Екеудің құпиясыЖан әлеміӨкініш

Қит етсе ажырасқысы келетін әйелімнің мінезін түсінбеймін

2.31K (1000)Қаралымдар

Нәзирамен бір жақын досым таныстырып еді. Ол екеуіміз бір көргеннен бір-бірімізді ұнатып қалғанымызды түсіндік. Бір ауыз сөз алмасқаннан кейін-ақ онымен қалған өмірімді өткізгім келетінін түсіндім. Қарым-қатынасымыз жедел түрде дамыды. Ұнату сезімі бірте-бірде үлкен махаббатқа ұласып бара жатты. Көп ұзамай үйленуге қолқа салып, Нәзираның ата-анасының алдынан өттім. Алғашқы екі ай күндеріміз ертегідей өтіп жатты. Жұбайым келіндік қызметтерін атқарып, ата-анамның көңілінен шығып жүрді. Келіндерін қызындай көріп, үнемі мақтап отырды. Олардың маған да, менің таңдауыма да разы екендерін көріп, мен де бір марқайып қалатынмын. Енді сол мақтаған келіншегім тым еркелеп кетті ме, әлде не, мінез көрсететінді шығарды. Үйленбей тұрып ол өзіне қарайлағанды қатты жақсы көретін. Қолында маникюры, бетінде бояуы тұрақты болу керек. Салондардан шықпайтын сылқым қызға үй шаруасына бірден араласып кету қиынға соққан болар деп ойладым. Бірте-бірте үйдегі жағдайды жақтырмай, маған үй қызметкері болу үшін тимегенін айтып, мінезін көрсете бастады. Мүмкін менікі дұрыс емес шығар, мүмкін мен бірдеңені түсінбейтін шығармын. Осы тұста жиі жанжалдасып қалатын болдық. Мен екеуіміздің мұндай ұсақ-түйекке бола ұрсысқанымызды қаламайтынымды айтып, кешірім де сұраймын. Дегенмен, ол маған бірден айырылысқысы келетінін айтып, одан әрі дау көтереді. Қит етсе «ажырасып, кетемін»-ге басатын жұбайыма не деймін? Кейде бетінен осып жібергім келеді. Әттең дәтім бармайды. Ата-анам өте жуас, жүректері кең адамдар. Келіндеріне шаң жуытқысы келмейді. Ол оның қадірін мүлде түсінбейді екен. Соңғы күндері жұмыстан тым кеш келіп жүр. «Бастық жұмысты үйіп берді. Тұтқаны көтере алмадым. Уақытым жоқ». Өз басым жақсы жерде жұмыс істеймін. Әкем екеуіміз отбасымызды асырауға қауқарымыз жетеді. Тек келіндерінің үйде отырып іші пыспасын, қарайып қалмасын деп жұмысына кедергі келтірген жоқ. Тіпті, өздері «жұмысыңды тастама» деп айтып отыратын. Ендігі келіндерінің қылығы үшін мен ұяламын. Түннің жарымында келіп, не ата-енесінің не менің көңіліме қарайтын жайы жоқ. Бұл мәселені шешу керек деп сөзге тартсам, басым бәлеге қалады. Қанша айтсам да қояр емес, «ажырасайық, үйден кетемін» деуге дайын тұрады. Ол үшін менің қадірім болмағаны ма? Ешқандай махаббат та сезім де жоқ. Осы күнге дейін бәрі жалған болған ба? Әйеліммен ажырасқым келмейді, оған деген сезімім бар. Оған қоса ата-анамның жағдайын ойлаймын. Осының бәрін көре тұра олар да іштей күйінетін шығар…