Сырласу
Ақ босағаОтбасы

Фэн-шуй ілімі сыр шертеді

Кейбір үйге барсаңыз, айналаңыз өте жағымды, үйлесімді болып тұрады. Сіздің онда қайтып барғыңыз келетіні де анық. Оның себебі: үйдегі бізге көрінбейтін және сезілмейтін белгісіз бір күш адамның өміріне әсер етеді. Адам табиғаттан қуат алғаны секілді үйден де, оның ішінің жабдықталуынан да солай қуат алады. Яғни, әр зат өзінен белгілі бір қуат көзін бөледі. Заттар энергиясы Фэн-шуй іліміне негізделген. 

509Қаралымдар

Мұндайда «фэн-шуйға неге сенуіміз керек?» деген сұрақ туындайды. Психологияда тұрғылықты үйіміз, ондағы жиһаздардың орналасуы, түстері адамның ойлау жүйесіне, өмір салтына әсер ететіндігі дәлелденген. Осы орайда Қытай шеберлерінің білімін пайдалану бекер деуге болмас.

Үйдегі күйді әртүрлі энергияның өзара әрекеттесу заңдылықтарын және белгілі бір «формулаларды» қолдану арқылы басқара аламыз. Айналадағы заттар өзара үйлесім тауып, жайлылық тудырған кезде өмірдің кез келген саласында белгілі бір жетістіктерге жетуге мүмкіндік артады.

1. Үйіңіз орналасқан аймаққа аса мән беріңіз. Егер терезеден жағымсыз әсер қалдыратын көріністерді көрсеңіз, (түрме, аурухана, ЭЖЖ, қараусыз қалған ғимараттар, шашылып жатқан жолдар және т.б.) оларды көзден жасырып, терезеге қалың перде іліп қойыңыз. Терезенің алдында бірнеше әдемі өсімдіктер тұрғаны да дұрыс. Ең бастысы – құлазыған көрініс пен үй арасында қорған болғаны жөн. Осылайша сіз үйіңіздегі жағымды атмосфераны сақтайсыз.

2. Тазалық. Дарбазаның алды ыбырсып жатпауын, үйге кіретін жолдың таза әрі бос болуын қадағалаңыз. Дәліздің де ұқыпты, жарық және таза болуын ескеріңіз. Бұл әдіс арқылы үйге жақсы энергия кіреді, үйде жайлылық орнап, табысты болуға әсер етеді. Тазалықпен бірге мекеніңізге береке-бірлік кіреді.

3. Терезе, есік. Бөлмедегі терезе мен есіктің орналасуына мән беріңіз. Егер есік дәл терезеге қарама-қарсы орналасса, терезенің алдына желмен әуендететін темір немесе кристаллды әшекей іліп қойыңыз. Бұл – бөлмеге кіретін энергияның көшеге шығып кетпеуін қадағалайды.

4. Төсек. Жас жұбайлардың ара қатынасы ұзақ әрі берік болуы үшін олардың ұйықтайтын орны бөрененің астында болмағаны жөн. Өйткені бөрене ұйқыдағы адамға энергетикалық қысым туғызады.
Төсек толық екі адамға арналуы тиіс. Ұйқыдағы адамға берік қорған болуы үшін төсектің маңдайшасы төртбұрышты болғаны абзал. Төсек астында қуат алмасу еркін жүруі үшін аяғы бар төсекті таңдаңыз. Кереуетті қабырғаға тақап қоймаңыз, екі жағы да ашық болсын. Әйтпесе қабырғаға жақын жатқан адам аз қуат алып, өмірде өзін басқара білуі қиындайды.
Жатын бөлмеге теледидар қоймаған дұрыс. Ол бөлмеде демалуға кедергі келтіретін артық энергия тудырады. Оған қоса теледидар ерлі-зайыптылардың бір-бірінен назарын аударып әкетеді.
Төсекке қабырғаның немесе жиһаздың бұрышы бағытталып тұрмағаны жақсы. Сондай-ақ, ұйқыдағы жұбайлар өзін айнадан көрмеуі тиіс. Бұрыш бағытталып тұрса, одан кереует өзіне жағымсыз әсерді қабылдап тұрады. Ал, айнадағы көрініс некеде үшінші адамның пайда болуына түрткі болуы мүмкін.
Жұбайлардың кереуеті, не жұмыс үстелі бөлмеге кірген адамды бірден көретіндей жерде орналассын. Егер кереуеттің бас жағы мен жұмыс үстелі есік жақтағы қабырғаға бекітілсе, жұмыс жобалары ең аз энергия бөлетін аймақта қалады. Жиһаздар осы айтылғандай етіп орналасқан болса, есіктен басқа қабырғаға бұрып қойыңыз.

5. Газ плитасы мен ыдыс-аяқ жуатын шұңғыланың бір-бірінен арақашықтығы 20 см-ден кем болмауы тиіс. Егер екеуі тығыз орналасса, өрт пен су арасында қақтығыс пайда болып, үйде жиі және негізсіз дау-дамай туындайды. Тоңазытқыш пен ыдысжуғыш машина екеуін өзіңізге ыңғайлы етіп орналастыруға болады. Ең бастысы – газ плитасына қарсы орналаспағаны дұрыс. Олай орналасқан жағдайда екі элемент арасында қарама-қайшылық туындап, үйдегі қарым-қатынастың бұзылуына әкеледі.

6. Бөлмедегі картина. Тұрмысқа шықпаған қыздар өз жар­ты­сын жолықтыруы үшін сәл­де­гүлдің (пион) суретін жатын бөлмесінің оңтүстік-батыс жағына іліп қойса бо­ла­ды. Сонда сәтті тұрмысқа шығу мүм­кін­ді­гі арта түседі. Тұрмысқа шық­қан­нан ке­йін сәлдегүлдің суретін басқа бөл­ме­ге апарып ілу керек. Мысалы, ро­ман­ти­ка­лық энергия отбасында қалсын деген ниет­пен қонақ бөлмеге ілуге бо­ла­ды. Егер жатын бөлмеде тұрса, бір жұбы өзі­не жаңа серік тауып алу қаупі бар.

7. Айна мен есік. Фэн-шуйдегі ма­хаб­бат­қа, ақшаға, отбасына әсер ете­тін ең маңызды тұстардың бірі– айнаның үйдің есігіне қарама-қар­сы тұ­руы. Мұнда үйге кірген энергия ай­на­ға ша­ғы­лы­сып, қайтадан сыртқа шы­ғып ке­те­ді деген түсінік бар. Егер оны тү­зе­ту мүм­кін болмаса, айна мен есіктің ара­сы­на кедергі қою керек. Ол керме, айнаны жа­уып қоятын құрал немесе үлкен өсім­дік болуы мүмкін.

8. Дәліз. Егер үйіңізде қиыры жоқ ұзын дәліз болса, оны әртүрлі екпін тү­сі­ре отырып, безендіріңіз. Мы­салы, қабырғаға картиналарды шах­­мат тәрізді іліп, еденді көлденең өр­­нек­­тер­­мен жабдықтап, гүлдер ор­на­лас­ты­ры­ңыз. Бұл бөлмедегі жылдам энер­­гия ағынын тоқтату үшін қажет. Бұ­лай болмаса, ондағы тұрғындар іштей бей­бе­ре­кет­сіз­дік пен алаңдаушылықты се­зі­неді.

Фэн-шуй ғылымында мұндай ескеретін жайттар өте көп. Ол аса терең және нақты ғылым. Егер осыларды ескерсеңіз, үйіңізде әрдайым жақсы атмосфера орын алатын болады.