Сырласу
Ас мәзіріНегізгі ас

“Сірне” әзірлейік

Қазақ халқының болмысынан сыр шертер астың бірі - сірне. Оны әзірлеу аса қиын шаруа емес. Аузыңызда еритін, бал татыған сірне дайындағыңыз келсе біздің мәзірге назар салыңыз.

1.26K (1000)Қаралымдар

Құрамы

  • 3 келі қой еті
  • 1 келі картоп,  500 гр. сәбіз
  • 60 гр. сарымсақ,  350 гр. пияз, 50 гр. көк пияз
  • 20 гр. салат жапырақтары, 250 гр. аскөк пен ақжелкен
  • 50 гр. черри қызанағы,
  • Дәміне қарай тұз бен қара бұрыш және лотос қосылады.

Дайындау әдісі:
Бұл тағамға қойдың барлық бұлшық етті мүшелері жарамды. Еттерді кесек-кесек турау қажет. 5 сағат бойы баппен піскен кезде кесектердің кішірейетінін ескерген дұрыс. Тағам құрамындағы көкөністер мен еттің сөліне ғана пісетін сірнеге май мен су қосылмайды.

Үлкен картопты екіге бөліп, кішіректерін бүтін қалпында қалдырамыз, сосын сәбізді тураймыз. Тым үлкен көлемділерін үш-төртке бөлеміз, кішірек сәбіз екіге ғана бөлінеді. Пиязды екіге бөліп жартылай сақинаша формада тураған дұрыс.

 

 

Сірне құрамына қажет заттардың барлығын турап алған соң, қазанға ыңғайлауға кірісеміз. Ең алдымен қазан түбіне туралған пиязды орналастырамыз. Одан соң еппен еттерді қойып шығамыз. Еттен соң картоп пен сәбіз және сарымсақтардың реті келеді. Бірінші қабат аяқталды.

 

Тұз бен қара бұрыш және лотосты себеміз. Екінші қабатты дәл сондай әдіспен орналастырып шығамыз. Барлығын орналастырып болған соң, еттің беткі қабатына аскөк пен ақжелкен саламыз. Қазанның қақпағын бу шықпайтындай мықтап жабамыз да әлсіз отқа қоямыз. Көкөністердің сөлі әлсіз отта жақсы бөлінеді де, етке сіңеді. Нәтижесінде “сірне” деп аталатын қайталанбас дәмге ие қазақтың ұлттық асы дайындалады. Көк пияздан шашақ, ал салат жапырақтары мен черри қызанағынан әдемі гүл жасап асты дастарқанға ұсынуға болады.