Жан әлеміӨкініш

Сүйіктімнен қапияда айрылып қалғаныма өкінемін…

Махаббат қызық мол жылдар...» деп Абай атамыз текке айтпаған ғой. «Сырласу» журналында өмірдегі өткен шытырман оқиғаларды оқып, өзімнің де өмір белесімнен сыр бөліскім келді. Мен табиғатымнан тұрақты жанмын. Алғашқы да, соңғы да махаббатым СОЛ ғана деп өмір сүріп келемін. Жасым 23-те әлі жаспын...Бірақ...

2.57K (1000)Қаралымдар

Менің 9-сыныптан дос болып келе жатқан махаббатым күндердің бір күнінде менен бас тартты. Ол оқиға былай болған-ды. Екеуіміз мектеп бітіріп, бір жоғарғы оқу орнының бір факультетіне түстік. Қызыққа толы 4-5 жыл бірге оқыған соң университетті бітіретін жылы бір айдан кейін үйленеміз деп шештік. Ата-аналарымыз да бұл шешімімізге қатты қуанды. Бізге көп адамдар қызыға қарайтын. Сөйтіп жүргенде ол маған бір жапырақ қағаз ғана қалдырып, кетіп қалды. Ата-анамыз ауылдық жерде тұратындықтан ешнәрсе түсінбедім. Ол хатта: «Жаным, мен сені сүйемін, бірақ бұдан әрі бірге бола алмаймыз, себебін сұрама. Мен сені ешқашан бақытты ете алмаймын. Мені шын сүйсең, өзіңе басқа серік ізде де, бір жақсы адамға тұрмысқа шық. Сен бақытқа лайық жансыҢ! Екеуміз өткізген күндер менің ең жарқын күндерім болып қалады. Әрқашан сенің тілекшіңмін. Қош бол! Әли» деп қана жазылыпты. Мен ол кезде тойдың қамымен Алматы жаққа барып келгенмін. Тез арада ұялы телефонына хабарластым. Өшірулі. Аға-жеңгесіне хабарласып та ешқандай жауап ала алмадым, бәрі «ол қыдырып кетті» дейді. Достары да ештеңе айтпады. «Мүмкін басқа біреуге үйленейін деп жүрген шығар, біреу одан жүкті боп калды ма?» деген неше түрлі ойлар келді басыма. Не болса да оның еш себебін түсіндірмей кетіп қалғаны жаныма батты. Сөйтіп, 1-2 жұмадай уақыт өткенде ата-анасымен сөйлеспекке ауылға қайта бардым. Бірақ, папасы онымен бірге кетіпті. Мені анасы қарсы алды (11-жыл бойы сабақ берген ұстазым болғандықтан анасымен еркін сөйлесетінмін). Анасы бірден көзіне жас алды, мен сол кезде оған бірдеңе болғанын сездім. Ол бір ай бұрын өзінің қатерлі дертке шалдыққанын біліп, Мәскеудің ең жақсы емханасына кезекке тұрып, уақыты келіп сол жаққа ұшып кетіпті. Бәрінен маған ештеңе айтпауларын өтініпті. Мен бұл хабарды естігенде көзімнен жас та шықпай қатып қалдым, маған өмір аяқталғандай болды. Үйге келіп 3 күн ешкіммен сөйлескен де, тамақ ішкен де жоқпын. Содан әке-шешем ақылдаса келіп, маған Мәскеуге билет алып берді. 2 күннен соң ұшып кеттім. Әуежайдан өзі тосып алды, түрін көргенде шошып кеттім, құр сүйегі ғана қалыпты. Екеуміз үнсіз құшақтасып, көп тұрдық. Ештеңе де сұрамай, екеуміз тек өткен қызықтарды ғана еске алдық. Түнгі қалада көп қыдырдық. Бірақ, ол өз операциясының уақытына жетпей, менің тіземе басын қойып, сүйгенім мәңгі ұйқыға кетті. Дәл сол кезде Әлиімнің әкесі жанымда болмағанда жынданып кетер ме едім кім білсін?! Сөйтіп, сүйіктімді ауылға әкеліп жерледік. Қызылға бітірейін деп тұрған сәтімде дипломым да, бәрі жайына қалды. 1 айдай қабыр басына күнде барып тұрдым. Қасымда «өзіңе бірдеңе істеп қоймасын» деп апам бірге жүрді. Сөйтіп жүріп 3 айда уақыт өткенде мен өзімнің аяғым ауыр екенін білдім, оған қуанбасам жылаған жоқпын. Оның ата-аналары да естігенде қатты қуанды (үйдің жалғызы болатын).

Міне, содан бері 2 жыл уақыт өтті. Қазір кішкентай Жігеріміз шауып жүр. Атасы мен әжесі ауылдан келіп иіскеп-иіскеп кетеді. Тегін де атасының атына жаздық. Биыл жазда қабыр басына баламмен бірге барып құран оқытып келдім. Анасы бірде «Балам, жалғыздық құдайға ғана жарасқан, сен ештеңеге міндетті емессің, болашағыңды ойла. Керек десең Жігерді біз алайық. Тұрмыс құр, ақ батамызды береміз», – деді. Бірақ, мен «жалғыз емеспін, балам бар, сол үшін өмір сүремін», – деп жауап қаттым.

Қазір менің өмірге деген көзқарасым өзгерген. Бар өмірімді тек балама ғана арнаймын. Бар арманым – баламды әкесі сияқты адал ер азамат етіп өсіру. Суреттен «бұл сенің папаң», – деп көрсетіп қоямын. Өзі де аумайды. Солай құрбылар, қазір қалада тұрып жатырмыз, (айтпақшы дипломымды алғанмын) жақсы жерде жұмыс істеймін. Ата-анамның, Әлиімнің ата-анасының арқасында аяғымнан тік тұрдым. Десе де, өзегім өкінішке толы… Өмірге деген өкпем баршылық… Сүйіктімнен қапияда айрылып қалғаныма әлі де өкінемін…

Алда ешқандай жоспарым жоқ. Менің басымнан өткен қайғыны еш адам баласына бермесін… Ал, мен Әлиімнің жарқын бейнесін кеудеме басып, Жігерім арқылы алға басып жүре беремін…

Айша, Тараз