Екеудің құпиясыЖан әлеміӨкініш

Қарғыс

Мәскеуге аспирантураға түсуге дайындалып, құжатымды тапсырған кезде уақытша хостелді паналадым. Жартылай кәріс, жартылай орыс Александра есімді қызбен бір бөлмеде тұрдым. Ол күн сайын жұмысқа таңертең ерте кетіп, кеш келетін, мен де күн сайын кітапханаға барып, емтиханға дайындалдым. Александра жұмыстан кеш келіп, ерте ұйықтап қалатын. Бірге тұрып жатқанымызға бір жеті өтсе де, шай ішіп, әңгімелескен емеспіз

1.56K (1000)Қаралымдар

Сенбі күні кешкісін Александра:
– Ая, ертең кітапханаға бармайсың ба?– деп сұрады.
Менің жауабымды күтпестен:
– Ертең менімен орманға барғың келмей ме? – деді.
Етжеңді, баяу қозғалатын Александраның салмақты, сабырлы мінезі ұнайтын. Оның бұл ұсынысын қуана қабылдадым.
Мәскеуде күн ыстық еді. Саябақтағы субұрқақтың қасында аз аялдап, орманға қарай өттік. Орманда серуендеп жүрген адам көп екен.
– Тоғанның жағасында отырайықшы, – деп Александра үйден алып шыққан кішкентай одеялды жерге төседі.
Тоғанда еркелей жүзіп жүрген үйректерге екеуміз нан беріп, олардың әрекетін бақылап, үнсіз отырдық. Мінезі тұйық Александрамен не жайлы сөйлесуге болатынын, оның жанына қандай тақырып жақын екенін ойладым.
– Ая, сен тағдыр дегенге сенесің бе? Жалпы тағдырды өзгертуге бола ма? –деп үнсіздікті Александра бұзды.
«Біз ешқашан тағдырды таңдай алмаймыз: қандай үйде тұратынымызды, қандай машина мінетінімізді, қандай көйлек киетінімізді, тамақ ішетінімізді таңдай алсақ, алармыз, бірақ тағдырымызды таңдай алмаймыз», – деп оған қараған кезімде Александра жылап отыр еді.
«Мұңлы әңгіме айтып, Александраның нәзік жанын жаралап алдым-ау» деп өкініп қалдым. Ол:
– Ая, сенімен күнде сөйлескім келетін. Сені алғаш көрген сәтте, көзіңе көзім түскенде «жанымды түсінетін адамды ақыры таптым-ау» деп қуандым. Адамның жанары ешқашан алдамайды. Сенімен таныстырған тағдырыма ризамын, – деп көз жасын сүртті.
– Александра, егер мұңлы әңгіме айтып, сенің жаныңды ауыртсам, кешірші, – дедім өзімді кінәлі сезініп.
Ол шашымды еркелете сипап, басымды кеудесіне басты.
– Ая, кешірім сұрамашы. Сұрағыма жауап алдым ба деп қуанып отырсам, мұның не? – деп мұңлы жымиды. Алматыда біз тұрған жатақханада жалғыз басты мүгедек әйел болатын. Жалғыз қызы мылқау. Сол әйелдің өз бетімен ақиқатты іздеуі мені таңқалдыратын. Өзі мүгедек, жалғыз қызы мүгедек, бірақ Құдайдан үміт үзбеген. Намаз оқитын. Жатақханада еден жуатын. Әйелді жатақхананың коменданты жұмыстан шығарып жіберді. Әйел қызымен пәтерге көшетін болды. Оны қорғай алмағаным үшін қатты ұялдым. Баратын жері белгісіз әйел жылы жымиып: «Жаңа пәтерге жайғасып алғасын сені қонаққа шақырам, үйге келіп тұрасың ғой» деп еді. Сол сәтте әйелдің жігерлілігіне, ішкі рухының мықтылығына тәнті болдым. Оның Құдайға деген сеніміне таңқалумен келемін, – деп жадымда қалған мүгедек әйелдің тағдырын баяндап бердім. Александра:
– Неткен рухы мықты әйел, – деп басын таңдана шайқады.
– Түсінгенім: біз ешқашан өзімізде барды бағалай алмаймыз, «бар» көз алдымызда «жоққа» айналған кезде ғана оның қадірін түсінеміз. Біз ет пен сүйектен жаралған пендеміз, сондықтан бізге қателік тән. Құдай қателескен адамға қателігін жөндеуге әрқашан мүмкіндік береді, – дедім.
Александра үнсіз ұзақ отырды. Мен де үнсіздікті бұзғым келген жоқ. Әлден соң терең күрсініп:
– Біздің отбасындағы барлық қыз жасы қырыққа жеткенде жынданып кетеді. Әкемнің үш қарындасы жындыханада жатыр. Менің туған әпкем де жынданып, дүниеден өтті. Біздің отбасына қарғыс тиген. Бес жылдан кейін қырыққа толамын, мен де жынданып кетемін бе деп қорқам, – деп жасаураған жанарын көрсеткісі келмей, теріс бұрылды.
Александрадан мұндай әңгіме естимін деп ойламаған едім, не дерімді білмей, қатты қиналдым.
– Адамның тағдырын қарғыс өзгертеді дегенге өз басым сенем. Менің әпкелерімнің тағдырына о баста жынды болу жазылмаған шығар? – деп ол менің бетіме сұраулы жүзбен қарады.
Не деп жауап берерімді білмей, жанарымды алып қаштым.
– Атам жас кезінде біреудің он екіде бір гүлі ашылмаған қызының обалына қалыпты. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған қыз асылып өлген. Өлер алдында атам әкемді шақырып: «Сол жас қыздың ғана емес, өз қыздарымның да обалына қалдым. Мен пәктігінен айырып, қорлаған қыздың қарғысы қыздарымды жындандырып жіберді. Сен ешқашан ешбір әйелдің обалына қалмашы» деп жылапты. Туған әпкелері, үлкен қызы жынданып кеткен әкемнің күйігі ішіне түсіп кетті білем, өмірден ерте кетті. Анам ашып ештеңе айтпаса да, сезем ғой, менің қырыққа келуімнен қатты қорқады. Әкем өлерінің алдында ағама, туған ұлына «Ешбір әйел баласының обалына қалмадым. Атаң арқалаған қарғыс отбасымыздың берекесін кетірді. Ұлым, сен ешбір әйелдің обалына қалмашы, менің осы өтінішімді кейін өз ұлдарыңа да жеткізші» деп жалыныпты.
Мұңлы Александраны жұбата алмасымды білсем де, жұбатқан болдым, ішімнен «сені тағдырың жұбатсын!» деп тіледім.
– Жаныма бататын отбасымыздың трагедиясы бар, өз өмірімдегі сәтсіздіктер бар әрі болашағымды ойлап, қамығатыным бар, бір күні жанымды жегідей жеген ойдан арылғым келді. Өзіме қол жұмсамақ болып, дәрі іштім. Көзім жұмылып ұйықтап бара жаттым. «Тұр! тұр! тұр!» деген дауысты бірнеше рет естідім. «Тұр!» деген дауыс-тан бөлек «Кел! кел! кел!» деп шақырған дауысты қатар естідім. Бір кезде «Өзіңді өлтірме! Өлтірме! Біз өзімізді өлтірдік. Қазір күн сайын жылаймыз. Өзіңді өлтірмеші. Өмірің қандай қиын болса да, өлтірме!» деп жылаған зарлы дауыстарды естідім. Өзім болсам, еркімнен тыс ұйықтап бара жатырмын, бірақ әлгі «Өзіңді өлтірме! Өлтірмеші» деген зарлы дауыстар құйқамды шымырлатты. «Тұр! тұр! тұр!» деген әмірлі дауыс та қояр емес. «Кел! кел! кел!» деп шақырған дауыс та бастырмалатып бара жатыр. Бір кезде ыржиып күліп тұрған құбыжық бейнесіндегі ібілісті көрдім.
«Мені «кел!» деп шақырып жатқан осы ібіліс екен ғой, жоқ, мен оған бармаймын» деп ойлап қойдым. Ойлағаным сол екен «Тұр! тұр! тұр!» деген дауыс құлағыма жағып бара жатты. Бар күшімді жинап, орнымнан тұрып, саусағымды аузыма тығып, ішкен дәрімді құсып тастадым.
Өзіне қол жұмсап өлген адамдар біздің олар секілді арғы дүниеде азап шеккенімізді, жылағанымызды қаламайды, неге біз мына жалған өмірде өзгелердің бақытын, дүниесін қызғанамыз?
Басымнан өткен осы оқиғадан кейін адам өмірі қандай қиын, азапқа толы болса да, өзіне ешқашан қолжұмсап өлуге болмайтынын түсіндім. Өмір қандай қиын болса да, оны тағдырдың сыйы деп қабылдау керек. Мен бұл жалған өмірді мәңгілік өмір үшін сүрем, сол өмірден мән табу үшін сүрем. Құдай берген өмірге қанағаттанбауға біздің ешқандай қақымыз жоқ, – деді ол нық сеніммен.
– …Кейбіріміз өмірге құдды күнә жасау үшін келгендей өзімізді ешқашан өзгерткіміз келмейді. Ізгілік жасап, айналасына имани-нұрын шашып жүретін жандарды біріміз қабылдасақ, біріміз қабылдай алмаймыз. Себебі, олар бізге ұқсамайды, олардың болмысын өз танымымыз тұрғысынан ғана бағалай аламыз. Көпшілігіміз өзгелердің пікіріне тәуелдіміз, егер біреу біз туралы теріс пікірде болса, жанымыз жараланып, өмірден түңіліп кетеміз. Шын мәнінде, біздің кім екенімізді, қандай адам екенімізді Құдайдан басқа ешкім білмейді. Біреудің тағдырын талқылап отырып, моральдық вампирдің рөлін ойнаймыз. Ол адамның жүйкесіне салмақ түсіріп, оны депрессияға түсіретінімізді, тіпті өзіне қол жұмсауға (Құдай сақтасын) итермелейтінімізді пайымдай да алмаймыз. Өз-өзіне қол жұмсап өлетін адамдардың көпшілігі жұрттың сөзінен қорқып, өз өміріне үкім оқиды…
Құдайдың өзі кешірім сұрасақ, күнәмізді кешіреді, ет пен сүйектен жаралған өзіміз секілді пенденің қателігін біз неге кешіре алмаймыз? – дедім өзімді мазалаған ойды ортаға салып. Александра:
– Иманымыз әлсіз болғандықтан, шайтанның арбауынан шыға алмай қаламыз. Иманды арттырмай, мына өмірден мән табу қиын, – деді ол ойлы жанарын алысқа тігіп.
Екеуміз хостелге жеткенше ауыр әңгімені қайтып қозғамадық. Александра саябақта жұпар шашып тұрған раушан гүлдеріне тамсанумен болды.
Көп ұзамай оқуға түстім де, университеттің жатақханасына көшіп кеттім. Кейіннен Александраға қанша рет телефон шалсам да, онымен сөйлесе алмадым, нөмірін өзгертсе керек. Әлеуметтік желіден де таба алмадым. Менен кейін ол да көп ұзамай хостелден көшіп кетіпті. Кім біледі, ішкі сырын жайып салған менімен араласқысы келмеген шығар, өзін ешкімнің аяғанын, қырықтан кейінгі тағдырын білгісі келгенін қаламаған шығар…

Аягүл МАНТАЙ