ОтбасыОтбасы бюджеті

Қаржы тұрақтылығына әкелетін 5 қадам

499Қаралымдар

Ақшаның адам өмірінде өте маңызды рөл атқаратыны жасырын емес. Көпшілігі қаржылай тәуелсіз болуды, жақсы өмір сүруді армандайды. Десе де, біреулер ойнап жүріп оңайлықпен табыс табады, ал басқаларына мұндай жетістікке жету үшін тынбай еңбектену керек. Неге?

Бұл сұраққа жауап беру қиын емес. Қаржылай тәуелсіз болу үшін жай ғана ақшаны сауатты басқарып үйрену керек. Алайда халықтың басым бөлігі ақшамен дос бола алмайды. Олар табыс табу мақсатында лото билеттерін сатып алып, ғажайыпты күтеді. Осы орайда біз қаржылай тұрақтылық мәселесін қозғауды жөн көрдік.

Шығындарды қысқарту

Соңғы екі айдағы шығындарыңызды саралаңыз, сол кезде ақшаңызды аса қажет емес дүниеге жұмсағаныңызды түсінесіз. Бірінші кезекте осындай негізсіз шығындардан бас тартқаныңыз жөн болар. Содан кейін үнемдеген соманы үнемі жинақ шотына салып тұрыңыз. Егер ол сіздің табысыңыздың 10% – ын құраса, демек, нәтиже жаман емес.

Ақша – табыс әкелуі керек

Есіңізде болсын, ақша – бай адам үшін, ал кедей адам – ақша үшін жұмыс істейді. Егер сіз «мен не үшін жұмыс істеймін?» деген сұраққа «отбасымды асырап, күн көру үшін» деп жауап берсеңіз, демек қазіргі жұмысыңыз сізді ешқашан дәулетті етпейді. Сол себепті үнемі ақшаны екі еселеудің жолын іздегеніңіз жөн. Мәселен, шығындарыңызды қысқартқаннан кейін жиналған қаржыны бір іске салып көріңіз. Шотта тұрған ақша уақыт өте инфляцияға ұшырап, құнсызданып кетуі мүмкін.

Қолма-қол ақшамен қош айтысу

«Қолма-қол ақша негізсіз шығындардан сақтайды» деген пікір қате болып есептеледі. Әдетте әмияныңызда тұрған қаражат онлайн ақшаға қарағанда жылдам жұмсалады. Мәселен, қалтаңыздағы  5 мың теңгеден қалған қаржының қайда жұмсалғанын есіңізге түсіріп көріңізші. Адамдар көп жағдайда қолма-қол ақшаны тиын санап, оны жұмсап тастауға бейім тұрады.

Сash-back қызметтер

Ақша жұсау – әркез шығындалу дегенді білдірмейді. Өзіңізге қажетті затты атып алып та пайда көруге болады. Қазіргі таңда банктер мен онлайн сайттар клиенттерін сақтап қалу үшін cash-back қызметтерін белсенді дамытуда. Яғни, сіз сауда жасап жүріп кеткен шығынның бір бөлігін қайтарып ала аласыз. Ол ақша сіздің банк картаңызға бірден түсуі мүмкін.

Несие карталарына абай болу

«Несие карталарын қолдану – дұрыс емес» деу – қателік. Дегенмен оған барынша сеніп алып, қаржылық жағдайыңызды төмендетіп алмаңыз. Себебі көп жағдайда несие карталарының иелері пайыздарды дер кезінде өтеп, қарызын жабуды ұмытып кетіп жатады. Нәтижесінде олар өздерінің бірінші кішігірім қарызын еселеп төлеуге мәжбүр болады. Егер сіз өз-өзіңізді және шығындарыңызды басқара алсаңыз, нұр үстіне нұр. Ал олай болмаған жағдайда несие карталарына аса сенім білдірмегеніңіз абзал.