СұқбатСыр-сұқбат

Томирис Төлегенова: “Сән әлемі – өзгеше орта”

Мерекелік санымыздың бас кейіпкері – жастығына, сабағының қиындығына қарамай, қабілетін жан-жақты дамытып, бірнеше елді аралап үлгеріп өзіндік ой түйе білген жас модель. Томирис төрт жылдан бері Junior Fashion Week сән жобасының белді мүшесі. Junior Fashion Week – еліміздегі балалардың эстетикалық дамуына, бойындағы талантының ашылуына септігін тигізіп жүрген ашық алаң. Бұл жобаның мақсаты – әлемге еліміздегі бүгінгі жас ұрпақтың қабілеттілігін дәлелдеу. JFW балалар дизайнерлерін, стилистердің басын қосып жүрген үлкен орта.

783Қаралымдар

Томирис, әңгімемізді Junior Fashion Week-ке қалай келуіңнен бастасақ.

ТТ: Мен бала күннен болашағымды актриса, модельдік және дизайнер сынды шығармашылық салалармен байланыстырғым келді. Кейін талғамым мен қызығушылығым өзгерсе де, модель болу арманым өзгермеді. Әуелде мұқабаға шыққан, әлемдік брендтер көрсетіліміне қатысқан көптеген қыздар мен жігіттерді көрдім. Олар менің кумиріме айналды. Кейін мені анам JFW жобасының кастингіне апарды. Бәрі ойдағыдай өтіп, келісімге қол қойғаннан соң, кәсіби сән сахнасына алғаш рет аяқ бастым. Алғаш­қы көрсетілімім 2016 жылдың желтоқсанында Астанадағы ұлттық мұражайда өтті. Бұл шоу­да қазақстандық және шетелдік дизайнерлердің бірнеше топтамалары таныстырылды. Сондай-ақ, онда би көрсетілімі болып, оған мен де қатыстым. Осы жобаның арқасында көрсетілімдерден бөлек, бірнеше жарнамаға және түсірілімдерге түсуге мүмкіндік алдым.

 Модель болудың қандай артықшылығы мен кем­шілігі бар? Оның талаптары қандай?

ТТ: Негізі бұл саланы әркім әртүрлі қабылдайды. Біреу үшін ол құр пайдасыз ақша құрту болса, ал мен сияқты кейбір жандарға ол сүйікті ісі. Бұл топтамаларды көрсету мақсатында ғана ұйымдастырылатын шоулар емес, өте қызықты түсірілімдер алаңы. Мысалы, жақында Бенгал мысығы және Самоед иттерімен жарнамалық түсірілімдер сериясын өткіздік. Одан бөлек, көрсетілімге дайындық кезінде көптеген қызықты адамдармен танысамын. Достар та­уып, олармен бүгінге дейін араласып тұрамын.

Модель болудың жағымды жақтары өте көп. Соның ішінде ең негізгісі –дизайнерлердің қызықты коллекцияларын жарнамалау. Тағы бір ұнайтын тұсы – сәнгерлік туралы дәрістер мен шеберлік-сабақтары. Оған сахнада дұрыс жүруді үйрету ғана емес, би билеу, суретке дұрыс түсу және актерлық шеберлігі кіреді. Бұл көптеген мүмкіндіктерге толы, әлеуметтік орта.

 Сәнгер қыздар басқа қыз­дардан несімен ерекше? 

ТТ: Бұл жерде модельдер мен қарапайым қыздарды салыстыру қиын. Себебі бұл қанша жерден кәсіби агенттік болғанымен, балаларға арналған. Мұнда ересектер студиясындағыдай аса қатал талаптар жоқ. Әйтсе де, мен әдемі қыздың бәрі модель бола алмайтынын айта аламын. Қыздар толық, аласа бойлы не ұзын, қысқа шашты болғанына қарамай, тартымды болуы мүмкін. Кейде адамның сұлулығын үлкен көзі, жібектей шашы немесе бетіндегі сепкілі айқындап тұрады. Бірақ кәсіби агенттіктер қыздардың мұндай ерекшелігіне қарамайды. Оларға ең бастысы әрлеушілердің жұмысына сай мінсіз бет кескіні, ишара және дене қимылымен жақсы жұмыс істей алатын адамдар қажет. Модельдер белгілі бір кескінді дұрыс көрсетіп, көрерменге жеткізе алуы тиіс. Сол үшін көп жағдайда мінсіз келбет пен 90-60-90 дене бітімі талап етіледі. Дегенмен, қазір сыртқы көріністері әдеттен тыс, ерекше модельдер бар. Оған терісінің түсімен ерекшеленетін Winnie Harlow-ды атауға болады. Кәсіби модельдердің қарапайым қыздардан басты айырмашылығы – олардың өзін көрсете алуында және өзіне таңдалған кескінді дұрыс жеткізе білуінде деп білемін.

 Сен үшін бүгінге дейінгі көрсетілім­дердің қайсы­сы ерекше өтті?  

ТТ: Әрбір сән көрсетілімі деңгейіне қарамастан, қызықты әрі ерекше өтеді. Дегенмен 2017 жылы жазда өткен сән көрсетілімі жайында айтып берсем деймін. Біз оған ұзақ уақыт бойы бар ынтамен дайындалдық. Көрсетілім түрлі фотосьемкалар мен әдемі безендірулер, ерекше образдармен есте қалды. Ол кезде мен 3 дизайнердің туындысын киіп шықтым. Олар: brosh kids пен Ekaterina ivankova және менің сүйікті viva брендім. Ондағы барлық образ бір-біріне мүлде ұқсамайтын, өзінше айрықша болды. Сонымен қатар модельдер сән сахнасына гироскутермен шығып, елді таң қалдырды. Ал, viva модельдері ақ көйлек киіп, арқасына қанат байлап, періште бейнесінде шықты. Алдағы көрсетілімдеріміз де естен кетпестей жақсы өтетініне сенімдімін.

Сән әлемінен бөлек қандай істермен шұғылданасың?

ТТ: Мен бұдан басқа көптеген нәрселерге қызығып, бірнеше бағытта өзімді сынап көрдім. Бұл әдетімді бүгінге дейін жалғастырып келемін. Осы уақыт ішінде ұлттық және бал билері, теннис, жүзу, каратэ, йога сынды бағыттарды байқап көрдім. Бірақ барлығына қатыса жүріп, менікі емес екенін түсіндім. Мен сурет мектебінде 6,5 жыл тәлім алып, негізгі курсын да бітіргенмін. Қазір жаңа әдістерді пайдаланып, үйде өзім сурет салып жүрмін. Ал бимен айналысып жүргеніме көп уақыт бола қойған жоқ. Мен бидің бағытын таңдауда ұзақ ойландым. Бақытыма қарай, жазылған орталығымда хип-хоп пен вакинг биіне негізделген all styles атты топ бар. Соған қатысып жүрмін.Көп елге саяхаттап­сың. Әр саяхаттан қандай әсер аласың?

ТТ: Бұрын ештеңеге аса мән бермейтінмін. Ал қазір әрбір саяхаттан өз жаныма жақын дүниелер түйіп келемін. Әр мемлекет және олардың асханасы бір-біріне ұқсамайды. Мүлдем басқаша. Қазір әр жол сапардан кейін белгілі бір затқа, кейде бір оқиғаға деген көзқарасым мен талғамым өзгеріп келеді. Бірде мен 3 апта бойы шетелде тіл үйрететін жазғы лагерьге қатыстым. Ол жерде бірде бір қазақ болған жоқ. Орыс ұлтынан бір-екі ғана адам болды. Сол себепті елге қайта оралғаннан кейін өзім үшін қалыпты болған дүниелерге өзгеше қарай бастадым. Байқасам, өз төсегімді, үйдің тамағын ерекше сағыныппын. Лагерьде сорпа секілді сұйық тамақтар ішпей, тек көше тамақтарын жедік. Сол сияқты саяхаттан елге қайтқан әрбір адам үйрен­шікті нәрсесіне өзгеше қарай бас­тайды. Кейде қолда барын аса бағалап, кейде осы күнге дейін өмірдің мәні санаған дүниесі түкке тұрғысыз болып қалуы мүмкін.

 Өзіңді сипаттап берші. Өмірде қандай қызсың?

ТТ: Негізі мінезім жеңіл емес. Кейде ештеңені қаламай, өз-өзіммен оңаша қалғым келеді. Көптеген жағдайда бұл менің айналамдағы адамдарға әсер етеді. Менің ең жақын адамдарымның қатарына мені түсінетін және мен сенім арта алатын адамдар кіреді. Негізінде модельдің жұмысы әлі де талқыланып келеді және көптеген түрлі қағидаларға толы. Менің өмірімде осы саланы шынайы қабылдай алмайтын, сондай қалыптасқан қағидаларға сенетін адамдар көп. Десе де, мені бұрыннан танитын адамдар әр бастамамды қолдап, қолпаштап отырады және ақыл-кеңесін аямайды.

Бүгінде қайда оқисың? Білім мен жұмысты қатар алып жүру қиын емес пе?

ТТ: Жобаларға қатысқалы бері бір мектеп ауыстырдым. Қазір Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алудамын. Екі мектептің білім беру бағыты бірдей болғандықтан, оқуды әрі қарай алып кету маған оңай болды. Әлбетте НЗМ-да білім алу басқа мектептерге қарағанда қиын. Сондықтан үлгермей жатқан күндері түсірілімдер мен дайындықтардан бас тартамын, бірақ бірден оның орнын толтыруға тырысамын. Алайда кейбір түсірілімдер аптаға созылады. Сондай кездері үйге кеш келіп сабағымды оқуға үлгермей жатамын.

Болашақта да сән саласын жалғастырғың келе ме? 

ТТ: Жалпы, иә, мен модельдік бизнес­пен байланысты жалғастырып, осы салада өзімді одан әрі дамытқым келеді. Бірақ мектепті аяқтаған соң, модельдіктен бөлек, қонақ үй кәсібін меңгерсем деймін. Бұл да өзінше қызық мамандық. Нақтысын болашақта көре жатармыз.

Junior Fashion Week – еліміздегі балалардың эстетикалық дамуына, бойындағы талантының ашылуына септігін тигізіп жүрген ашық алаң.