ОтбасыОтбасы бюджеті

ҚАРЖЫ ФИЛОСОФИЯСЫ. Қаржылық сауаттылық дегеніміз не?

«Bereke» қаржылық сауаттылық орталығы мамандарының кеңестеріне назар аударыңыз. Бұл орталық «Халықтың қаржы сауаттылығы деңгейін көтеру» туралы жалпыұлттық идеяны алға тартады. «Табысты басқара білетін отбасы – қаржылық сауатты мемлекеттің іргетасы» деп таниды. Бізбен бірге қаржыны басқаруға байланысты ең қажетті, маңызды ақпараттарға қанығыңыз.

2.48K (1000)Қаралымдар

Ақша – адамның күнделікті қажеттілігі. Мамандардың айтуынша, адам аптасына орта есеппен 5 сағат ақша туралы ойлайды екен.

Бірақ бұл көрсеткіш бірнеше есеге жоғары болуы мүмкін. Өйткені бүгінгі таңда екінің бірінде несие бар. Ондай адамның ақшаны сирек ойлауы екіталай.
Қаржылық сауаттылық – жеке және отбасылық қаржыны басқарудағы біліктілік. Біз біліктілікке ие болып, оны арттырып, дамыта аламыз.

ҚАРЖЫ НЕГІЗІ 5 ҚЫЗМЕТ АТҚАРАДЫ:

1. Өмір сүруді қамтамасыз ету
Адамның жайлы өмір сүруі үшін ең алдымен: тамақ, киім, тұрғын үй, көлік, техника және тағы да басқа дүниелер керек. Бұл қажеттіліктерді өтеуде ақша маңызды рөл атқарады. Әрбір адам өзінің өмір сүру сапасын жақсартуға тырысады. Балалар дүниеге келген кезде үйіңізді кеңейтіп, көлік және техникалық жабдықтарды жаңартуды ойлайсыз. Балаларды оқытып, бүкіл отбасымен демалғыңыз келеді. Осының бәріне артық шығындарды болдырмай, отбасылық қаржыны дұрыс басқару арқылы қол жеткізуге болады.

2. Қауіптің алдын алу
Егер сіздің жеке қорыңыз бар болса, ол сізді кез келген қауіпті жағдайда сақтандыра алады. Бетін аулақ қылсын, дегенмен де өмірде небір жағдайлар кездеседі. Ауруханаға түсу, жұмысынан айрылу, мүгедек болып қалу, күтпеген жерден жақынынан, тіпті жалғыз асыраушысынан қол үзу секілді жайттар орын алып жатады. Кейде отбасылық мүліктерге қауіп төнеді. Мысалы, өрт шалу, су басу, жер сілкінісі, автокөлік немесе құнды мүлікті ұрлату, көлік апаты дегендей. Мұндай жағдайда сақтандыру компаниялары өз шарттарына сай шығындарыңызды өтеп береді. Ол арқылы өзіңіздің және отбасыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аласыз.

3. Биік белестерді жоспарлау
Дұрыс басқарылған қаржы – балаға ең сапалы білім беруге, отбасыңызбен шетелдерге саяхаттауға, ең жақсы спорт залын, тиімді қызмет көрсететін медицина орталығын таңдауға мүмкіндік береді. Биік белестерді жоспарлау дегеніміз – үй алу, көңіл көтеру немесе әртүрлі заттарды сатып алу ғана емес. Егер сіз барлығын тиімді ойластыра білсеңіз, биік мақсаттарды бағындыруға мүмкіндігіңіз мол.

4. Қаржылық тәуелсіздікке ие болу
Қаржылық тәуелсіздіктің не екенін барлығы біледі. Бірақ шын мәніндегі бейнесін ұға бермейді. Бұл – ай сайын немесе жыл сайынғы пассивті кіріс көзі саналатын капи­тал. Капитал – өздігінен табыс әке­летін активтер жиынтығы. Ол ешқандай күш жұмсауды қажет етпейді. Көбісі мұны бекершілік деп санайды. Алайда әлемде қаншама адам инвестиция арқылы күн көріп отыр. Оларды рантье деп атайды. Жеке қаражатты дұрыс басқару және сауатты инвестициялау арқылы ғана капитал жинауға болады.

5. Артына мұра қалдыру
Адамдар белгілі бір жасқа дейін мұрагерлік туралы ойламайды. Тіпті, қартайған шағында да ойлауы екіталай. Негізінде мұраға мынадай дүниелерді қалдырылады: а) табыс әкелмейтін активтер (тұрғын үй, автокөлік және тағы басқа мүліктер); б) табыс әкелетін активтер (бағалы қағаздар, депозиттер, жалға беретін жылжымайтын мүлік және т.б.; в) қарыздар мен міндеттемелер. Егер адам болашақтың қамын алдын ала жасаса, ол ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасылық капиталды мұра етіп, өз есімін де қалдырар еді.