Жан әлеміӨзіңді дамыт

Наркескен: сөз – құдірет. Дұрыс сөйлей білу – жетістікке жетудің ең қысқа жолы. (Дейл Карнеги)

Әрдайым өзгені өз көзқарасына иландырып, мақұлдататын, ел-жұртқа сөзін өткізіп жүретін жандар бар. Олардың құпиясы неде? Біз бұл жолы сөйлесу кезінде көрінбейтін байланыс орнатып, қарым-қатынас жасау техникасы жайлы әңгімелейміз. Айтқан сөзіңіз бен істеген ісіңіз жағымды әсер қалдырырсын десеңіз, жолдарын айтамыз. Айсұлу ЕРБОЛАТ

1.53K (1000)Қаралымдар

Көзқарас. Адамдар арасындағы қарым-қатынас карашықтардың түйісуінен басталады. Көзқарас – әңгімелесушіңіздің сеніміне апарар алғашқы жол. Тік, мейірімді көзқарас сөзіңіздің мәнін көрсетеді. Егер өзіңіз мұндай көзқарастан қашқақтасаңыз, әңгімелесушіңіз тарапынан жағымсыз сезім тууы мүмкін. Сіз қандай да бір ақпаратты жасырып тұрсыз деген ой қалыптасады.

Іс-әрекет. Қылығыңыз айтқыңыз келген нәрседен гөрі көбірек жайтты аңғартады. Сабырлы әрі жылы жүзді болсаңыз әңгімелесушіңізге жақсы әсер қалдырасыз. Аяқ-қолды айқастырып, иекті алдыға созу – әңгімелесушіде жайсыз сезім тудырады.

Ым-ишара. Арқаны түзу ұстап, тік отыру, оған жартылай бұрылып қарау, қолдың ашықтығы, күлімсіреу, сырт киімнің түймеленбеуі, келісімді білдіретін бас изеу, әңгімеге қызығушылық таныту, ол қарсы болмаса, сөйлесіп тұрған адамға жақындау, білегінен демеу – ашық әңгімеге кепіл.

Зиянсыз қулық. Тіл табыса білу барлығына ауадай қажет. Әсіресе, сауда мамандары үшін қарым-қатынас – олардың жейтін наны. Олар сөздің шынайылығын арттыру үшін әңгімелесушінің қылығын, белгілі бір сөзін, дауыс ырғағын қайталауға кеңес береді. Тек бұл жасанды емес, барынша табиғи, сенімді болуы тиіс. Кез келген жағдайға қарамастан сабырлы, жағымды ырғақпен сөйлесеңіз, әңгімеңіз еліктіріп, жұртты өзіңізге баурап аласыз.

Сөйлесу кезеңдері. Ең бірінші, әңгімелесушінің көңілін аулау мақсатында атын атап шақырыңыз, әзілдесіп, оның қызығатын дүниелері жайлы сұраңыз. Келесі этап – қызығушылықтарды ұштастыру. Оның жоспарларын, көзқарастарын өзіңіздікімен түйістіріңіз. Ортақ ойларыңызды тапқан сайын, әңгіме қызып, қарым-қатынас тереңдей береді. Сөзіңізді өткізу жеңілдейді. Сондықтан, оның өмірінде болып жатқан өзгерістерді, қуаныштары мен қиындықтары жайлы біліп жүрген жөн. Әңгімелесу кезінде болашақ жоспарларын, мазалап жүрген мәселелерін байыппен сұрап алыңыз.