Сырласу
Жан әлеміӨкініш

Тоқал болғым келеді…

2.49K (1000)Қаралымдар

Жасым қырық екіде, бірақ әлі босағаның оң жағында отырмын. Дана халқымыз «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деп бекер айтпаған екен. Мектепті үздік бітірдім. Жоғары оқу орнына өз күшіммен түсіп, қызыл диплом алдым. Жақсы жұмысқа тұрып, қызыл дипломның қызығын көрдім. Жастық максимализмнің буымен өмірдің мағынасы – жемісті жұмыстың жеңісін көру деп ұғынып, мансап қуып, жасымның қырықтан асқанын байқамай қалыппын. Қазір менде барлығы бар. Пәтер, көлік, тәуелсіздік! Бірақ әйел бақыты жоқ. Қыз балаға келгенде уақыт сараң, сұрқия… Отызға дейін үмітің үстемеленіп, бағаң биік болып тұрса, отыздан кейін бақыттың базарына кіремін деген арманың ақырын- ақырын алыстай береді екен.

Отызында отау құрып, бір шаңырақтың отын маздатып отырған қыз балалар жоқ емес, бірақ жылдар жылжыған сайын таңдау аясы тарыла береді. Кішкентай күнімнен тек алда жүргендіктен, менде барлығы жоғары деңгейде болу керек деген өзімшілдікпен ешкімді елемеппін. Маған көңіл білдірген жігіттер көп болды, олардың ішінде өзге ұлт өкілдері бар, бірақ басқа ұлтқа жар болу ұлттың жойылуының төте жолы екені тәрбиеммен келіп, түйсігімде тамырлап қалғандығы сонша – өзіме де, ұлтыма да ондай қиянат жасай алмадым. Басқа жігіттердің сезімдеріне селкеу қарап, қырықтың қырқасынан асып та кетіппін.
Қазір мені пәтер де, көлік те қуантпайды. Жанымды жалғыздық жеп барады. Жан-жағыма қарасам отбасылы, балалы-шағалы адамдар көп. Мен ғана уытты уақыттың жіпсіз желі айдап тастаған жапандағы жалғыз жапырақтаймын. Ендігі арманым – балалы болу. Көлденең көк аттыдан емес, көңілімнің терезесімен тең адамнан бала сүйіп, бақыттың балын татқым келеді. Мейлі, ол адам отбасылы бола берсін, мен тоқал болуға да бармын.

Жұмысы жоқ, алға қойған мақсаты айқын емес, тек бір елеспен өмір сүретін адаммен қалған өмірімді құрбан еткім келмейді. Балама әке бола алатын, арқа сүйер сенімді азаматтың бәйбішесінің разылығымен екінші жар болғанды ұят санамаймын. Жеңілтек жігіттер көбейіп, жауапкершілігі мол, есті ерлер азайып барады. Қазақтың қаншама ақылына көркі сай қыздары басқа ұлтқа қолжаулық болып кетуге мәжбүр. Қазақ жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпау мақсатында тоқалдықты ойлап тапты. Қазір заман өзгерді, бірақ бастары бос болса да, жесірдің күйін кешіп жүрген қазақ қыздарын басқа елге қаңғытпау үшін тоқалдықтың болғанына түсіністікпен қарау керек. Жалғыздық желегін жамылып, әкесіз бала тәрбиелеп жатқан қазақ қыздары қаншама! Олардың қатарында болғым келмейді. Жауапкершіліктен қашпайтын, тегі таза қазақ азаматының тоқалы болғым келеді… Оның үстіне құрбыларымның маған жаны ашып, мүләйімсіп қарағанынан жалығып кеттім. Неге маған мүсәпірге қарағандай қарайды?! Мен – жай ғана тұрмысқа шықпай қалған қызбын. Тіпті балалы болғанға денсаулығыңның мүмкіндігі жете ме дегенді ашық түрде айтатын құрбыларым да бар. Мен өзімнің мүмкіндігімнің жететініне сенгім келеді. Үмітімді үзгім келмейді.

Ғақлия ҰШАРБЕК

КЕҢЕС:

БАҚЫТЫҢДЫ ӨЗ ҚОЛЫҢМЕН ЖАСА

Психологтардың айтуы бойынша, əйел адам ер азаматтан энергетикалық жағынан жеті есе мықтырақ келеді екен. «Жақсы əйел жаман еркекті адам қылады, жаман əйел жақсы еркекті надан қылады» – деген сөзді де атам қазақ бекер айтпаған шығар. Он шақты жыл психологиялық кітаптарды көп оқып, айналамдағы ерлі-зайыптыларды зерттегендегі түйген ойым – осы. Сіз сияқты қыздарды да білемін. Ата-ана, бауырларына қарайласамын, оқу оқып, жұмыс жасаймын деп жүріп уақытын өткізіп алып, кейін ішімдікке салынған немесе əйелінен айырылысқан ер азаматқа шығып, қазір ішкенін қойдырып, екі-үш балалы , үйлі-жайлы болып отырған отбасыларды танимын. Сондай бақыт сізге де жолығарына сенімдімін. Өміріңіз өз қолыңызда. Жазған əңгімеңізге білдірген пікірім сізге онша ұнай қоймасын сезіп отырмын. Сіз мұны «бақытты бəйбіше» статусында болғандықтан, жиырма жылға жуық отасып, алты бала тəрбиелеп отырған отанасының ойы деп білгейсіз… Мүмкін менен өзгелер басқаша кеңес беретін болар.

Ал енді өз ойымды сізге Лев Толстойдың сөзімен жеткізсем: «Басқа біреуді түсіну үшін, өзіңді сол адамның орнына қойып көр», – дейді атақты жазушы. Өзіңізді бір сəтке бақытты, айрандай ұйып отырған отбасыдағы ананың орнына қойып көріңізші… Төрт-бес балаңыз бар. Ер азаматыңызбен жиырма жылға жуық жақсылықты да, жамандықты да бірге көріп келе жатырсыз. Сіз сияқты бір сұлу сыртта тоқал болам деп тыпырлап терезе қағып тұр… Қандай сезімде болар едіңіз?!. Адам өз басына түспеген соң «басы ауырмастың жанында балтырың сыздамасын» демекші, көп нəрсені жете түсіне бермейтін болу керек.
Жақсы, жарайды, сіздікі болсын делік. Мықты ер азаматты таптыңыз. Тоқал болдыңыз. Əрі қарайғы өміріңіз өзіңізге ұнайтынына күмəнім бар. Біреудің қабағына қарап, қашан маған кезек келер екен деп, аңсаумен өтетін өмірге қызығып тұрғандайсыз. Азаматыңыздың бәйбішесі де ерте ме, кеш пе сіз туралы білетін болады. Қанша көндім дегенмен де, ол сізді құшақ жайып қарсы алып, тілеуіңізді тілемес. Қазір өз басыңызды əзер алып жүргенде, ертесі баламен қосылып алып бақытсыз болып отырғаныңыз қалай болар екен? Азаматыңды анда-санда жəне оның көңілі түскенде ғана көріп отырып, шын бақытты боларыңызға тағы да күмəнім бар…
Менің осы жасқа келіп, айналамдағы ерлі-зайыптылардан байқағаным – мықты азаматтың артында əрқашан мықты əйелі тұрады. Ол қаншама жыл тырмысып тапқан Құдай бере салғанын, сізге алтын жалатылған тəрелкеге салып, сыйлай салуы екіталай…

Құралай ОШАҚБАЕВА,

көп балалы ана, кеңесші-колумнист