Екеудің құпиясыЖан әлемі

Шаңырақ шаттығы

Үйленген, яки тұрмысқа шыққанға қатысты ел аузында тарап кеткен қылжақ әңгімелер жетіп артылады. Құдды бір шешілмейтін қамыт киіліп жатқандай әсермен әсірелеп жеткізетіндер жетерлік. Анығында солай ма?

906Қаралымдар

1. Әрине олай емес. Ондай қалжыңға сүйеніп айтылатын әңгіменің барлығы жауапкершіліктен қашудың сылтауы екендігін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп қойған. Ал үйленген адамға бойдақтарға қарағанда көбірек сенім артуға болатынын білесіз бе? Бір отбасының жауапкершілігін мойнына алған адам, қай істе болса да тыңғылықты деген сөз.

2. Байқасаңыз тұрмысқа шыққан қыздардың да мінезінде өзгеріс пайда бола бастайды. Олар байсалды, тыңғылықты кейіпке енеді. Бұрынғыдан сабырлы болып, барлығына түсіністікпен қарауға тырысады. Демек, тұрмысқа шыққан қыз тіршілікпен бетпе-бет келгенде отбасы құрудың мәнін түсіне бастайды.

3. Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды. Жақсы табыс табатын жігіттер отағасы атанған кезде ғана алдына үлкен мақсаттар қоя бастайды. Артық шығын жасамайды, бір тиын болса да үйіне алып келуге тырысады.

4. Барлық дүние адамның түйсігіне байланысты. Алғашқы күннен бастап үйленуді жаңа өмірге қадам басу, жақсылықтың ең бірінші баспалдағы деп қабылдасаңыз, оқиға ары қарай да солай өрби бастайды. Ал қоғамда қалыптасқан пікірге еріп, «торға түсіп, қамыт кидім» деген секілді ойлайтын болсаңыз, әрине, сондай пиғылдың энергетикасын шақырып аласыз. 

5. Шаңырақ көтеру – өзімшілдіктен арылу. Өзіңнің ғана емес, дәл сенікі секілді басқаның да басы ауырып, балтыры сыздайтынын түсіну. Сәйкесінше қамқор бола білу. Есесіне өзің де қандай да бір қиындыққа тап бола қалсаң, оны жалғыз шешпейсің. Қасыңдағы серігің екеуің бірлесіп шешесің. Әйел өзінің нәзіктігін, ал еркек мықтылығын дәлелдейтін орта – отбасы.