Жан әлеміӨзіңді дамыт

Семіздігім- өміріме кедергі!

1.15K (1000)Қаралымдар

Бала күнімнен артық салмақтан жапа шегіп келемін. Студент күнімде осы кемшілігім үшін құрбыларымның жанында жүруге ұялатынмын. Олар өте сұлу, мүсіні келісті қыздар еді. Кейде өзімді құрбыларыммен салыстырып, неліктен мен секілді семіз, ұсқынсыз қызбен араласатынын түсінбейтінмін. Олар бірініші курстан бастап жігіттермен араласып, сыйлықтарға көміліп жататын. Ал мен болсам, арқасүйер жанның маған әлі кезікпегеніне қаймығатынмын. Бұрын оны ойлап тек көңілім түссе, жиырма үшке келгенде созылмалы күйзеліске ұшырадым. Осы жасқа келгенше өз-өзіммен жұмыс істеуге тырыстым, бірақ қаншалықты арықтасам, соншалықты тез толып кететінмін. Жиырма үш жасымда оқуды тәмамдап, жаңа жұмыс орнына орналасқан едім.  Сол жылы Асқар есімді жігітпен таныстым. Ол өзі сымбатты, өте ақылды, салмақты жігіт болатын. Мен жұмыстың қыр-сырын әлі меңгере қоймағандықтан маған көп көмектесіп, олқылықтарымды жөндеп отыратын. Маған деген қамқорлығымен өзіне бірден баурап алды. Оған қалай ғана ғашық болып қалғанымды аңғармай қалдым. Бұрын соңды сезінбеген сезімді бастан кешірдім. Асқар да маған өзгелереден ерекше қарайтын. Үнемі жаныма келіп жұмысымды қадағалап отыратын. Бастықтан сөгіс естіп қалмауым үшін кінәні өз мойнына алатын. Арамызда бір ұшқынның пайда болғанын сезгеннен-ақ өз-өзімді қолға алуға тырыстым. Енді ол менің арықтап, өз-өзімді күтінуіме себепкер болды. Осылай жүріп, бір айда біраз салмақ тастадым. Оны Асқар бірден байқады. «Ауырып қалған жоқсың ба, үйіңде бәрі дұрыс па?» деген сұрақтарды жаудыртатын. Әрине оның уайымдаған түрін көріп мен де ішімнен марқайып қалатынмын. Уақыт өте берді…Енді жұмысымды Асқардың көмегінсіз-ақ атқара алатын болдым. Салмақ тастаймын деп шешім қабылдағаннан бері өмірім 180 градусқа өзгере кетті. Жұмыстағы басқа қызметкерлердің маған көз қырын салып жүргенін байқадым. Бірақ менің көңілім мен жүрегімде бір Асқар ғана болды. Көп ұзамай ол маған әлеуметтік желілер арқылы хат жаза бастады. Одан бөлек кешкілік кездесулерге шақырып, сезімін білдіріп те жүрді. Әрине, мен мұндай өзгерістерге қатты қуандым. Оның ұсынысын бірден қабыл алдым. Осылайша қыз-жігіт болып жүре бастадық. Уақытты бірге өткізген күндері мен өзімді шынайы бақытты сезінетінмін. Бір-бірімізге ашулансақ та, көңілге тиер сөздер айтып, бір-бірімізді ренжітіп көрген емесіз. Бір күніміз екіншімізге мүлде ұқсамайтын. Уақыт өткен сайын бір-бірімізді сүйетінімізді түсіндік. Осылай жүргенімізге бір жыл толғанда, Асқар маған үйленуге ұсыныс тастады. Менің қуанышымда шек жоқ! Дәл осы сәтте Жаратқанға, осы өміріме шынайы риза болдым! Енді той күнін белгілеп, өміріміздегі айтулы күнге дайындықты бастап кеткен шағымызда мен өзімнің артық салмақтарымның қайта оралып келе жатқанын аңғардым. Бір атада жеті келі салмақ артыппын. Бұл жайт менің қабырғамды қайыстырды. Бақыттан басым айналып, тамаққа деген тәбетім ашылып кетті ме, білмеймін. Таразыдағы сандарды көріп, шалқамнан түстім. Бала күнімнен артық салмақтан жапа шекпесем, қазір әрбір келі үшін қайғырмас па едім?! Енді сүйгенімнің көңілі суып кетер деп қайта уайымдаумен жүрмін. Қайта арықтауға тырысқаныммен, ертеңгі күні балалы болғанда да бұл мәселе артымнан қалмайтынын түсінемін. Асқар салмақ қосқанымды байқаса да, кемшілігімді бетіме баспады. Дегенмен, бұл уақытша. Болашақта оның көңілі басқа да сұлу, мүсіні келіскен қыздарға ауып кетеді деп қорқамын. Қорқынышен күндер кешіп келемін…