Киноны бұйырса биыл тамашалай алатын боласыздар.

Оқырмандарға мансап және бақытты отбасын қатар алып жүру жайында не айтар едіңіздер?
МД: Адам әрқашанда еңбек жолында өзін дамытып отыру керек. Бір орында тұрып қалуға болмайды. Бастысы – балаларыңа үлгі болатындай, өзіңнің ең үздік нұсқаң бола білу.

Алда басқа қандай жоспарлар бар? 2019 жылы сіздерден қандай жаңалықтар күтеміз?
МТ: Жоспарлар өте көп. Ең алдымен төртінші баламыздың дүниеге келгенін күтіп отырмыз. Одан кейін фильм түсіру идеясын қолға алғымыз келеді. Басқа да жоспарлар жетерлік. Бастысы – бәрін іске асыру.