МакияжСұлулық

Хайлайтерді қолдана білесіз бе?

525Қаралымдар

Хайлайтер – беттегі белгілі бөліктерді айқындау үшін қажет дүние. Ол әжімдерді жасырады, бет терісін тегістейді және жарқыратады.

Бетте хайлайтер жағатын нақты белгіленген орындар бар. Егер оны орынды қолдансаңыз макияжыңыз мінсіз шығады. Керісінше, жағу тәртібін білмесеңіз, барлығын бүлдіріп алуыңыз мүмкін. Сондықтан, хайлайтерге қатысты қатаң ережелерді біле жүріңіз!

  1. Жақ сүйегінің жоғары, көздің дәл төменгі тұсына жағылған хайлайтер шаршаған көзді, ісіктерді, көгерген жерлерді жасырады. Айтарлықтай сергітіп, жасартады.
  2. Маңдайдың қабақүсті қапталын боясаңыз кең маңдайлы болып көрінесіз. Жүзіңізге айқындық береді.
  3. Егер мұрныңыз кішкентай болып, оны ұзартқыңыз келсе, оның бүйірін бойлай бояңыз. Ұзын, жалпақ мұрынды өзгерту үшін – міндетті түрде қылқаламмен кеңсірік үсті мен мұрын ұшын жылтыратқан дұрыс.
  4. Жақын орналасқан қос жанардың арасын «алыстату» және «жарқырату» үшін көздің ішкі бұрышына бояған жөн. Егер бұған қарама-қарсы нәтиже алып, кең жазықты тарылтқыңыз келсе кеңсірік үстін бояу жеткілікті. Ботакөз ару атанбақ болсаңыз, қас асты мен көздің ішкі бұрышына екпін беріңіз.
  5. Қасыңыздың керіліп тұрғанын қаласаңыз, сізге оның төменгі жиегінің ортасынан бастап ұшына қарай сызылған жіңішке сызық көмектеседі. Табиғи көрінгенін қаласаңыз, аздап қарайтып қойыңыз.
  6. Айқын әрі көлемді ерінге ие болу үшін хайлайтерді үстіңгі еріннің ортасына жағып, төменгісінің жиегіне «жарық беріңіз». Ерін жиегін барынша жіңішке етіп сызған дұрыс. Табиғи өң беріп тұруы үшін жылтырын азайтқан абзал. Жас келе ерін айналасында әжімдер пайда болады. Оларды жасыру үшін хайлайтер қабатын барынша аз қолдану керек. Қандай жағдай болмасын, ерінге тым ашық жиектеме жасамаңыз. Бұл ерінді кішірейтеді. Хайлайтер түсі теріңізден сәл ғана ашық болсын.

Хайлайтерді бірден барлық көрсетілген орындарға жақпаңыз. Өзіңіз қай тұсқа екпін біргіңіз келетінін ойлаңыз? Қай жердің кемшілігін жасырғыңыз келеді? Осыны ескеріп барып, қылқаламды қолға алыңыз.

Майлы тері иесі мен әжімі барлар хайлайтердің жылтыры тым ұсағын таңдауы керек. Созылған тері мен бөртпелердің үстіне жағудың қажеті шамалы. Теріңіздің косметикаға кері әсері болса, қолданудан бас тартқаныңыз дұрыс.

Қылсапты хайлайтер – көлемі кішкентай аймақтарды бояу үшін тиімді. Көздің ішкі, сыртқы бұрышын, қабаққа жаққанда пайданалады.

Сұйық хайлайтер – құрамы жеңіл болғандықтан оңай жағылады. Теріге білінер-білінбес жылтырлық береді.

Жылтырақ опа – үлкен аймақтарды бояуға өте ыңғайлы. Ол үшін еңлік жағатын қылсапты пайдаланған жөн.

Крем хайлайтерді қолданған соң жылтырақ опаны да жағу қажет. Бұл хайлайтердің кешенді түрін «стик» деп атайды.