Ақ босағаОтбасы

Отбасылық өмірде махаббатты қалай сақтап қалуға болады?

Үйлену оңай, үй болу қиын. Отбасын құрардың алдында қалыңдық пен жігіттің ара-қатынасында жік болмаса, үйленген соң ыдыс-аяқ сылдырлай бастайды. Оған араға түсетін ағайын-туыс пен сәби өмірге келгеннен кейінгі ұйқысыз түндерді қосыңыз. Осыдан кейін арадағы махаббатты қалай сақтап қала аламыз?

972Қаралымдар

Айтулы сауалды әлі тұрмыс құрмаған жасөспірім қызға қойсаң жауабы дайын. Өйткені оған махаббат шексіз тұңғиық болып көрінеді. Бірақ есейе келе, біз, іңкәр сезімнің кез-келгенге бағына қоймайтындығын, қиын да қызық екендігін байқаймыз. Тіпті отбасы сүйіспеншілікті түбімен жойып, тек бауыр басушылыққа әкеп соғады дейтіндер де баршылық. Дегенмен бұл қате пікір. Психолог мамандардың айтуынша, керісінше, неке махаббатты, сезімді одан әрі тереңдете түседі. Ол үшін не істеуіміз қажет?

1. Құштарлық сезімді естен шығармайық. Бастапқыда пәк сезімнен құралған жанұяның бақытты болуға мүмкіндігі зор. Бірақ, сезім уақыт келе өзгереді. Ол өмір талабы. Алғашқыда махаббаттың буына мас боламыз.

Бастапқыда махаббат келесі сезімдермен сипатталады.

* сүйіктіңді өмір бойы білетіндей сезімде боласың.

* Тек осы жанмен жаның үйлесім тапқандай күй кешесің.

* Оны бір сағат көрмесең сағына бастайсың.

Медицина тілімен айтқанда бұл адам ағзасындағы допамин, адреналин және фенилэтиламин гармондарының миға жетуінен болады. Яғни, айтулы гармондар сүйіктіңді көргенде бөлінеді екен. Бірақ бұл гормондардың көптеп бөлінуі де ағзаға зиян. Сондықтан табиғат ана да әр нәрсені орнымен жасап, бір-екі жылда сезімнің біршама бәсеңсуіне әкеліп соғады екен.

2. Жұбайыңызға дос бола біліңіз. Достық – махаббаттың негізі. Тек достар ғана бір-біріне ішкі жан дүниесін ақтара ашып, құпияларымен бөліседі. Кез-келген уақытта қол ұшын бере біледі. Сондықтан болса керек адам жанын зерттеуші ғалымдар ерінің жұмысына араласып, көмек қолын ұсына алатын жұптардың некелері берік болатындығын дәлелдепті. Сезімдеріңізді қайта жаңғырту үшін бірер сағатқа болса да оңашада қалған артық етпейді. Сондай-ақ, достарыңызбен көңілді кеш өткізу, демалыста сапарға шығу немесе мүмкіндік туа қалса, шетелге саяхатқа аттану бір-біріңізге деген көзқарасты өзгертеді.

3. Отбасылық күйзеліс. Кез-келген бақытты отбасы күндердің күнінде күйзеліске тап болуы әбден мүмкін. Психологтардың айтуынша, мұндай кезеңдер жұптар өмірінде бірнеше рет болуы мүмкін.

1 кезең: өмір сүруді енді бастаған жас жұбайлар бастарынан өткереді. Романтикалық кездесулер отбасылық күйбең тіршілікке айналады.

2 кезең: Сәби өмірге келген сәт жұбайларға қуаныш сыйлағанымен уақыт өте  отбасылық күйзелістің екінші кезеңі қылаң бере бастайды. Әйел көбінесе жарына «күйеу» ретінде емес «әке» ретінде қарағандықтан ер азаматтар өздерін әйеліне қажет еместей сезіне бастайды. Оның үстіне бұрын-соңды жас нәресте бағып көрмегендіктен епсіз болып келеді. Мұндай жағдайда жан жарыңызға түсіністікпен қараңыз.

3 кезең: отбасылық өмірдің 6-7 жылы тағы бір күйзелісті бастан өткересіз. Оның басты себебі жұбайлар бір-бірін толық зерттеп үлгеруіне байланысты болады. Тән қызығушылығы да бәсеңдейді. Сәби шағында былдырлаған тілімен баурап алатын балаңыз да есейген. Осы сәтте кейбір келіншектер «екінші баланың өмірге келуі отбасын сақтап қалады» деген оймен бала көтергісі келеді. Бірақ бұл отбасылық мәселенің шешімі емес. Алдымен отбасылық күйзелістің басты себебін анықтап, оны шешудің жолдарын іздеген жөн. Бір-біріңізді қайта қауыштыратын ортақ істі табыңыздар. Күйеуіңіздің көңілін аулап алатын іс-әрекеттер жасап, жан жарыңыздың махаббатын оятуға тырысыңыз. Күйзелісті артқа тастаған соң ғана екінші баланы өмірге әкелуді ойлай бастаңыздар. Сонда барлығыңыз, сіз де, күйеуіңіз де, дүние есігін енді ашатын нәрестеңіз де бақытты бола аласыздар.

4. Жұбайыңызды ашық әңгімеге шақырудың жолын табыңыз. Отбасылық өмірде келеңсіздіктер кездесе бастағанда-ақ көптеген жұптар «біз бір-бірімізбен әңгімелесуден қалдық» дегенді көп айтады. Уақыт өте келе жарыңыздың жан дүниесіне қатысы жоқ бос әңгімелерді айта келе екеуара қызығушылықты жоғалтып алуларыңыз әбден мүмкін. Оның орнына ыңғайлы бір күнді белгілеп теледидар алдына жайғасып қызықты кино тамашалаңыздар. Сол кинодан көрген әсермен бөлісіп, кейіпкердің орнында сен не істер едің деген ойларыңызбен бөлісіңіздер. Осындай қарапайым тәсілдермен отбасы құндылықтарын анықтаған біршама жеңілірек.