Ақ босағаОтбасы

Түстерге мән бересіз бе?

164Қаралымдар

Дұрыс таңдалған түстер бөлмені тек сәнді етіп қана көрсетпей, сонымен қатар кеңістікті де түбегейлі өзгерте алады. Сіз белгілі бір аймақты ұтымды түске бояп, бөлмені түрлендіріп жіберуіңізге болады. Бұл материалда мен ас үй мен балалар бөлмесіне тоқталып, бөлме түстерін үйлесімді етудің әдіс-тәсілдерімен бөлісемін.

Ас бөлмесі

Ас бөлмесі әр адамның жиі уақыт өткізетін орны десек, қателеспейміз. Сол себепті аталған бөлменің түсі жанға жылу сыйлап тұруы тиіс. Осы орайда еденнен қабырғаға дейін бәріне ерекше назар аудару керек. Бөлмені бояу кезінде негіз ретінде бір түс таңдалады. Оны толықтыру үшін соған ұқсас реңктер пайдаланылады. Бұл ретте қанықтылық деңгейін сезіне білу керек. Бөлме түстері дұрыс таңдалмаса, үлкен дақ секілді көрініп қалуы мүмкін.

Жарық

Егер бөлмеде табиғи жарық көп болса, оны теңестіру үшін салқын реңктерді қорықпастан қолдана беруге болады. Мәселен, қабырғаны не жиһазды қанық түсті етіп таңдасаңыз, жеңілмейсіз. Егер керісінше, табиғи жарық аз болса, бөлмеге жылулық ұялату үшін барынша ашық түстерді қосу керек.

Жиһаз

Жиһаз – ас бөлмесіндегі ең қымбат интерьер. Сол үшін оны ерекше түсті етіп таңдауға болады. Дейтұрғанмен, ескеріңіз, ол үшін қабырғалардың түсі ашық болу керек. Сонда жиһаз бөлменің сәнін келтіріп, кіріп келген қонақтың назарын өзіне бірден аударады.

Балалар бөлмесі

Балаларға арналған бөлменің ашық түстерден тұрғаны абзал. Алайда бұл ретте кеңістікті ерекше етіп түрлендіру мақсатында жиһазды қанық түсті етіп таңдау керек. Мәселен, диван не шкафты қою жасыл, қызыл түсті етуге болады.

Кеңес

Бір уақытта 3-тен артық түсті қолдануға болмайды. Интерьердегі басым түсті ерекшелендіріп тұратын фонды таңдау керек. Бөлмені қою жасыл немесе таңқурай секілді түске бояғыңыз келсе, 60% басым түсті, 30% қосалқы және 10% ерекше түсті қолданған жөн.