Сырласу
Жан әлеміӨзіңді дамыт

Ой материалдануға ұмтылады

Барлық зат өз негізінде энергия болып саналады. Ойлау кезінде біз үлкен көлемде шапшаң, жеңіл, әрі қозғалмалы формадағы энергияны пайдаланамыз. Бұл – ойлау формасы. Ой әр уақытта белгілі бір форманы иеленгісі келеді, сыртта өзінің бейнесін көрсетуге тырысады. Өзінің физикалық баламасы ретінде материалды өмірге айналу мен ұмтылу оның табиғатының негізінде бар.

126Қаралымдар

Ой-от

Адамның қарапайым ойлары оттың шоқтары сияқты. Шоқтың әлеуеті мен негізін иеленіп, олар тез арада ғайып болады. Бірнеше секунд қана өмір сүріп, олар жоғары көтеріліп, өшіп қалады.

Бір рет санаға келген ой үлкен күшті иеленбейді, бірақ осы ойды бірнеше рет қайталап, назарыңызды жинақтауға, бағыттауға және оның күшін арттыруға болады.

Әлсіз және шашыраңқы ойлар – әлсіз және шашыраңқы күштер,

Күшті және жинақталған ойлар – күшті және жинақталған күш.

Мұны түсіну үшін бірнеше күн сәулесі өтетін үлкейтетін шыныны елестетіңіз. Егер де шыныны жан-жаққа бұрып, қозғалта берсеңіз, онда күн сәулесінің шуақтары шашырап, көрінбейді. Ал, егер де, сіз осы шыныны белгілі бір биіктікте бекітсеңіз, онда жаңағы шашыраңқы күн сәулелері жинақталып, отты тұтататын күшке ие болады.

Ми күші

Біздің ойларымыз да осындай жағдайға тап болады. Ми күшін зерттеу деңгейіне сай сіз өз ойларыңыздың әлеуетін жоғарылатып, оларды жан-жақты дамытасыз, әрі жинақтай аласыз. Осы кезеңде сіз мынаны түсінуіңіз керек: ойлар өзіндік күшке ие болады. Сіздің ұстанатын көзқарасыңыз, қорқыныштарыңыз, үміттеріңіз, қамқорлығыңыз, ұстанымдарыңыз, армандарыңыз және әр ойыңыз сіздің өзіңізге, қоршаған ортаңызға және сіздің айналаңызға әсер етеді.

Көптеген адамдар таңертең тұрған сәтте өз ойларына мән бермейді, мидың қалай жұмыс жасайтынын, нені қалайтынын, неден қорқатынын, өзіне не айтып жатқанын, нені керексіз деп ойлайтынын елемейді. Біз күнделікті өмірде тамақ жейміз, жұмыс жасаймыз, араласамыз, қобалжимыз, үміттенеміз, жоспар құрамыз, сүйіктілерімізбен бірге боламыз, сауда жасаймыз, ойнаймыз, бірақ, осы сәтте өз ойларымызға өте аз назар аударамыз.

Егер де әр ойымыз үшін, оның мазмұнына сай бір доллар берсек немесе бір доллар алсақ, мүмкін біз өзіміздің ойлау процестерімізге баса назар аударар едік. Күн сайын біздің ойымызда мыңдаған ойлардың пайда болатынын ескерсек, бұл ұсыныс қызықты болып көрінеді.

Пайдасыз ойлар

Бухгалтерияны ойлаңызшы, мысалы сіздің ойларыңызды есепке алып және оның қайсысы сізге пайда әкелгенін, ал қайсысы шығын әкелгенін есептеп отырған жағдайда, барлық адамзат шығын әкелетін ойлардан аулақ болып, пайдаға кенелтетін өз ойларын мейілінше аса бір құлшыныспен  бақылауда ұстап, бағыттап отырар еді.

Айтқандай, біз осы жағдайды басымыздан өткереміз, бірақ доллар орнына энергия алға шығады, яғни кең есепке алу жүйесі жұмыс жасайды. Ол Әлем деп аталады, және оның тарапынан бірде бір ой назардан тыс қалмайды.

Ойлау арқылы өмір жасалады

Адамның жан дүниесі жансыз кірпіш пен тас үйіндісі емес. Сіздің әр ойыңыз осы жүйеде көрініс тауып, оған әсер етеді. Сіз қалайсыз ба жоқ па, бірақ ойлау процесі кезінде сіз өзіңіздің шынайы өміріңізді жасайсыз.

Бір таңқаларлығы, жаңа өмірдің бірінші қадамы жеңіл болып келеді: тек қана өз ойыңыздың бағытын қадағалап, оларды тиісінше бағыттап отыру керек.

Әр адам өз өмірін өзі жасайды, сондықтан да өзіңіздің өмір сүру салтыңызға сыни тұрғыдан қараңыз. Сіз қаржылай гүлдену туралы айтасыз, бірақ әр уақытта ақшаның жоқтығына және қымбатшылыққа наразылық білдіресіз. Сіз өзіңізде жоқ нәрсеге баса назар аударып, келген шоттан қорқып, осы жағдайдан қалай шықсам екен деп алаңдатушылық білдіресіз. Сіз қаржылай жеткіліктілікке ұмтыласыз, бірақ сіздің санаңыз ақшаның жоқтығы мен алаңдаушылыққа бағытталған, сондықтан да сіз ешқашан сол жеткіліктілікке қол жеткізбейсіз.

Ойлау образы

Бір сөзбен айтқанда, тек армандаумен ғана іс өзінің оңтайлы шешімін таппайды. Бір нәрсе өзгереді деп үміттеніп отыру еш нәтиже бермейді. Егер де қауырт жұмыс жасап, он екі, он бес сағат жұмыстан бас алмасаңыз да, бұл жеткіліксіз болып саналады.

Бәрі орнынан қозғалу үшін өзіңіздің ойлау образыңызды өзгерту керек. Бұл аса маңызды шарттардың бірі болып саналады.

 

Мырзагелді Кемелдің аудармасы

Джон Кехо