ОтбасыОтбасы бюджеті

Ысырапшыл әйел

Өзіңізді солай ойлайсыз ба? Атақты мультфильмнің кейіпкері Винни-Пух сүйікті қорегінің пайда болмай жатып таусылғанына: «Бал деген – өте қызық нәрсе: бар болады да, дереу жоғалады», – деп таң қалады ғой?! Сіз бен біз де осы қонжыққа ұқсаймыз. Тек бізде балдың орнына ақша жүреді. Кейде оны қажетсіз заттарға оңай жұмсап жібереміз. Бұл жағдай кейбірінде сирек кездессе, кейбірі өзінің барып тұрған «ақшаның жауы" екенін мойындайды

849Қаралымдар

Айталық, бірде бір рет киілмеген елу шақты жейдеңіз бола тұра, «ертең одан да жақсысын сатып аламын» деп ойлап тұрасыз. Ол жейделердің саны, тіпті 100-ден асып кетсе ше? Бұл сізге оғаш көріне ме? Сеніңіз, өмірде киім, аяқ киім және косметика сатып алудан өзін шектей алмайтын осындай әйелдер бар. Олар қажетті заты толып тұрса да, көзі тоймай, тағы ала бергісі келеді. Кейін ондай заттың бар екенін мүлде ұмытып кетеді.

 Қай кезде дабыл қағу керек?

Әдетте ысырапшыл адамдар өзінде ақшаны жұмсауға қатысты бір мәселе бар екендігін жете түсіне бермейді. Мұндағы ең басты қиындық – заттың еш қажетсіз екені айдан анық болып тұрса да, олар «бұл маған қажет, мен оны сатып алуым керек» деген ойдың жетегінде тұрады. Қанеки, осы тұста қай кезде алаңдауға болады, сіз ақшаның «жебірі» емессіз бе, соны анықтайық.

1.Ақшаны дұрыс жұмсай алмауыңызға байланысты күйеуіңізбен жиі жанжалдасып қаласыз. Бірақ күйеуіңізді ешқашан сараң деп санаған емессіз.

2.Достарыңыз бен таныстарыңызға үнемі қарызданып жүресіз. Оған ешқашан «көзге көрінетін» зат сатып алмайсыз. Ақшаны үнемі жаңа далап немесе дәмханаға бару сияқты ұсақ-түйекпен желге ұшырып жібересіз.

3.Үйдегі шкаф сөрелерінде бір бос орын жоқ. Ал, киім ілгіштер бірнеше заттар ілінгеннен сынғалы тұр. Оның ішінен «үстіңізге іліп алатын» ештеңе жоқ. Сіз сонда бұл киімдердің бәрін ұнатқаннан емес, тек жеңілдік жасалғандықтан сатып алғаныңызды түсінесіз.

4.Өзіңізбен бірге үйден үлкен соммадағы ақшаны алып шығасыз. Оған бір, екі нәрсе ғана сатып аламын деп жоспарлап, үйге бір тиынсыз ораласыз. Бірақ ақшаның нақты қайда жұмсалғанын еске түсіре алмайсыз.

5.Жалақы мөлшеріне қарамастан, үнемі ақшасыз отырасыз. Бұл жағдай жалақыңыз көтерілгенге дейін де, тәп-тәуір табыс тауып жүрген дәл қазіргі сәтте де қайталана береді.

6.Сауда жасаған сайын өзіңізді кінәлі сезініп, сөмкеңіздегі қажетсіз заттарға қарап, олардың қайдан пайда болғанын түсінбеген адамдай дал боласыз.

 

Не істеу керек?

Жалпы, бұл кеңестер ысырапшылдан өте ұқыпты адам жасап шығаруды көздемейді. Негізінде, шектен тыс үнемдеу де аса жақсы емес. Бірақ ақшаны ақылмен жұмсай білу –алған затың үшін шынайы шаттануға мүмкіндік береді. Керек кезінде өз-өзіңді ұстай білу де – өте пайдалы.

Шығындарды жоспарлау. Егер ай сайынғы есеп-қисапқа, азық-түлікке, көлік және т.б. ақша жұмсау керек болса, бұл шығындарды елеусіз қалдыра алмайсыз. Олар азаймайды, жоқ болып та кетпейді. Сондықтан айлықты алған бойдан қажетті соманы әрқайсысына бөліп қойыңыз. Жейтінді жеп, мінетінге мініп қойып, екі аптадан кейін әмияныңыз бос қалмасын.

Құрбыға еліктемеу. Біз «Әсел жаңа телефон алыпты, маған да алу керек» дегенді көп ойлаймыз. Шын мәнінде керек пе, жоқ па? Өз құрылғыңыз жақсы жұмыс істеп тұр. Құрбыңыздың жаңа гаджетін көрмейінше оны ауыстыру туралы еш ойланбағансыз. Қорытындысында: күмәнді сұрақ тудырған саудаға ақша жұмсаудың еш қажеті жоқ.

Жеңілдіктер – ұтыс әкелмейді. Сіз қаншалықты киім немесе косметикаларды жеңілдік болғандықтан сатып алып едіңіз? Әрине, олар аз емес. Мына сұраққа шын жауап беріңізші: сол заттар сізге әуелде керек болды ма, оларды бүгінде қолданасыз ба немесе бір бұрышта ұмытылып жатыр ма? Олар тек жарты бағаға сатып алынғандығымен жаныңызды жылыта ма? Өкінішке қарай, сіз сол жарты ақшаны да құр бекер желге ұшытып отырсыз.

Ашыққанда ғана тамақтаныңыз. Дүкен аралаған соң, құрбымызбен дәмханадан шай немесе кофе ішу біз үшін дағдыға айналған. Ірі сауда орталықтарындағы тамақтану орындары сондай ысырапшыл адамдардың арқасында жақсы ақша табады. Өйткені, олар шай ғана ішіп қоймай, міндетті түрде қасына: құймақ, тәттілер, ыстық тағамдар және т.б. қосып алады. Сондай-ақ, біз көп жағдайда біреуге серік болу үшін немесе иісі мұрын жарғандықтан ғана тамақтанамыз. Осылай өзімізді кінәлі сезіндіретін нәрсеге оңай ақша жұмсаймыз. Сондықтан тек қарныңыз ашқан сәтте тамақтануды әдетке айналдырыңыз. Бұл дене бітіміне де пайдалы.

Түсінікті өзгерту. Біз, әйелдер, 20 түрлі далап және 10 құты сүрме сатып алуға құмармыз. Бұлар бізді мінсіз етіп көрсетеді деп ойлаймыз. Әрине, косметика адамға сән береді, бірақ шынайы сұлулық одан басталмайды. Тартымдылық кепілі – дұрыс тамақтану, өзіне құрметпеу қарау, спортпен шұғылдану және қарапайым тазалықты сақтау. Егер тұрақты түрде душ қабылдамасаңыз, сізге тіпті, ең қымбат хош иіс те көмектесе алмайды.

Чекті сақтап жүріңіз. Үнемдеудің бастапқы кезеңінде күні бойы сатып алынған барлық заттың чегін сақтаңыз. Үйге келіп, оларды тексергенде, жарты ақшаңызды қандай заттарға жұмсап жібергеніңізге таң таңғаласыз. Ал, ондай бос шығындардың сізге шынайы қуаныш сыйлауы екіталай.