Ақ босағаОтбасы

Скандинавтық стиль ерекшелігі

Бұл стильді ұнатпау мүмкін емес. Өйткені скандинавтық стиль көпті көзге жағымдылығымен, табиғи және барынша қарапайымдылығымен баурап алады. Мұнда еш артық дүние жоқ. Оның құрылысы да қарапайым. Бұл жерде сіз неоклассика, барокко, ампир стильдеріне тән сән-салтанатты кездестірмейсіз.

966Қаралымдар

Аталған үлгіні көбінесе жас буындар, я болмаса күйбең тіршіліктен шаршағанда үйіне барып жайлылықты сезініп, таңертең сергек оянғысы келетіндер таңдайды. Скандинавияда сіз алтын жалатылған өрнектер, күрделі жапсырмаларды кездестірмейсіз. Мұнда тек хром және қола түстерін табуға болады. Негізінен интерьерге бейтарап: ақшыл сары, ашық сұр, аспан көк және ашық жасыл түстер қолданылады. Бірақ стильдің негізгі түсі ретінде ақ түсті атаймыз.

Үйді жабдықтаушы әр дизайнердің стильге сай өз болжамы бар. Бірі скандинавия үлгісіне тек аққа жақын біркелкі түстерді таңдаса, енді бірі түстерді өзінше ойнатып, ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас интерьерді дүниеге алып келуі мүмкін. Оның бәрі тапсырыс берушінің қалауы, оның түстерге деген қызығушылығына байланысты іске асырылады.

Бұл – қабаттаса безендіруден жалыққан, өзгешелік пен қарапайымдылықты бағалай білетін жандарға таптырмас үлгі. Аталған сипаттардың өзі-ақ скандинавия стилінің бар ерекшелігін айқындап тұрғандай.

КЕҢЕС

Жалпы, жарықтандыруда жарықдиодты шамдарды қолдану тиімді. Өйткені ол сізге ұзақ уақыт бойы қызмет етеді. Салқын ақ және жұмсақ сары түсті сәуле шашатын шамдар көзге жайлы әрі денсаулық үшін қауіпсіз. Мұны түнгі шам ретінде қолданса да болады. Ал ол шамның түсі мен қаттылығына байланысты.

Стильге тән шамдар

Аспалы шам кез келген интерьердегі ең басты элемент. Өйткені үйдің дәл осы бөлшегі тұрғылықты жайдың көркін келтіріп, қайталанбас жайлы атмосфера сыйлайды. Скандинав стилінде қолданылатын аспалы шамдар барынша қарапайым, ал­уан түрлі геометриялық пішіндерден шағындалып жасалады. Сөйте тұра, ол ерекше талғампаздығы және әмбе­баптылығымен ерекшеленеді. Бұл шамдар кез келген заманауи интерьерге тамаша үйлеседі. Ескеретіні, қалпақ­шасы үлкен, дөңгелектеу, мөлдір шыныдан жасалған және жасалуы күрделі аспалы шамдардан аулақ болған жөн. Одан көрі оның жарықтандыруы жағына аса мән бергейсіз.

Безендірулер – жағымды әсер кепілі

Скандинав стилінде қабырғалар миниатюралық картиналар немесе сөрелермен, мүсіндермен безен­діріледі. Түстері мен пішіні әртүрлі гүлсауыттармен жабдық­талады. Сондай-ақ, шағын жастық­тар мен отырғыш жастықшалар, түрлі орындықтар, кішкентай кілемдер, әдемі сауытқа салынған балғын гүлдер стильдің көркін аша түспек.

Интерьерге жиһаз таңдайық

Скандинав стилі қазіргі таңда бүкіл әлемге танымал. Бұл бағытқа қарапайымдылық, функционалдылық және жайлылық тән болғандықтан, интерьердің негізін ашық, жылы түсті табиғи материалдардан жасалған жиһаздар құрайды. Яғни мұндағы заттардың дизайны өте ыңғайлы, қарапайым болып келеді. Атап айтқанда стильдегі жиһаздарға: ағаш, зығыр, мақта, велюр, тас және жұмсақ былғары сияқты табиғи материалдар қолданылады.

КЕҢЕС

Скандинав үлгісінде терезе ең маңызды рөл атқарады. Өйткені интерьерде қабырғаны төбеден еденге дейін түгел алып жатқан үлкен терезелер қондырылады. Ондағы мақсат бөлмені барынша жарықтандырып, күн сәулесін молынан пайдалану.

Еденді қалауыңызға сай түрлендіріңіз

Бүгінгі таңда еденнің түрлері өте көп. Оны қаржыңызға қарай қарапайым түрінен бастап, қиюластырып, өрнектеп төсейтін жұқа тақтайшалар, яғни ең бірегей паркеттерге дейін таңдау еркіңіз бар. Егер паркет төсеуді ойласаңыз, үй кеңістігі сәйкес келсе, оны шырша тәрізді немесе тігінен төсеу нұсқасын қарастырып көріңіз. Ал бөлмелер шағын болса, паркеттің ақшыл салқын реңктерін таңдауға кеңес беремін. Білікті дизайнерді таңдай білсеңіз, ол еден түрін қаржылық жағдайыңызға қарай ұсына алады. Ол сізге еден жабындыларын өндіретін атақты бренд, не компания өнімдерін таңбайды. Сондай-ақ еденге бұдан басқа линолеум, ламинат, винилам сияқты жабындыларды қолдануға болады. Мұның бәрі еден сапасының төзім­ділігіне және үй-жайды немесе кеңселерді, нақты қай мекенді жабдықтауыңызға байланысты.

Назира,   Сарайбаева

«Сырласу» журналының

интерьер дизайнері  +7 707 151 50 65  nazira.in.design