ОтбасыОтбасы бюджеті

Тиімді сауданы қашан жасаған дұрыс?

Тынымсыз тіршілік еткен заманда адамның әрбір күнін саудасыз елестету қиын. Бүгінде «сауда мақсаты – ұту» дегендей, әрбір тұтынушының өзінше ұтқысы келеді. Ал ол үшін қазақ «қыстың қамын жаз ойла» дейді. Яғни, әр нәрсеге алдын ала қамданып жүрсек, біршама «экономикалық тосынсыйларға» төтеп беруге болады.

635Қаралымдар

Қазір ірі қалалардағы сан алуан дүкендер әр маусымда жеңілдік жариялап отырады. Бірақ оң мен солды бағдарлап көрсеңіз, әр тауардың құнында өзіне тән ескеретін тұстары бар. Оны әсіресе Жаңа жыл қарсаңында біліп жүргейсіз. Себебі соңғы жылдары Жаңа жыл алдында жеңілдік жасалған тауарлардың бағасын салыстырып көрсеңіз, «қайта алдыңғы айларда арзан сияқты еді ғой» деген ойға қаласыз.

Осы тұста материалдық құндылықтарды сатып алуды қашанға жоспарлаған дұрыс? Желтоқсанда ма, әлде қаңтарда ма? Бұл сұрақтарға біз өзімізше жауап іздеп көрдік.

 Ұялы телефон, планшеттер

Мобильді телефондар жыл соңында жаппай сатылады. Өйткені Жаңа жылда әркім өзіне немесе жақындарына жаңа зат сыйлағысы келеді. Соған сәйкес бағалар да сездірмей шарықтай түсетінін сауда саласының мамандары растап отыр. Десе де, олар телефонның жаңа нұсқасы шыққан мерзімге көбірек мән беруді ұсынады. Көптеген алып компаниялар жаңа құрылғыларды күзде таныстырады. Оларға 2-3 айдың ішінде жеңілдіктер жасала бастаса, бір жылдан кейін бағасы 10-25% дейін төмендейді.

 Компьютер, теледидар

Ноутбук немесе компьютерді жаз мезгілінде сатып алған қолайлы. Қыс мезгілінде бұл тауарларға аса жеңілдік бола қоймайды. Ал, теледидар бағасы күз бен қыста шарықтай түседі. Себебі халық жазда көп уақытын далада өткізуге тырысса, қыстың суығында ақ көрпеге оранып, «көк жәшіктің» алдынан бір елі шыққысы келмейді. Оған мерекелік көңіл-күй де қосылады дегендей. Жаңа жылдан кейін олардың бағасы күрт төмендей бастап, жазда әжептәуір арзан бағаға сатылады.

Автокөлік

Егер көлікке көңіліңіз ауып жүрсе, оны қаңтар мен ақпан айларына жоспарлаңыз. Осы кезде сіз автомобильдің өткен жылғы моделін жеңілдікпен сатып ала аласыз. Ал, наурыз айына қарай, қалған көліктердің бағасы айтарлықтай төмендейді. Сосын көлік саудасы жөніндегі мамандар көліктердің бағасына өзгеріс енгізетін диллерлерді, банк акцияларын және мемлекеттік автокөлік нарығын қадағалап жүруге кеңес береді.

Тұрмыстық техникалар мен жиһаздар

  • Жалпы, ірі тұрмыстық техникалар, жиһаздар жаздың басында және жөндеу жұмыстарының аяқталуына қарай – күзде жақсы сатылады. Осыны ескерген сатушылар олардың бағасын сол маусымдарда қымбаттата түседі. Оларды арзан бағада сатып алу үшін қыста қамданған жөн. Ал, аса қажет болса, мейлінше қаңтарға дейін күте тұрыңыз. Жаңа жыл алдындағы көп мөшердегі жеңілдікке сын көзбен қарау керектігін ұмытпаңыз. Қайта қаңтар айында, тұтынушылық қабілет азайған тұста дүкендер ынталандыру мақсатында шынайы жеңілдіктерді көбейтеді.
  • Желдеткіш құралдар жазда, жылытқыш құрылғылар қыста басқа мерзімге қарағанда 2-3 есе қымбаттауы мүмкін. Сондықтан жаздың ыстығын қыста, қыстың суық болатынын жазда ойлап қойыңыз.
  • Үлкен және шағын сауда орталықтары көбінесе мерекелік науқанды бағып отырады. Мұнда ескеретін жайт – сауда орталықтарына барар алдында өкініп қалмас үшін небәрі 5 минут уақыт бөліп, ғаламтордан бағаларды салыстырып алыңыз.
  • Кейбір компаниялардың маркетингтік жоспары маусымға тәуелді болмайды. Мысалы, тұрмыстық техникалық жабдықтар екі апта сайын жаңарып отырады да, алдыңғы тауарларды барынша сатып жіберуге тырасады.

 Киімдер

Киім сатып алуда отбасылық бюджетті үнемдеудің ең тиімді жолы – маусымдық сатылымда жанталаспау, Яғни, киімді жыл мезгілі аяқталарда немесе оған біршама уақыт бар кезде сатып алған өте тиімді. Сондықтан, қыстық пальто, не етікті қыста емес, көктемгі сатылымда алып қоюды әдетке айналдырыңыз. Сол кезде біршама қаржы үнемдейсіз. Жаздық киімдерді де қыста, не күзде сатып алған тиімді. Осылайша қаракүзен тондарын да қыс соңында немесе көктемде қыстағы бағасынан жарты есе арзанға алуға болады. Ал, аса қымбат емес киімдерді үлкен сұранысқа ие болған сәтінде емес, мезгіл басталарда алып қойған жақсы.

Көбісі «арзанның суы татымас» деген сеніммен жеңілдіктер кезінде дүкенге барудан бас тартады. Шын мәнінде олай болмауы мүмкін. Өйткені дүкеннің иесі «өткен маусымның топтамасы жыл өткен соң сәннен шығып қалады» деген оймен барлығын сатып жіберуге асығады. Маусым аяқталарда тіпті ең қымбат, брендтік тауар бағасы да бірнеше есеге төмендейді. Мұндай жаппай сатылымнан кейін дизайнерлер қымбат әрі жаңа топтамаларды дүниеге әкелу үшін белсенді жұмыс істей бастайды. Бұл жерде кез келген тауардың бағасы оның брендіне, матасы мен өндірілген мемлекетіне де байланысты.

Косметика

Косметика қашан да өзекті. Әсіресе оның маңыздылығы бүгінде ерекше артып тұр. Сондықтан аса мерзім талғамайды. Біз бұл тұста тек косметикалық дүкендерде ұтылып қалмау жолдарын айтамыз.

  • Нақты емес бағалар. Дүкендерде бір жерде бірнеше баға тұрғанын байқаған боларсыз. Онда көзіңіз көлемді не жарқын түсті қағазға жазылған арзан бағаға түскен де шығар. Бұл бағаны көріп шаттанған тұтынушы кассаға қарай жүгіреді. Сөйтсе, тауарды ол бағаға тек арнайы картасы бар адамдар сатып ала алады немесе қандайда дүниені қосымша сатып алғанда ғана жеңілдік жасалады.
  • Сатып алынатын зат мөлшері. Сатушылар ең төменгі парфюм құнын көрсетеді. Мысалы, 30 мм иіссу 30000 тг тұрады делік. Оның қасында 50 немесе 100 мм құтыдағы иіссулар бар. Бірақ оның бағасы көрсетілмеген. Оны сатып алушы 50 мм құтыны да сол бағада деп ойлап, алып кетеді. Әрине, ешкім 50 мм парфюмді 30 мм хош иістің бағасына сатпайды.
  • «50 мың теңгеге тауар ал да, сыйлыққа ие бол». Бұл да сатып алушыны қызықтырудың бір жолы. Десе де, сыйлыққа мерзімі өткен, не танымалдығы төмен бір тауарды қосып беруі ғажап емес. Әдетте аталған сыйлықтар қатарына телефонға қыстырғыш, шашқа тағатын резеңкелер, мата сөмкелер немесе косметикалық үлгілер ғана беріледі.
  • Әдемі қаптамадағы сыйлық. Мұндай сыйлық жинақтары әсіресе Жаңа жыл мен 8-наурыз мерекелері қарсаңында жиі орын алады. Оның ішінде тауарлардың мерзімі жақындаған болуы мүмкін. Оған қоса, қаптамадағы сыйлықтардың бағасы тиімді көрінгенімен, жеке-жеке алып қарастырсаңыз, әлдеқайда арзанға түсуі ғажап емес. Бұл сыйлықты себетке салмас бұрын, бағаларын салыстыруға ерінбеңіз.