Екеудің құпиясыЖан әлемі

Ішкі түйсікті оятқан ана

Нағашы жұртымның тұңғыш немерелері мен болдым. Ол кезде өз ата-әжем қайтыс болған. «Немереден тәтті жоқ» деп нағашы ата-әжем мені өз қолдарына алған ғой. Әке-шешем ол уақытта жас, бүгінгі сөздерінен бақсам, қызылшақа кезімнен бастап мені ата-әжемнің тәрбиесіне бергенге қуанбаса, мұңаймаған секілді.

1.9K (1000)Қаралымдар

Кемпір-шалдың қолында алаңсыз ерке боп өстім. Кәдімгідей ес біліп қалған кезімде де апамның: «Менің сүт кенжем ғой. «Ақ» дегенде аузымнан атып шықты» дегеніне имандай сеніп келгем. Құдайға шүкір, айдай бір ағам, күндей алты әпкем мені ішіп-жемнен де, киім-кешектен де кенде етпеді. Ата-әжемді «папа, мама» деп, мені дүниеге әкелген ата-анамды «аға, тәте» деп бой жеттім. Әрине, білмеген кейіп танытсам да, туған әке-шешемді көргенде ішім жылып сала беретін еді. Жүрек құрғыр жібермейді екен ғой. Бірақ, ата-анама сәл жақындап кетсем болғаны, әпкелерімнің қылжақ сөзіне қалатынмын. «Ойпырмой, әкесі мен шешесін тауыпты ғой» деген сынды әзіл сөздер кішкентай ғана жүрегіме расында ауыр тиетін. Апам ренжіп қала ма деп жаным қалмайтын еді. Бірде рентгенге түскен қағазымды әпкелерім алып, «Мынаны қара, жүрегіңнің ар жағында «Ә», «Г» деген әріптер тұр ғой» деп қорқытқаны бар (туған әке-шешемнің аты-жөндері Әмірхан, Гүлмира). Сонда «менің іштей әке-анамды жақсы көретінім осы рентгеннен көрініп қалған ба» деп қатты уайымдағаным әлі есімде… Осылайша, екі ортада өстім. Ешкімге өкпем жоқ. Тек, менің іштей қиындығым, апамның: «Айналайын, өз әке-шешеңнің кім екенін біл. Соларды «папа, мама» деп атадым. Бәрін білер кезің жетті ғой. Бой жетіп келесің. Енді сабағыңды қадағалау маған қиын болады. Әке-шешеңнің қасында бол» деген шешімінен соң басталды. Бара салып, «папа, мама» деп айтып кету оп-оңай деп кім айтты?! Ыңғайлысы сол болғасын, аты-жөндерінің жанына «аға, тәте» деген тіркесті жалғап айтып жүре бердім.

Не керек, осы күнге дейін бұл үрдіс өзгерген жоқ. Кішкене кезімнен апамның қолында өскен соң анамды «мама» деп атау керектігін де ұмытып кеткенмін, енді есейгесін айту екі есе қиын екен. Аузымнан шықпайды! Ондайда мен мылқаумын. Жан-дүнием алай-дүлей. Айтқым келмейді емес, айта алмаймын ғой! Көкейімде сайрап тұрған есім, көмейіме келгенде «кептелісте» тұрады да қояды…

Бір күні қазақ тілі пәнінен соң, үйге терең ойға шомып қайттым. Орайын таппай келе жатқан ондағы ойым мынау еді: үй тапсырмасына «Ана» тақырыбында шығарма жазып келу берілген. Жо-жоқ, қиындығымның себебі шығарма жазу емес. Ана жайлы ақындар да жырлап, сазгерлер де сызылтып ән салған ғой. Ана туралы шығарманы тіпті шахтерлер де жаза алады. Менің «уайымым» басқа. Қызық болғанда қазақ тілінен сабақ беретін ұстазым – менің анам. Анамды «мама» деп атамайтыным тағы бар. Бірақ, қу жүректің іштей бәрін білетінi. Құдай-ау, шығармамның басты кейіпкері кім болады сонда?! Шығарма жазғанда мүләйімсіп «тәтемді» қалай «ана» дей қаламын?! Ал, апам не дейді? «Екіжүздінің» нақ өзі боламын ғой деген ой тамағыма тіреліп қалды. Не істеймін?! Масқараның «көкесі» болды-ау деп қиналып келемін. «Әлде, ертең сабаққа бармай-ақ қояйын ба?» деген арам ой да жылт ете қалды ар жақтан. Бірақ, оны «тәйт» деген намысым «есіктен кіргізбей, қуып жіберді». Сұрақтарға «шалынып», шатасқан ойға «малынып», соңында өзіме жазам деген үкім шығардым. Неге жазбасқа?! «Қайта, ішкі сезімімді бәрінен ерекше етіп жазып апарамын. Анамның өзі таң қалсын» дедім де «қолымды қойып», шешім шығарып жібердім…

Сонымен не болды дейсіздер ғой?! Жаздым! Жазғанда қандай: қалай келгенін, қай аялдамадан келгенін, қай ауылдан келгенін қайдам, «шабыт» деген керемет дос таптым сол түні. Түнімен жаздым, таңертең қуанып ояндым, қазақ тілі пәнін асыға күттім… Оқыдым. Шығарманы оқып жатқандағы көңіл күйім әлі есімде. Сынып тым-тырыс болып қалған. Шыбынның ызыңы ғана естілер-естілмес. «Керемет жазғанмын-ау» деп ойлап қоям ішімнен. Емпілдеген «ақ көңілділігіммен» аямай екі бет жазыппын. Соңғы жағына келгенде көзім «кластағы ұстазыма» түсіп кетті. Сенесіздер ме?! Ұстазым, жоқ Анам дыбысын шығармай ақырын ғана жылап отыр. «Менің іштей бар «шындықты» білетінімді анам білмей ме десем, біледі екен ғой?! Осы күнге дейін бәрін сезіп келген екен ғой?! Сырын ішіне бүгіп, сабырлы кейпімен маған ештеңе білдірмеген екен ғой?! Менің «тәте» дегенім жанына аяздай бататын шығар…» деген сан-түрлі ойлар, жауабы өзіме белгілі сұрақтар көз алдымды торлап кетті. Айтпақшы, дәл сол уақытта, дәл сол мезетте, анамның көзінен аққан мөп-мөлдір бір тамшы жасқа қарап мен: «журналист боламын» деген арманымның жаңа бетін ашқан едім. «Жазамын. Иә, иә, жаза берем. Тек, енді анамды жылату үшін емес, керісінше, қуанту үшін жазамын» деген қорытындыға да келген едім. Демек, менің қолыма қалам ұстатқан анам болды ғой…

Әңгімем біткен жоқ. Қызығы да, шыжығы да бұл жайттың апамның құлағына жеткенінде басталды. Ұрлығын жасырған баладай ұяттан өртеніп кетердей боп жүрдім. Қылмыс істегендеймін, қайтейін?! Деріңіз бар ма, екі ортада қалған жаман екен бәрінен. Ал, бүгінгі күнгі уайымым одан бетер: «Қыз – жат жұрттық» деген. Тұрмысқа шыққан соң, көргенді келін ретінде өмірлік жарымның анасын «ана» деп атауым заңды ғой. Ал, мені жарық пәниге әкелген анамның бетіне қалай қарар екем сонда?!…

Гүлзат Уатаева